- Блогтар
- Нысанбаев Е.Н.
Нысанбаев Е.Н.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі
Космомониторинг және экологиялық айыппұлдар
ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысындағы «Тұрмыстық қатты қалдықтармен тиімді жұмыс істеу туралы» баяндамасы аясында космомониторингтің нәтижелеріне ерекше тоқталдым.
2023 жылғы ғарыштық мониторинг қорытындысы бойынша (2024 жылғы 30 қаңтардағы жағдай бойынша) 5 534 қалдықтарды рұқсат етілмеген орынға орналастыру фактісі анықталды, әкімдіктер оның 86%-ын (4716 қоқыс үйіндісі) жойды.
2018 жылдан бастап қалдықтарды орналастыру орындарының ғарыштық мониторингін жыл сайын «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ 1 наурыздан 30 қыркүйекке дейінгі кезеңде жүргізеді. 2018 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін елді мекендерді ғарыштық мониторингпен қамту аймағы 16-дан 39-ға дейін ұлғайды (аудандар, қалалар).
Ғарыш мониторингі 39 қызығушылық аймағы бойынша жүргізіледі: Астана, Алматы, Шымкент, Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Тараз, Түркістан, Сарыағаш, Жетісу, Қызылорда, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Семей, Лисаковск, Қаратау, Шу, Қарқаралы, Хромтау, Арқалық, Екібастұз, Жітіқара, Ридер, Құлсары, Ақсай, Степногорск, Қапшағай, Жаңаөзен қалалары, Бурабай, Саты, Баянауыл ауылдары.
Деректер KazSat-1 отандық ғарыш аппаратының түсіріліміне байланысты ұсынылады.
Құқық қорғау органдары, әкімдіктер және басқа да мүдделі тараптармен бірлескен жұмыс нәтижесінде соңғы төрт жылда рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері санының азаюы байқалады. Мәселен, 2020 жылы – 8884 үйінді анықталды, оның 5823 – і жойылды (66%), 2021 жылы анықталған 7328, жойылғаны 6740 (92%), 2022 жылы анықталғаны 5 683, жойылғаны 4331(77%).
Ел бойынша полиция және экология департаменттері қызметкерлерінен құралған мобильді топ 63 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін – 17 030 (ӘҚБтК 434-2-бабы бойынша), абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін – 26 726 (ӘҚБтК 505-бабы).
2021 жылы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі ҚР Ішкі істер министрлігімен қалдықтарды заңсыз орналастырудың жолын кесу жөнінде бірлескен бұйрықты бекітті, оның аясында бірлескен мобильді топтар қалдықтарды заңсыз тасымалдау және осы саладағы экологиялық заңнаманы бұзу фактілерін анықтауға бағытталған рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптарды бұзғаны үшін (қалдықтарды жинақтау, жинау, тасымалдау, есепке алу, қалпына келтіру, жою және залалсыздандыру бойынша) экология департаменттері 2022 жылы 194 лауазымды тұлғаны жалпы сомасы 17,8 млн теңгеге (әкімдер мен әкімдердің орынбасарлары), 2023 жылы 152 лауазымды тұлғаны жалпы сомасы 17,3 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Өңірлердегі жағдайды жақсарту бойынша коммуналдық қалдықтарды басқару, оның ішінде рұқсат етілмеген үйінділердің пайда болуына жол бермеуге қатысты жүйелі шаралар аясында мынадай жұмыстар жүргізілуде.
Экология кодексіне сәйкес қалдықтарды мемлекеттік реттеу, атап айтқанда қауіпті қалдықтарды қалпына келтіру және жою саласындағы қызметті лицензиялау, сондай-ақ қалдықтардың барлық түрлерін жинауды, сұрыптауды, тасымалдауды, қауіпті емес қалдықтарды қалпына келтіруді және (немесе) жоюды жүзеге асыратын субъектілер үшін хабарлама жасау тәртібі жүргізілді.
Бүгінгі таңда қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу бойынша лицензияны 163 ұйым алды, ал хабарлама режимі аясында қызметті 1 200-ден астам кәсіпкерлік субъектілері жүзеге асырады.
Барлық қалдықтарды шығарушылар тек қалдықтарды басқару саласындағы мамандандырылған ұйымдармен жұмыс істеуі керек екенін атап өткім келеді, нарыққа заңды қатысушылардың тізімі eGov.kz порталында және біздің ведомствоның сайтында орналастырылған.
- 01.03.2024
- 241