- Блогтар
- Шаққалиев А.А.
Шаққалиев А.А.
ҚР Сауда және интеграция министрі
ҚР СИМ вице-министрі Ержан Қазанбаев 2021 жылы ішкі сауданы дамыту туралы айтып берді
Нұр-Сұлтан қаласы - 2021 жылғы 8 ақпан. Бүгін ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен Online форматта Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің 2020 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2021 жылға арналған міндеттер туралы кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Алқа барысында Министрліктің ішкі сауданы, сыртқы сауданы және интеграцияны дамыту, экспортты ілгерілету, сондай-ақ сауда қызметінде цифрландыруды дамыту үшін қажетті ортаны құруға бағытталған негізгі салалық бастамалары қаралды. Сонымен қатар, техникалық реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау салаларын дамыту мәселелері қаралды.
Алқа отырысына ҚР Президенті Әкімшілігінің, «Атамекен» ҰКП, ҚР СИМ жанындағы Қоғамдық кеңестің өкілдері, әлеуметтік-экономикалық реформалар саласындағы тәуелсіз экономистер, мүдделі мемлекеттік органдар, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту орталығы, және БАҚ қатысты.
Өз кезегінде, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев ішкі сауданың 2020 жылғы даму қорытындылары және 2021 жылға арналған міндеттер, сондай-ақ техникалық реттеу мен тұтынушылардың құқықтарын қорғауды дамытуда қабылданған реформалар туралы хабарлады.
Мәселен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны ұстап тұру бойынша өзекті мәселеде Министрлік әкімдіктермен бірлесіп тұрақты негізде баға мониторингі бойынша жұмыс жүргізуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 11%-ға өсті.
Ержан Қазанбаевтың айтуынша, бағаның ең жоғары өсуі импортқа тәуелді және экспортқа бағдарланған 5 тауарға тіркелді, үлесі 8,9%-ды құрады. Сонымен қатар, бағаны тұрақтандыру үшін Үкімет 9 тауар бойынша шекті бағаны белгіледі, 7 тауар экспортына тыйым салынды және 6 тауар әкетуге ай сайын квоталау енгізілді.
«Сонымен қатар, бағаны ұстап тұрудың ең тиімді нарықтық тетігі «айналым схемасы» бойынша жеңілдікті қарыздар беру болды. Егер 2019 жылы осы тетікке жергілікті бюджеттерден 2,1 млрд.теңге бөлінсе, 2020 жылы қаржы қаражаты 18,6 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды. Тұрақтандыру қорларында 31,5 мың тонна көлемінде азық-түлік қоры құрылды», - деп мәлімдеді Сауда және интеграция вице-министрі.
Ішкі сауданы дамытудың екінші маңызды құрамдас бөлігі техникалық реттеу саласын реформалау болды.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы тұтынушыларды қауіпсіз емес өнімнен қорғауға, мемлекеттік бақылау кезінде жедел ден қою тетігін енгізуге және сәйкестікті бағалау рәсімдерін жетілдіруге, сертификаттау процестерін цифрландыруға бағытталған жаңа редакциядағы «Техникалық реттеу туралы» Заң қабылданды.
«Аталған Заңның жаңалығы – субъектілерді бақылаудан объектілерді бақылауға көшу болып табылады. Осылайша, өндіруші немесе сатушы емес, өнімнің өзі тексеріледі. Ол үшін зертханалық сынақтар жүргізу мақсатында қауіпсіз емес өнімдердің үлгілерін іріктеу рәсімі енгізіледі», - деп хабарлады Ержан Қазанбаев.
Сонымен қатар, Министрліктің басым бағыты тұтынушылардың құқықтарын қорғау болып табылады. 2020 жылғы 25 маусымда «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң қабылданды, ол шағымдарды қараудың, оны беруден бастап жан-жақты қарауға дейінгі бірыңғай жүйесін құруға бағытталған. Заңның новеллалары дамыған елдердің тәжірибесін және тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін БҰҰ-ның басқару қағидаттарын ескере отырып әзірленді.
