- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Еңбекминінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті, оның барысында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру, медициналық көмектің қолжетімділігі, тұрғын үймен қамтамасыз ету және т.б. мәселелер талқыланды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың төрағалығымен өткен талқылауға Үйлестіру кеңесінің мүшелері, оның ішінде ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық департаменттерінің басшылары қатысты.
Отырыс басында ЕХӘҚМ басшысы Үйлестіру кеңесіне қатысушылардың қосқан үлесін, олар берген ұсыныстар негізінде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын сақтау және қорғау саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
«Үйлестіру кеңесі алаңында барлық мемлекеттік органдардың қатысуымен шешімдер шоғырланған түріде қабылданады, олар мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.
Сонымен қатар, Министр отырысқа қатысушыларға мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы ведомствоның бастамалары туралы баяндады.
Ол осы айда Мүгедектік мәселелері бойынша министрлер мен әкімдердің штаттан тыс кеңесшілерін тағайындау қағидаларын бекіту туралы бұйрыққа қол қойылғанын атап өтті.
«Министрлер мен әкімдердің мүгедектігі бар адамдар мәселелері бойынша кеңесшілерін қысқа мерзімде тағайындау қажеттілігі туралы өздеріңіздің бірінші басшыларыңызға жеткізуді сұраймын», – деді Светлана Жақыпова.
Сондай-ақ, ол медициналық-әлеуметтік сараптаманы (бұдан әрі – МӘС) жетілдіру мәселелері бойынша бірқатар бастамаларды іске асыру туралы айтып берді.
Биыл МӘС-ті сырттай проактивті форматта өткізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру жалғасуда. Ол көрсетілетін қызметті алушының тек «бір терезе» қағидаты бойынша медициналық ұйымға тікелей жүгінуін көздейді. Сараптаманы медициналық ақпараттық жүйелерден электрондық форматта келіп түсетін иесіздендірілген медициналық құжаттар негізінде аумақтан тыс сарапшылар жүргізеді.
«Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тәуекелдерін азайту және қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында МӘС жұмысын реформалаудың келесі кезеңі 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап практик дәрігерлер қатарынан медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылар институтын енгізу болады. Бұл жұмысты біз қазірдің өзінде бастадық: сәуір айында пилотты өткізу туралы бірлескен бұйрық қабылданды.
Қазіргі уақытта Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті қызмет көрсету үшін білікті дәрігер-сарапшыларды тарту рәсімін жүргізуде», – деді министр.
Сондай-ақ, Жақыпова ЕХӘҚМ мен ДСМ ақпараттық жүйелерінің жүргізіліп жатқан интеграциясы туралы хабарлады. Алдағы уақытта бұл жекелеген нозологиялық нысандар бойынша мүгедектікті автоматты түрде белгілеуді енгізуге, МӘС-ке негізсіз бағыттарды төмендету үшін бір облыстық емхана деңгейінде дәрігерлік-консультациялық комиссияларды орталықтандыруға, сондай-ақ МӘС өткізудің сырттай проактивті форматына толық көшуге мүмкіндік береді.
Светлана Жақыпова жұмыстың басқа бағыттары: оңалтудың техникалық көмекші құралдарының сыныптауышын өзектендіру барысы туралы; «Қазақстан халқына» Қоғамдық Қорымен бірлесіп, келесі айда пилот ретінде 4 өңірде (Шымкент қ., Абай, Павлодар және Қызылорда облыстары) басталуы жоспарланған балаларды үйде оңалту жобасы туралы айтты.
Бұдан басқа, Министр Әлеуметтік қызметтер порталы жұмысының сапасын жақсарту туралы, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінен және олар құрған ұйымдардан сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлерінің тізбесін қайта қарау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.
Сөз соңында Еңбек министрлігінің басшысы әлеуметтік жұмыс жүргізуді ұйымдастыру саласындағы штаттан тыс мамандар институтын құру туралы хабарлады, соның арқасында ЕХӘҚМ жанынан арнаулы әлеуметтік қызметтер және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша сараптамалық қолдау көрсету үшін штаттан тыс мамандар: травматолог-ортопед, балалар абилитологы, сурдолог, психолог, тифлопедагог, логопед және басқалар жұмыс істейтін болады.
Отырыс барысында түрлі бағыттар бойынша бірқатар мемлекеттік органдар өкілдерінің баяндамалары тыңдалды.
Мәселен, «Медициналық көмек пен оңалтудың қолжетімділігі» бағыты бойынша жұмыс тобының жоспарының орындалу барысы туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев айтып берді. Ол жұмыс тобының қызметі аясында мүгедектігі бар адамдарды түрлі медициналық көмекпен және оңалту құралдарымен қамтамасыз ету бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізілгенін атап өтті.
Өз кезегінде мүгедектігі бар адамдарды және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев хабарлады. Ол азаматтардың осы санатын қолдау үшін түрлі құралдарды қолдану нәтижелері туралы хабарлады, атап айтқанда: жалдау ақысын субсидиялау, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға арналған тұрғын үй сертификаттары, тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген қарыздар беру.
Сондай-ақ, отырыс барысында Үйлестіру кеңесінің мүшесі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Захира Бегалиева Үйлестіру кеңесінің ағымдағы қызметі мен жетістіктері туралы баяндады.
Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жөніндегі жұмысы туралы Алматы қаласы әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Қасиет Омарова айтып берді.
Қорытынды баяндаманы «Еуразиялық инклюзивті қоғамды дамыту қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Вячеслав Пак жасады. Ол заңнаманы «Мүгедектігі бар адамдар мен мүмкіндігі шектеулі топтардың қажеттіліктерін ескере отырып, инфрақұрылым объектілері мен қызметтердің халыққа қолжетімділігі» ұлттық стандартына сәйкес келтіру үшін нормативтік құқықтық актілерге бірқатар түзетулер енгізуді ұсынды.
Спикер сертификаттау құралын пайдалана отырып, қолжетімділікті мониторингтеу мен бақылаудың ұлттық жүйесін дамыту мүгедектігі бар адамдардың қолжетімділік құқықтарын қорғауға ғана емес, сонымен қатар қоғамдық ұйымдардың сарапшылары мен сертификаттау жөніндегі құзыретті органдарды бақылау функцияларын орындауға тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
- 24.07.2024
- 69