- Блогтар
- Әбілқасымова М.Е.
Әбілқасымова М.Е.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы
Зейнетақы жинақтарын жеке басқаруға беру туралы
Құрметті қазақстандықтар!
2 қаңтарда Қазақстан Президенті азаматтарға зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік беретін заңға қол қойғанын білесіздер. Халықтан келіп түсіп жатқан сұрақтарды ескере отырып, зейнетақы активтерін жеке компанияларға сенімгерлік басқаруға беру тетігін түсіндіріп бергім келеді.
Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру құқығын зейнетақы жасына жетпеген және «ең төмен жеткіліктілік шегінен» асатын зейнетақы жинақтары бар салымшылар, сондай-ақ сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитеті шарттарын жасаған азаматтар пайдалана алады.
Зейнетақы жинақтарын аудару тетігі қандай?
Салымшы инвестициялық портфельді басқарушылар тізбесімен және олар ұсынатын инвестициялық декларациялармен БЖЗҚ-ның интернет-ресурсында таныса алады, содан кейін басқарушы компанияны өзі таңдайды.
Зейнетақы жинақтарын аудару үшін сіз өтінішпен БЖЗҚ-ға жүгінуіңіз қажет, өтінішті БЖЗҚ-ға жеке барып не зейнетақы қорының сайты арқылы электрондық түрде беруіңізге болады. «Жеткіліктілік шегі» тексерілгеннен кейін ақша сіз таңдаған компанияның шотына 30 күннің ішінде түседі. Зейнетақы жинақтарының қалған бөлігі Ұлттық Банктің басқаруында қала береді.
Басқарушы компанияларға қандай талаптар қойылады?
Зейнетақы активтерін басқарушылар инвестициялық портфельді басқаруға лицензиясы бар және өздерін тиімді басқарушылар ретінде көрсеткен, нарықта жұмыс тәжірибесі бар жұмыс істеп тұрған компаниялардың ішінен іріктеледі. Бұл компанияларға қосымша лицензиялар алу қажет емес.
Басқарушы компанияда шығындарды өтеу үшін меншікті капиталының жеткілікті мөлшері болуға тиіс. Капиталдың мөлшері оның басқаруындағы зейнетақы активтерінің көлеміне байланысты.
Жоғарыда аталған талаптардан басқа клиенттердің активтерін басқару тәжірибесінің және соңғы бірнеше жылдың қорытындылары бойынша қаржы-шаруашылық қызметтің оң нәтижелерінің болуы негізгі талаптар болады. Сондай-ақ меншік иелерінің құрылымында қажет болған жағдайда компанияны капиталдандыруға қабілетті ірі акционердің болуы қажет.
Бұдан басқа, компанияларда пруденциялық нормативтерді бұзу фактілері, орындалмаған қадағалап ден қою шаралары не Агенттік тарапынан қолданылған санкциялар, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығында жосықсыз әрекет ету фактілері болмауға тиіс.
Зейнетақы активтерін беру қағидалары келісілгеннен кейін сандық және сапалық өлшемдерге сәйкес келетін компаниялардың тізімі Агенттіктің ресми сайтында орналастырылады және ай сайынғы негізде жаңартылады.
Егер компаниялар талап етілетін өлшемдерді бұзған жағдайда, оларға кемшіліктерді жою үшін уақыт беріледі, қажет болған жағдайда, қадағалап ден қою шаралары немесе санкциялар қолданылады.
Салымшылардың жеке басқарушы компанияларға берілген зейнетақы жинақтарын алу мүмкіндігі бар ма?
Салымшы өзінің зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияға аударған кезде оның өз жинақтарын басқа басқарушы компанияға аудару не Ұлттық Банктің басқаруына қайтару құқығы сақталады.
Салымшы зейнетақы жасына жеткенге дейін 10 күн бұрын жеке басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтары кесте бойынша зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, зейнетақы аннуитеті шартын жасасу мақсаттары үшін немесе заңнамада көзделген өзге де мақсаттарға БЖЗҚ-ға қайтарылуға тиіс.
Мынаны білген маңызды: салымшы өзінің зейнетақы жинақтарын басқаруға бере отырып, басқарушы компания айқындаған, оның инвестициялық декларациясында белгіленген инвестициялық стратегиямен келіседі.
Бүкіл кезең бойы салымшылардың өз жинақтарын жылына бір реттен жиі емес басқа басқарушы компанияға аудару не зейнетақы жинақтарын жеке басқарушы компанияға сенімгерлік басқаруға бастапқы бергеннен кейін екі жылдан соң Ұлттық Банктің басқаруына кері қайтару құқығы сақталады.
Инфляция деңгейі ескеріле отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік беріле ме?
Салымшылар өздерінің зейнетақы активтерін басқаруға қатысуға, өзінің зейнетақы жоспарын құруға, өз жинақ ақшасын инвестициялаудың баламалы саясатын таңдауға және тәуекел дәрежесінің деңгейіне сәйкес келетін кірістілік алуға құқылы. Инвестициялық стратегияны таңдай отырып, салымшы өзіне инвестициялық тәуекелдерді де қабылдайды. Осыған байланысты мемлекет кепілдігі басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруға қабылданған зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен ауыстырылды.
