- Блогтар
- Әбілқасымова М.Е.
Әбілқасымова М.Е.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы
ИПҚ – инвестициялаудың кеңінен таралған құралы
Құрметті қазақстандықтар!
Бұл мақалада депозиттерге жақсы балама бола алатын құрал – ИПҚ туралы айтқым келеді.
ИПҚ неліктен инвестициялаудың танымал құралы болуда?
Инвестициялық пай қоры (ИПҚ) – түрлі инвесторлардың қаржы құралдарына: акцияларға, облигацияларға, жылжымайтын мүлікке немесе басқаларына ұжымдық түрде салған ақшасының жиынтығы. Сіз осы портфельдегі үлесті – пайды не бірнеше пайды сатып ала аласыз, олардың саны пайдың бағасы мен сіз салған сомаға байланысты. Пайды сатуға, сатып алуға немесе кепілге салуға болады, біраз уақыт өткен соң сіз өз пайыңызды сатып алған бағаңыздан қымбатырақ сатып, табыс аласыз.
ИПҚ-ға инвестициялау үшін іргелі білім мен тәжірибенің қажет жоқ, өз активтеріңізді басқарушы компанияға сеніп тапсырсаңыз болғаны. Әр ИПҚ-ның кіріс алуға бағытталған өз инвестициялық стратегиясы бар. Мәселен, ИПҚ-ның инвестициялық стратегиясы консервативті (көбіне мемлекеттік бағалы қағаздарды және инвестициялық рейтингі бар ұзақ мерзімді облигацияларды сатып алу), агрессивті (көбіне инвестициялық рейтингі жоқ акцияларды, облигацияларды, пайларды, туынды қаржы құралдарын және т.б. сатып алу) және қалыпты (тәуекелі төмен активтерден де, кірістілігі жоғары бағалы қағаздардан да тұрады) болуы мүмкін.
Қазақстандықтар ИПҚ-ға қалай инвестициялайды?
Қазіргі уақытта Қазақстандағы ИПҚ саны – 35. Олардың активтерінің жалпы құны – 234 млрд теңге, олар 13 басқарушы компанияның басқаруында. Статистика деректері бойынша халықтың ИПҚ-ның бағалы қағаздарын сатып алуға деген қызығушылығы өсуде. 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылдың өзінде ИПҚ-ға инвестициялаған адамдар саны 40%-ға өскен, ИПҚ активтерінің көлемі 106%-ға артты, ал KASE-де ИПҚ бағалы қағаздарымен операциялар көлемі 22 есе өсіп, 20 млрд теңгені құрады.
Қазақстан қор биржасының деректеріне сәйкес, инвесторлардың негізгі санаттарына қатысты ИПҚ-ның бағалы қағаздармен барлық айналымының 53,4%-ы жеке тұлғаларға, 28,9%-ы – брокерлерге-дилерлерге, 16,9%-ы – заңды тұлғаларға, 0,8%-ы – институционалдық инвесторларға тиесілі.
Қазақстанда ИПҚ басқаруды лицензиясы бар субъектілер ғана жүзеге асырады және ҚР-ның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі реттейді.
ИПҚ-ның өнімін таңдаған инвестор қандай басымдық алады?
Біріншіден, бұл қолжетімділік: кез келген сомадан бастап инвестициялауды бастауға болады, бұл ретте кейбір қорлар кіру үшін ең аз сома белгілейді.
Сараптаманың маңызы зор: сіздің ақшаңызды бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары басқарады, тиісінше, сізді Қазақстан Республикасының заңнамасы қорғайды.
Ең негізгісі – бұл кірістілік. Қорға салымдардан түскен пайда, банк салымдарына қарағанда, белгілі кірістілікпен шектелмеген және ИПҚ-ның инвестициялық портфелі құнының өсуіне және оның инвестициялық стратегиясына байланысты. Бұл ретте ықтимал зиянға байланысты инвестициялық тәуекелдерге пайшы өзі жауап береді.
ИПҚ-ға жеңілдікпен салық салу қолданылады: жеке тұлғалар үшін ашық немесе аралық ИПҚ-ның пай құнының өсіміне салық жоқ.
Айқындылық: ИПҚ туралы ақпарат басқарушы компаниялардың ресми сайттарына және Агенттіктің сайтына орналастырылады.
Портфельді әртараптандыру: ИПҚ түрлі салалар мен индекстер бойынша әртараптандырылған инвестициялық портфельді жинау мүмкіндігін береді.
ИПҚ негізгі түрлері қандай?
Бүгінгі таңда заңнамада ИПҚ-ның негізгі үш түрі бар:
1) ашық (АИПҚ) - бұл пайларды кем дегенде екі аптада бір рет сатып алуға және сатуға болатын қорлар.
2) аралық қорлардың (АРИПҚ) ашық қордан айырмашылығы сатып алу және сату күні белгілі бір уақыт кезеңінде (аралықта), негізінен жылына бірнеше рет жүргізілетіндігінде;
3) жабық қорлар (ЖИПҚ) қор құрылған кезде ғана пайларды сатып алуға, ал қор жабылған кезде оларды сатуға мүмкіндік береді, осылайша мұндай инвестициялау ұзақ мерзімді келешекте нәтиже беруі мүмкін.
Қазіргі уақытта қор нарығында бір АИПҚ, 20 АРИПҚ және 14 ЖИПҚ тіркелген.
Қазақстан қор биржасы айналымындағы ИПҚ ең танымал түрі АРИПҚ болып табылатынын атап өткім келеді (KASE-де листинген 12 АРИПҚ өтті).
ИПҚ-дан қанша ақша табуға болады?
2020 жылы KASE-де листингтен өткен ИПҚ-тың орташа кірістілігі 14,8%-ды құрады. ИПҚ туралы толығырақ ақпарат басқарушы компаниялардың сайттарында көрсетілген.
ИПҚ-ға инвестициялауды қалай бастауға болады?
1-қадам - Қанша уақытқа және қандай мақсаттарға инвестициялағыңыз келетінін анықтап алыңыз.
2-қадам - Инвестицияланатын соманы белгілеңіз, уақытша шығындар туындаған жағдайда, қандай сома сізге одан әрі алаңдатушылық туғызбайтындығын анықтаңыз.
3-қадам - Инвестициялық пай қорларын салыстырыңыз, басқарушы компанияның инвестициялық стратегиясымен, ИПҚ портфелінің құрылымымен танысыңыз.
4-қадам - Сіз сол немесе басқа ИПҚ пайларын сатып алғыңыз келетін брокерді таңдаңыз.
5-қадам - ИПҚ сатып алғаннан кейін және бір ай бойы ұстағаннан кейін инвестицияның тиімділігін бағалауды жүргізіңіз.
- 01.02.2021
- 375