Ержан Қазанбаев кәсіпкерлер даулы жағдайларды болдырмауға мүдделі болатынын, ал олар туындаған жағдайда «осында және қазір шеш» қағидаты бойынша әрекет ететіндігін хабарлады. Министрлік «жазалау емес, түзету» қағидаты бойынша «қоғамдық» бақылауды енгізді. Сондай-ақ, кәсіпқойлар арасынан құқық қорғаушылардың рөлі қалыптасты, себебі тұтынушылық даудың нәтижесі дәл оның біліктілігіне, құзыреттілігіне және моральдық қағидаттарына байланысты.
Сонымен бірге, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап e-tutynushy.kz Бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылғанын атап өту қажет. Аталған платформа тұтынушылық талаптарды салалар мен даудың мәні тұрғысынан бақылауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні жүйеге кіру рұқсаты тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің барлық қатысушыларына берілген.
Сауда және интеграция вице-министрі 2021 жылға арналған ішкі сауданы дамыту міндеттерін атап өтті. Осылайша, Министрлік инфрақұрылым түрінде Ұлттық тауар өткізу жүйесін – көтерме-тарату орталықтарының желісін қалыптастыруды көздеп отыр, 24 КТО салу жоспарлануда».
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық тауар өткізу жүйесінің инфрақұрылымы 2,1 млн. тоннадан астам тауарларды, оның ішінде жеміс-көкөніс өнімдерін – 625,0 мың тонна, ет, балық, тауық етін – 300,0 мың тонна, бакалея – 700,0 мың тонна, өзгелерін – 520 мың тонна қабылдауды, сақтауды және ауыстырып тиеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. КТО номенклатурасы 20,0 мыңнан астам өнім атауын құрайды.
«Тауарларды таратудың аталған жүйесі өндірушілерге сату нарықтарына «алқаптан сөреге», ал тұтынушыларға сапалы өнімдерге еркін қол жетімділікті қамтамасыз етеді. Биыл Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Жамбыл және Павлодар облыстарында 7 КТО құрылысын бастау жоспарлануда», - деді Ержан Қазанбаев.
Бұдан басқа, КТО құрылысы жобасын іске асыруды 2021 жылы бастау, 2024 жылы 3 кезеңде аяқтау жоспарланып отыр: бірінші кезеңде 7 объект: 4 сақтау КТО және 3 тарату КТО. Екінші кезеңде, 2020 жылдың 5 қазанында басталған 7 объекті: 4 қойма КТО, 1 тарату КТО және 2 сауда КТО. Бастамалаудың жоспарланған мерзімі – 2021 жылғы көктем, үшінші кезеңде 10 объект: 7 қойма КТО, 1 тарату КТО және 2 сауда КТО. Бастаманы іске асырудың жоспарланған мерзімі – 2021 жылғы күз.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Министрлік биржалық сауда саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстарын бастады. Осы Заң жобасында тауар биржалары қызметінің талаптарын ұлғайту және ашықтығын арттыру, биржалық сауданы дамыту үшін бәсекелес орта мен жағдайлар жасау, сондай-ақ биржалық сауда көлемін ұлғайту көзделген.
Сауда және интеграция вице-министрі Е. Қазанбаев Техникалық реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жалғастырылатынын атап өтті. Техникалық реттеу және стандарттау саласындағы реформалардың екінші кезеңі «Сәйкестікті бағалау туралы» Заң жобасы болып табылады. Заң жобасының тұжырымдамасы халықаралық құқықпен және халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ ЕАЭО талаптарымен үндестіруді көздейді.
Вице-министрдің айтуынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында заңнамалық өзгерістердің екінші пакеті дайындалуда. Заң жобасы азаматтық қоғамның тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесіне тартылуын күшейтуге, омбудсмен институтын енгізуге бағытталатын болады. Омбудсмен тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін білдіретін, қамтамасыз ететін және қорғайтын болады .Ол өзіне азаматтық қоғамның «спикері» рөлін алады.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің
Баспасөз қызметі
Тел.: 8(7172)74-98-94
https://www.facebook.com/mtiqz/
https://web.telegram.org/#/im?p=@tradepolicyQZ
- 10.02.2021
- 216