Бағаланатын кезеңнің қорытындысы бойынша теріс айырма туындаған жағдайда, басқарушы салымшыға осы айырманы меншікті капиталының есебінен өтеуге тиіс болады.
Зейнетақы активтері бойынша ең төменгі кірістілік және орташа алынған кірістілік көрсеткіштері ай сайын есептеліп, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми сайтында жарияланатын болады.
Жеке басқарушы компаниямен өзара іс-қимыл кезінде салымшылардың мүдделерін кім қорғайды?
Басқарушы компаниялар қатынастарды өздері мен БЖЗҚ арасында жасалатын шарт негізінде, салымшылардың мүдделерін қорғайтын ұйым ретінде реттейді.
Шартқа сәйкес БЖЗҚ салымшылардың мүдделерін білдіретіндігін ескере отырып, олардың мүдделерін қорғауды да БЖЗҚ жүзеге асыратын болады.
Өз кезегінде, Ұлттық Банк пен Агенттік өз құзыреті шегінде салымшылардың мүдделерін қорғайды.
Сенімгерлік басқаруға берілген салымшылардың зейнетақы жинақтары қайда және қалай сақталады және есепке алынады? Басқарушы компания лицензиясынан айырылған не таратылған жағдайда салымшылардың активтері не болады?
Сенімгерлік басқаруға берілген зейнетақы активтері басқарушы компаниямен үлестес емес кастодиан банкте ашылған БЖЗҚ шотында есепке алынып, сақталады.
Кастодиан банктің негізгі міндеттерінің бірі зейнетақы активтерінің мақсатты пайдаланылуын және зейнетақы активтерінің есебінен сатып алынатын қаржы құралдарының заңнама талаптарына және басқарушы компанияның инвестициялық декларациясына сәйкестігін бақылауды жүзеге асыру болып табылады.
Салымшылардың әрқайсысының зейнетақы жинақтарын жеке есепке алуды қамтамасыз ету мақсатында БЖЗҚ салымшылардың жеке зейнетақы шоттары бөлігінде өзінің ақпараттық жүйесінде жеке басқаруға берілген зейнетақы жинақтарын есепке алуды жалғастырады.
Басқарушы компания өзінің зейнетақы активтерін ішкі есепке алу жүйесінің деректерін кастодиан банктің және БЖЗҚ деректерімен сәйкестігіне үш жақты кастодиан шартында белгіленген кезеңділікпен (күн сайын, апта сайын және ай сайын) үш жақты салыстыруды жүргізетін болады. Бұл кастодиан шартының әрбір тарапының зейнетақы активтерін есепке алудың айқындылығы мен шынайылығын қамтамасыз етеді және тиісінше салымшылардың зейнетақы активтерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
Басқарушы компания лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған немесе лицензиясынан айырылған жағдайда, кастодиан банкте сақтауда тұрған зейнетақы активтері БЖЗҚ-ның Ұлттық Банктегі кастодиан шотына қайтарылады.
Қаражатты басқарушы қорға беру кезінде табыс салығы салына ма?
Салымшының өзінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке басқарушы компанияға басқаруға аударуы біржолғы зейнетақы төлемін алуға жатпайды, себебі жеке басқаруға берілуге тиіс зейнетақы жинақтары БЖЗҚ жүйесінде қалады.
Осылайша, жеке басқаруға берілген зейнетақы активтерін жеке басқаруға беру сәтінде табыс салығы салынбайды.
Жеке басқарушы компаниялар салымшылардың зейнетақы жинақтарын қайда салады? Басқарушы компаниялардың инвестициялық саясатына қандай да бір шектеулер бар ма?
Иә, Агенттік жеке басқарушы компаниялар зейнетақы активтерін олардың кредиттік сапасын ескере отырып инвестициялай алатын қаржы құралдарының тізбесін айқындады.
Бұл тізбе Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздарын, қазақстандық, сондай-ақ шетелдік ұйымдар шығарған үлестік және борыштық мемлекеттік емес бағалы қағаздарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі және бейрезидент-банктердегі салымдарды қамтиды.
Портфельді әртараптандыру мақсатында зейнетақы активтерін: бір ұйым және оның үлестес тұлғалары шығарған бір қаржы құралдары шығарылымына, қаржы құралдарына, сондай-ақ шетел валютасында номинирленген қаржы құралдарына инвестициялау лимиттері белгіленген.
Бұл ретте зейнетақы активтерін инвестициялау стратегиясын басқарушы компанияның өзі айқындайтын болады.
Зейнетақы активтерінің бір бөлігін басқарғысы келетін басқарушы компаниялар үшін қандай комиссия белгілеу жоспарлануда?
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы заңының 53-бабында белгіленген зейнетақы активтерін басқарғаны үшін инвестициялық портфельді басқарушының комиссиялық сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық кірістің 7,5%-нан аспайтын шекте белгіленеді.
Комиссиялық сыйақының нақты шамасы инвестициялық портфельді басқарушы мен БЖЗҚ арасында жасалған зейнетақы активтерін басқару туралы шартта белгіленеді.
Қазіргі кезде зейнетақы активтерін жеке басқарушы компанияларға беру мәселелері жөніндегі қаулының жобасы келісудің соңғы сатысында тұр.
- 29.01.2021
- 362