- Блогтар
- Сыздықбеков Ғ.Ә.
Сыздықбеков Ғ.Ә.
Шымкент қаласының әкімі
БАЛАЛАР ТЕМІР ЖОЛЫНЫҢ БОЙЫ ЖАҢА СЕРУЕН АЙМАҒЫНА АЙНАЛАДЫ
Бүгін қала әкімі Ғ.Сыздықбеков журналистермен бірге А.Асқаров атындағы дендробақтан бастау алған балалар темір жолы бойын аралап, жаңа серуен аймағының тұжырымдамасын таныстырды.
Шымкенттіктер демеушілер тарапынан жүзеге асырылып жатқан көптеген жобалардың игілігін көруде. Қаладағы балалар пойыз жолының бойы да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жаңғыртылады. Жобаға сәйкес веложол, жүгіру жолдары, бірнеше воркаут алаңдары салынып, жан-жағы көгалдандырылады. Жаңа серуен аймағын 1-маусымда пайдалануға беру жоспарлануда.
Айта кетерлігі, нысан реконструкциясы қомақты қаржыны қажет етеді. Себебі, мұндай локомотивтер нарықтан табылмайды, арнайы тапсырыс қымбатқа түседі.
Серуен аймағы туралы шешімді қабылдауда осындай жағдайлар ескерілді. Демеушілер тарапынан салынатын жаңа серуен аймағы халықтың сүйікті алаңына айналады. Жалпы, қалада шешімін күткен өзге де өзекті мәселелер көп. Көпқабатты үйлердегі ыстық су, ауыз су, ирригация және канализация жүргізілмеген аудандар жетерлік. Қала бюджетін осындай халыққа аса қажет жобаларға жұмсаймыз, - деді Ғабит Сыздықбеков.
Арғынбеков-Бәйдібек би жол айрығын салу кезінде темір жолдың бір бөлігі бұзылғанын ескерген қала басшысы жауаптыларға жаяу жүргіншілер жолын ыңғайлы етіп салуды тапсырды. Ал екі станса орны кәсіпкерлерге беріліп, ескі локомотив естелік ретінде сақталады. Ағаштары бүлініп, жолдары кедір-бұдыр болып, қараусыз қалған аумақ енді заманауи үлгідегі серуен аймағы ретінде пайдалануға беріледі.
Бұл бағыттағы барлық жұмыстар қала әкімінің жеке бақылауында.
Сонымен қатар, мегаполис басшысы мен журналистер Тәуке хан даңғылындағы жаяу жүргіншілер тротуарларының жағдайымен танысты. Қала тұрғындары қыс мезгілінде тротуар плиталарының қозғалысқа қауіптілігіне бірнеше рет шағымданды.
Тұрғындардың шағымдарын ескере отырып, сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға қатысқандардың 90% - ы тротуар плиталарын асфальт төсемімен ауыстыруды қолдаған.
Осыған байланысты қала әкімі жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларды асфальттеу бойынша шешім қабылдады.
- 16.05.2024
- 191