- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Жақыпова Парламент депутаттарына Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ҚР Парламенті жанындағы Қазақстан Республикасындағы орнықты даму мақсаттарының іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі комиссияның отырысына қатысты. ЕХӘҚМ басшысы алға қойылған міндеттерге қол жеткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады.
Светлана Жақыпова өз сөзінде БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары (бұдан әрі – ОДМ) мен ESG қағидаттары (экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық факторлар) бір-бірімен тығыз байланысты екенін, бұл тұрақты болашақты қамтамасыз ету жөніндегі бірыңғай жаһандық стратегияның екі аспектісін білдіретінін атап өтті.
2015 жылы БҰҰ қабылдаған ОДМ кедейлікті жоюға, планетаны қорғауға және 2030 жылға қарай әл-ауқатты қамтамасыз етуге бағытталған 17 мақсатты қамтиды. ESG өз кезегінде компаниялар мен инвесторлар осы мақсаттарға жетуге қосқан үлестерін өлшеп, басқара алатын әдістемелік құрал ретінде қызмет етеді.
«Соңғы жылдары Қазақстан өзінің тұрақты дамудың мемлекеттік стратегиясының негізгі элементі ретінде ESG қағидаттарын белсенді енгізуде және ілгерілетуде. Мемлекеттің Қазақстандағы ESG-ге әсері компанияларды неғұрлым жауапты және ашық бизнес жүргізуге ынталандыруға бағытталған бірқатар бастамалар мен заңнамалық шаралар арқылы көрінеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – ЕХӘҚМ) еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қамсыздандыруды жақсартуға бағытталған саясатты қалыптастыру және іске асыру арқылы ESG қағидаттарын ілгерілетуде шешуші рөл атқарады. Біздің 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарымыз аясында Министрлік әділ және қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етуге, жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған 5 стратегиялық бағыт бойынша: цифрландыруды тереңдету, атаулы әлеуметтік қолдауды күшейту, азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек қатынастарын дамыту, сақтандыру жүйесін дамытуға бағытталған нормативтік базаны құруға және бастамаларды іске қосуға қатысады. Бұл бағыттар «адамдар» блогының орнықты дамуының барлық 5 мақсатына, соның ішінде кедейлікті жоюға, аштықты жоюға, денсаулық пен әл-ауқатқа, сапалы білім мен гендерлік теңдікке қатысты», – деп атап өтті министр.
ЕХӘҚМ басшысы ведомство процестерді оңтайландыруға және әлеуметтік қорғау мен еңбек қатынастарының неғұрлым ашық әрі қолжетімді жүйесін құруға бағытталған инновациялық технологияларды енгізу бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Светлана Жақыпова Министрлік жүзеге асырған бірқатар жобалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
«Отбасының цифрлық картасы (бұдан әрі – ОЦК) – халықтың неғұрлым осал санаттарына жедел, проактивті мемлекеттік қолдау көрсетуге бағытталған өте маңызды жоба. Қазіргі уақытта ОЦК мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Осы инновациялық платформаның жұмысы басталған сәттен бастап қазақстандықтар 1 миллионнан астам әлеуметтік қызмет алды.
Жоба аясында халықтың осал топтарын диагностикалау әдістемесін құру, отбасылардың әл-ауқатының индикаторларын, жаңа, белсенді қызметтердің жұмыс алгоритмдерін әзірлеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Әдістеме өңірлер, уақыт кезеңдері бөлінісінде әлеуметтік тәуекелдері бар отбасылар бөлігінде мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерінің болжамдарын жасауға мүмкіндік береді.
ОЦК негізгі функционалы – қиын өмірлік жағдайға әкелетін әлеуметтік тәуекелдердің алғышарттарын немесе басталуын анықтау үшін «сигналдарды» талдау. Жиынында жүйе түрлі мемлекеттік органдардың 24 дерекқорының 80-нен астам әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін пайдаланады», – деді министр.
ESG маңызды компоненттерінің бірі – жұмыскерлер қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету. Еңбекминінің бұл бағытында ағымдағы ахуалды және еңбекті қорғауды басқару саласындағы әлемдік үрдістерді факторлық талдау негізінде жұмыскерлердің еңбек жағдайларын жүйелі жақсартудың жаңа тәсілдерін көздейтін Қазақстан Республикасының 2024-2030 жылдарға арналған қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы іске асырылуда.
«Адам ресурстарын үнемдеуді қамтамасыз ету үшін біз жаңа әдіснамалар мен проактивті цифрлық құралдарды әзірлей отырып, тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін кешенді жаңғыртуды жүргізіп жатырмыз.
