- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Жақыпова тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Үкімет отырысында Қазақстанда халықты тұрақты жұмыспен қамту бойынша ведомство жүзеге асырып жатқан шаралар кешені туралы айтты.
ЕХӘҚМ басшысы сөз басында биыл қаңтарда барлық өңірлердің әкімдері өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекіткенін, оның негізінде 948 мыңнан астам азаматты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету жоспарланғанын еске салды. Бүгінгі күнде 352 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, бұл жалпы көрсеткіштің 37%-ы құрайды. Айта кету керек, оның 148 мыңы жастар.
«Жалпы, жыл басынан бері 137 мың азамат мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына, 97 мыңнан астам адам Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы шеңберінде, 103 мыңнан астамы – жұмыс берушілер ұсынатын бос жұмыс орындарына орналастырылды, сондай-ақ 16 мыңға жуық адам мемлекеттік субсидияланатын жобаларға жіберілді. Ұлттық жобалар мен салалық тұжырымдамалар аясында», – деді Светлана Жақыпова.
Министр өңірлік жұмыспен қамту карталарының жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша ең жоғары көрсеткіштер Абай (53%), Солтүстік Қазақстан (47%), Қызылорда (45%) және Жамбыл облыстарында (45%), ал ең төмен көрсеткіштер Ақтөбе облысында (30%) және Алматы қаласында (30%) байқалғанын айтты.
ЕХӘҚМ басшысы сапалы жұмыс орындарының санын арттыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы да айтты.
«Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді, оның шеңберінде сапалы жұмыс орындарын қамтамасыз ету үшін бәсекеге қабілетті, болжанатын және оңай бейімделетін еңбек нарығын құру жоспарланып отыр. Үш негізгі тетік қарастырылған: сапалы жұмыс орындарына сұранысты ынталандыру; адами капиталды дамыту; еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту.
Еңбек министрлігі өңірлер мен салалардағы сапалы жұмыс орындарын мониторингілеу жүйесін әзірлеп, қолдануда. Біздің деректеріміз бойынша, 2023 жылы Қазақстандағы сапалы жұмыс орындарының көрсеткіші 2,27 млн (2022 жылы – 2,07 млн) жетті, оның ішінде жаңа жұмыс орындарының саны 198 мыңды құрады. Сапалы жұмыс орындарының ұлғаюы Астана, Алматы қалаларына (11,9%) және Оңтүстік макроөңірге (10,3%) тиесілі», – деді Светлана Жақыпова.
Мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік жоспарлау жүйесін трансформациялау ұсынылады, бұл жобалардың іске асырылуына және сапалы жұмыс орындарын құруға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл шара, бір жағынан, жобаны іске асыру үшін іс жүзінде қажетті еңбек ресурстары жоқ өнім берушілерді жобадан шығаруға мүмкіндік береді, екінші жағынан, мемлекет басқа жұмыс берушілердің міндеттемелерін орындауын бақылауға мүмкіндік алады.
«Еңбек министрлігі осындай жүйенің прототипін әзірледі, бірақ оны одан әрі іске асыру үшін мемлекеттік сатып алуға, бюджеттік жоспарлауға және жобаларды іске асыруға қатысты нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажет болады», – деп толықтырды министр.
ЕХӘҚМ басшысы жастарды жұмыспен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы да баяндады.
«Студенттердің өндірістік практикасын өткізу үшін электрондық еңбек биржасында тиісті маркетплейс әзірленді және қазіргі уақытта оны тиімді іске асыру үшін жұмыс жүргізілуде.
Әрбір азамат өз мансабының траекториясын басқара алуы үшін Mansap compasy жүйесі әзірленді.
Халықаралық келісімшарттарға сәйкес шетелде жұмыс істегісі келетін жастар үшін Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарында дайындық курстарын ұйымдастыру орталықтарын ашу көзделеді.
