- Блогтар
- Әбілқасымова М.Е.
Әбілқасымова М.Е.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы
«Микроқаржы секторы: орнықты дамудың 20 жылы» форумы
Форумның барлық қатысушыларын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің атынан қарсы алуға қуаныштымын.
Қазақстанның микроқаржы ұйымдары қауымдастығын 20 жылдығымен құттықтаймын және осы форумды ұйымдастырғаны және Қазақстанның микроқаржы секторын дамыту тақырыбын талқылауға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын.
Бүгінгі күні микроқаржыландыру секторы еліміздің қаржы секторының ең жылдам дамып келе жатқан сегменті болып отыр.
2020 жылдан бастап микроқаржыландыру секторының активтері 2 еседен астам өсіп, 2,6 трлн теңгеге жетті. Нарықтың жиынтық несие портфелі 130%-ға 2,4 трлн теңгеге дейін өсті.
Қазіргі уақытта 948 ұйымның микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар, оның ішінде 223 микроқаржы ұйымы, 216 кредиттік серіктестік және 509 ломбард бар.
Классикалық микроқаржы ұйымдары және кредиттік серіктестіктер туралы айтатын болсақ, аталған ұйымдардың активтері 2020 жылдан бастап жиынтығында 115%-ға 2,1 трлн теңгеге дейін өсті.
Кәсіпкерлік кредиттердің тұтынушылық кредиттерден жылына шамамен 60% деңгейінде үдемелі өсу қарқыны есебінен бизнеске берілетін кредиттер үлесінің 33%-дан 57%-ға дейін ұлғаюы микроқаржы ұйымдары мен кредиттік серіктестіктерді дамытудың маңызды оң үрдісі болып табылады. Нәтижесінде соңғы 3 жылда микроқаржы ұйымдары мен кредиттік серіктестіктер бизнеске берген кредиттер портфелі 4 еседен астам өсіп, 1,4 трлн теңгеге жетті. Осы кредиттік ұйымдардың қарыз алушыларының саны 250 мың кәсіпкерден асты.
Аумағының кең таралуына байланысты және өңірлерде бизнесті жүргізу ерекшелігін түсінудің арқасында микроқаржы ұйымдары және кредиттік серіктестіктер бизнес субъектілерінің қаржы ресурстарына қол жеткізуін қамтамасыз етуде, кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыруда, жұмыспен қамтылған халық санының өсуінде және Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда маңызды рөл атқаруда.
Бизнеске кредит беруді кеңейту үшін микроқаржыландыру субъектілеріне реттеушілік жүктемені азайту жөніндегі шаралар кешені іске асырылды.
Микроқаржыландыру субъектілерін тепе-тең реттеу қағидаттарын іске асыру шеңберінде микроқаржы ұйымдарының кәсіпкерлік кепілді микрокредиттерін тәуекел-саралау мәні 2 есе (100%-дан 50%-ға дейін) төмендетілді. Жұмысының ерекшелігін ескере отырып, кредиттік серіктестіктің кредиттері бойынша борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу бойынша кредиттік серіктестікке нормативтік талаптың күші жойылды.
Маңызды міндет – микроқаржы ұйымдарын және кредиттік серіктестіктерді қорландыру базасын кеңейту.
Ол үшін 2022 жылы Агенттік қор нарығында микроқаржы ұйымдарының борыштық капиталды тарту тәртібін реттеуді жеңілдетті. Нәтижесінде микроқаржы ұйымдары борыштық бағалы қағаздар шығару арқылы қаржыландыру тартуды белсенді қолдана бастады. Бүгінгі күні KASE алаңында 21 микроқаржы ұйымының үлестік және борыштық құралдары орналастырылған. Қор нарығындағы қарыздардың жалпы көлемі 41,7 млрд теңгені құрады.
Халықаралық тәжірибені ескере отырып, кредиттік серіктестікті қорландыру базасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 2023 жылғы қарашада апекс қоры құрылды, ол көтерме қорландыруды тартып, оны нарық субъектілеріне қайта бағыттайтын болады.
Микро және шағын бизнес субъектілері үшін, әсіресе ел өңірлерінде банктік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету де маңызды жүйелі шара болып табылады. Бұл үшін өткен жылы заңнамалық деңгейде микроқаржы ұйымын банктерге айналдырудың жеңілдетілген тетігі енгізілді. Осы уақытқа дейін банкке айналдыруға рұқсат алуды 2 микроқаржы ұйымы жоспарлап отыр.
Микрокредиттеудің оң серпініне қарамастан, бүгінгі күні бизнеске кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелері жоғары болып қалуда. Микроқаржы ұйымдарындағы орташа номиналды жылдық пайыздық мөлшерлеме шамамен 37%-ды, кредиттік серіктестіктердің қарыздары бойынша 17%-ды құрайды. Осыған байланысты микроқаржы ұйымдары кредиттік ресурстарының құнын төмендету үшін Агенттік нарыққа қатысушылармен бірлесіп капиталды тартудың жаңа нысандарын енгізу, микроқаржы ұйымдары үшін кредиттерге кепілдік беру мен субсидиялау, қаржы лизингі және факторинг құралдары бойынша мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін кеңейту жұмысын жалғастырады.
Секторды одан әрі дамыту шеңберінде микроқаржыландыру секторына деген сенімді арттыру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Бұл ретте нарық субъектілерінің қаржылық тұрақтылығын нығайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау микрокредит беру субъектілерін реттеуді шамадан тыс реттеуге әкелетін теңгерімді тәсіл қамтамасыз етілетін болады.
Осыған байланысты, Агенттік микроқаржыландыру саласында өзін-өзі реттеу институтын енгізудің келешегі бар деп санайды.
Біріншіден, бұл нарық субъектілерін өзін-өзі реттеуге, олардың сыртқы, сондай-ақ ішкі факторларға икемділігі мен бейімділігін ынталандырады.
Екіншіден, бұл Агенттікке тиімді реттеу саясатын жүргізуге, ірі микроқаржы ұйымдарының қызметін бақылауға және өзін-өзі реттейтін ұйымдардың жұмысын мониторингтеуге ден қоюға мүмкіндік береді.
Агенттік нарықтың дайындығы мен реттеушілік әсерге талдау жүргізуді жоспарлап отыр, оның нәтижелері бойынша нарыққа қатысушылардың пікірлерін ескере отырып, осындай реттеудің орындылығы мен тиімділігін бағалауға болады.
Тұтынушылардың қаржылық көрсетілетін қызметтерге сұранысын қанағаттандыру үшін жергілікті жерде ұсынылатын қаржылық қызметтердің тізбесін кеңейту және сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылданатын болады. Онлайн-қызмет көрсетуді дамыту жалғастырылады, жаңа технологиялық шешімдердің, интернет желісі мен мобильді қосымшалардың көмегімен қызмет көрсетудің тәсілдері жетілдіріледі.
- 10.07.2024
- 138