- Блогтар
- Нұртлеу М.Ә.
Нұртлеу М.Ә.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі
СІМ-де Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі күшейту жоспары талқыланды
Астана, 2024 жылғы 21 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Германия Федеративтік Республикасының Елшісі Моника Иверсенмен кезекті кездесу өткізді.
Сұхбат барысында тараптар саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегін талқылап, халықаралық және өңірлік күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.
Р.Василенко Германиямен байланыстар соңғы жылдары айтарлықтай белсендірілгенін атап өтті. 2023 жылы өткен және екіжақты қарым-қатынастардың бүкіл кешеніне жаңа мағына берген ГФР Федералдық президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің Қазақстанға мемлекеттік сапары мен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Берлинге ресми сапарының маңыздылығына ерекше назар аударылды. Бұл тұрғыда Министрдің орынбасары Астана мен Берлин арасындағы диалогты аса жоғары және жоғары деңгейлерде одан әрі қолдауға бейілділігін растады.
Тараптар Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобы, Қазақстанда тұратын этникалық немістердің мәселелері жөніндегі үкіметаралық комиссиясы сияқты Қазақстан-Германия әріптестігінің институционалдық механизмдерінің жемісті қызметін, екі елдің сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультацияларының тұрақты ұйымдастырылуын құптады.
Р.Василенко Қазақстан тарапының өнеркәсіп және жасыл энергетика, мұнай және газ, ауыл шаруашылығы және экология салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілігін атап өтті.
Тараптар сауда-инвестициялық әріптестікті кеңейту мәселесіне ерекше назар аударып, екіжақты сауданың оң динамикасын атап өтті. Осылайша, 2023 жылы ҚР мен ГФР арасындағы сауда айналымы өткен жылмен салыстырғанда 1,1 млрд АҚШ долларына өсіп, 3,9 млрд АҚШ долларын құрады (экспорт – 742,3 млн, импорт – 3,2 млрд).
Германия – Қазақстанның маңызды инвестициялық әріптесі. 2005 жылдан бері Германиядан Қазақстанның экономикасына шамамен 5,8 млрд АҚШ доллары тартылды. ҚР Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, 2020-2023 жылдары кезеңінде Германиядан Қазақстанға тікелей инвестициялар 5,8 есе өсіп, 47,3 миллионнан 273,8 миллионға дейін ұлғайды.
- 22.02.2024
- 112