Еңбекті қорғауды қамтамасыз ететін негізгі құрал Кәсіпорынның еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы болады. Бұл жоба заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып, қазақстандық кәсіпорындардағы еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған инновациялық бастама болып табылады. Жобаның негізгі мақсаты – еңбек жағдайларын кешенді және ашық басқаруды қамтамасыз ету, бұл өндірістік жарақат алу қаупін азайтуға және қызметкерлер үшін жалпы жұмыс жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді», – деді Светлана Жақыпова.
Ол Тұжырымдаманы іске асыру қорытындысы бойынша қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету бөлігінде жаңа тетіктер құрылатынын, бұл қазақстандық компанияларға орнықты даму мен корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктің халықаралық стандарттарын өздерінің бизнес-практикаларына біріктіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Дүниежүзілік банк пен Қазақстандағы Халықаралық еңбек ұйымы сарапшыларының белсенді қатысуымен еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде әлеуметтік-еңбек саласына «Сапалы жұмыс орындары» көрсеткіші енгізілді. Бұл Әділ еңбекақы, қауіпсіз жағдайлар мен кәсіби өсу мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін, орнықты даму мен әлеуметтік тұрақтылықты қолдауда маңызды рөл атқаратын жұмыс орындары. Бұл компоненттер ESG принциптерімен тікелей байланысты және жауапкершілікті және табысты бизнесті құрудың негізі болып табылады.
Сондай-ақ, Отбасының цифрлық картасындағыдай, қолда бар деректер көлемі өңірлер мен салалар бөлінісінде сапалы жұмыс орындары бойынша болжамдарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл жүйе жұмыспен қамту контекстіндегі мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың тиімділігін нақты бақылауға арналған құрал болып табылады. Жүйе өткен жылдың соңында әзірленді және пайдалануға берілді. Оның деректеріне сәйкес, 2023 жылы елімізде 2 млн-нан астам жұмыс орны сапалы болды, 2022 жылмен салыстырғанда өсім 198 мың жұмыс орнын құрады», – деді ЕХӘҚМ басшысы.
Светлана Жақыпова Еңбекмині мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін арттыру үшін жобаларды іске асыру және сапалы жұмыс орындарын құру мониторингі жүйесінің прототипі әзірленгенін айтты. Мұндай жүйені енгізу жобаларды іске асыру үшін іс жүзінде қажетті еңбек ресурстары жоқ өнім берушілерді алып тастауға, сондай-ақ өнім берушілерге ақпараттық жүйелер арқылы кейіннен мониторинг жүргізе отырып, жұмыс орындарын құру бойынша міндеттемелер қоюға мүмкіндік береді.
Әділ және қауіпсіз еңбек жағдайлары үкімет саясаты мен ESG принциптерінің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Қазіргі уақытта еңбек қатынастары декларациясында көптеген қиындықтар бар, соның ішінде бейресми еңбек қатынастарының болуы, кәсіпорынның штат саны, қызметкерлерге берілетін кепілдіктер мен жеңілдіктер туралы мәліметтердің болмауы.
«Жоғарыда аталған проблемаларды шешу үшін, біріншіден, еңбек шарттарын жасасудың цифрлық форматына көшу жоспарлануда. Заңның тиісті жобасы әзірленіп, биыл Парламенттің қарауына енгізіледі. Қазіргі уақытта пилоттық режимде электрондық форматта 3 мыңнан астам еңбек шарты жасалды.
Екіншіден, Еңбекмині ақпараттық жүйелердегі барлық жұмыс орындарын кодтауды жүргізумен еңбек қатынастары декларациясының функционалын іске асырады. Бұл құрал еңбек ресурстарының нақты есебін жүргізуге, жұмыс орындарының құрылуына, жұмыс орнындағы еңбек жағдайларына мониторинг жүргізуге, жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етуге, жұмыскерлердің кепілдіктерімен қамтамасыз етуге және т. б. мүмкіндік береді.
Үшіншіден, жеңілдетілген салық режимін және қарапайым тіркеу рәсімін енгізе отырып, платформалық жұмыспен қамтуды заңнамалық реттеу. Заңнамаға тиісті түзетулер Парламентте қаралуда», – деді Светлана Жақыпова.
Cөз соңында Министр айтылған шараларды іске асыру ESG қағидаттарына сәйкес Қазақстан экономикасының барлық салаларында ұлттық міндеттерге қол жеткізудің негізгі факторы болатынын атап өтті.
- 17.05.2024
- 216