- Блогтар
- Сапаров А.C.
Сапаров А.C.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі
Қазақстанда ет қоры жеткілікті
2020 жылдың соңына қарай Қазақстанда ет өндіру көлемі тұтыну деңгейіне дейін жеткізілді. Қазір нарықта көптен күткен ет өнімдеріне сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі қалыптасты.
Өткен жылы республикада 931,4 мың тонна ет (2019 жылға қарағанда 3,7%-ға артық), оның ішінде 521,3 мың тонна сиыр еті, 172,3 мың тонна қой еті және 143 мың тоннаға жуық жылқы еті өндірілді.
Осылайша, қазіргі уақытта отандық өндіріс есебінен ішкі нарық сиыр етімен – 97%-ға, қой етімен – 100%, жылқы етімен – 98%-ға қамтамасыз етілген.
Бүгінде республика бойынша сиыр етінің қоры – 16,5 мың тоннаны, қой етінің қоры – 7,8 мың тоннаны, жылқы етінің қоры – 7,3 мың тоннаны құрайды. Өңірлердегі қоймалар үнемі толықтырылып отырады, сондықтан елімізде ет тапшылығы күтілмейді.
Сондай-ақ, Қазақстанда мал саны жеткілікті. Елімізде мал басы жыл сайын тұрақты өсімді көрсетуде. Бұған мал өсірушілерге деген мемлекеттік қолдау шараларының артуы, сондай-ақ өткен жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тірі малды экспорттауға енгізген мораторийы ықпал етті.
2020 жылы шаруашылықтардың барлық санаттарында жылқы саны 9,3%-ға (3 млн 118,3 мың басқа дейін), ІҚМ – 5,5%-ға (7 млн 848,5 мыңға дейін), түйе – 5%-ға (227,2 мыңға дейін), шошқа – 0,8%-ға (819,9 мыңға дейін), қой – 4,9%-ға (17,7 млн-ға дейін), ешкі – 2,8%-ға (2 млн 305,6 мыңға дейін) ұлғайды.
Осыған байланысты ет бағасының өсуі өндірістің немесе мал басының жетіспеушілігіне байланысты емес.
Нарықтық экономика жағдайында ауыл шаруашылығы өніміне және тауарлардың басқа түрлеріне бағаны кәсіпкерлер өндіріс, сақтау, тасымалдау кезінде жұмсаған шығындарды ескере отырып, сұраныс пен ұсыныс негізінде дербес белгілейтінін атап өту қажет.
Сонымен қатар, бағаға сыртқы фактор – көрші елдер мен халықаралық нарықтардағы ұқсас өнімдер бағасының өзгеруі де әсер етеді.
- 05.02.2021
- 302