Бүгінгі таңда техникалық мамандықтар бойынша мамандардың тапшылығын ескере отырып, аталған мамандықтар бойынша оқу орындарын бітірген адамдарды әскери борышын өтеуден босату туралы мәселені қарастыруды және колледждерде сержанттар құрамын даярлауға және әскери даярлықтан өтуге бағытталған әскери кафедралар ашуды ұсынамын», – деді Светлана Жақыпова.
Министр жұмыстың маңызды бағыттарының бірі еңбек қатынастары декларациясы екенін атап өтті. Бүгінгі күнде бейресми жұмысшыларды, компаниялардағы нақты штат санын, еңбек ұжымдарына берілетін әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді есепке алу мәселесі бар. Бұл халықты жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыруды, кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мониторингі бойынша жұмысты қиындатады.
«Бұл мәселені шешу үшін, біріншіден, еңбек шарттарын жасасудың цифрлық форматына көшу жоспарлануда. Пилоттық режимде электрондық форматта 3 мыңнан астам еңбек шарты жасалды.
Екіншіден, біздің министрлік электрондық штаттық кесте жобасын іске асыруда. Бұл ақпараттық жүйелердегі барлық жұмыс орындарын кодтайтын еңбек қатынастары декларациясының функционалы. Бұл құрал еңбек ресурстарын дұрыс есепке алуға, жұмыс орындарын құруға, еңбек жағдайларын қалыптастыруға, жеке қорғану құралдарымен және әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді ЕХӘҚМ басшысы.
Светлана Жақыпова өз сөзінде мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарының тиімділігін бағалау мәселесіне ерекше назар аударды.
«Өткен жылдардағы талдау нәтижелері субсидияланатын жұмыс орындарының арқасында әйелдер, жастар, ауыл тұрғындары және мүмкіндігі шектеулі жандар сияқты санаттарды жұмыспен қамту шараларымен қамтудың артқанын көрсетеді. Бюджеттің ұлғаюы, сондай-ақ тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша тиімділіктің төмендеуі байқалады.
Осыған байланысты Еңбек министрлігі бірқатар жұмыстар жүргізуде:
біріншіден, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын салалар мен өңірлердегі дамудың басым жобаларымен үндестіру.
екіншіден, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің тиімсіз шараларын оңтайландыру;
үшіншіден, дағдыларды дамыту және білім беру бағдарламаларын жетілдіру арқылы ұзақ мерзімді жұмысқа орналасуды жұмыс орындарын субсидияламай ынталандыру.
Сонымен қатар жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының тиімділігін мониторингтеу үшін біз геолокация және биометрия технологиялары негізінде құралдарды енгізетін боламыз», – деді министр.
Светлана Жақыпова сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында жұмысқа орналастыру нәтижелеріне негізделген мансап орталықтары мамандарының еңбегіне ақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу бойынша тұжырымдамалық тәсілдер әзірленгенін хабарлады.
«Жалақыны есептеудің ұсынылған тәсілі жұмыс нәтижелеріне сәйкес, яғни азаматтарды жұмысқа орналастыруға бағытталған мансап орталықтары қызметкерлерінің біліміне, іскерлігі мен дағдыларына байланысты «кейс-менеджмент» қағидатын енгізе отырып әзірленді. Пилоттық жобаны іске асыру үшін үш контрасты аймақ таңдалды: Түркістан, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстары», – деді ЕХӘҚМ басшысы.
Сөзі соңында Светлана Жақыпова жоғарыда аталған бағыттар бойынша жұмыс еліміздегі сапалы жұмыс орындарының санын ұлғайтуға және жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«2029 жылға қарай экономика 3,8 млн сапалы жұмыс орнын (жалпы жұмыспен қамту құрылымының 45%) қамтамасыз етеді деп болжануда. Бұл 1,7 миллион азаматтың табысын орташа жалақыдан жоғары деңгейге көтеруге ықпал етеді», – деп түйіндеді министр.
- 25.06.2024
- 88