- Блогтар
- Шаққалиев А.А.
Шаққалиев А.А.
ҚР Сауда және интеграция министрі
Арман Шаққалиев Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлерімен кездесті
Сауда және интеграция министрі Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Арман Шаққалиев сыртқы және ішкі саудамен айналысатын кәсіпкерлерді қолдау шаралары, базарларды жаңғырту барысы және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын тұрақтандыру шаралары туралы айтып берді.
СИМ басшысы жеке базарларды жаңғырту жұмыстарына тоқталып, Жол картасы бойынша 75 базар жаңартылғанын атап өтті. Олардың 16-сы биыл, ал 59-ы 2025 жылдың соңына дейін жаңғыртылады.
«Бүгін біз заманауи сауда орындарына ерекше назар аударып отырмыз, олар тек тұтынушылар үшін жағдайды жақсартып ғана қоймай, біздің ауылшаруашылығы өндірушілеріміз үшін жаңа мүмкіндіктер жасайды. Шығыс Қазақстан облысында үш сауда нарығын жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, жаңғырту Жол картасына қосылатын тағы бір нарық анықталды. Біз барлық сауда базарларын жаңғырту үшін 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалпы мерзімді белгіледік. Бұл базарларды жалға алушы кәсіпкерлер мен жұмысшылардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп ғана қоймай, бизнестің дамуына және халыққа қызмет көрсету сапасының жақсаруына ықпал етеді», - деп атап өтті министр Арман Шаққалиев.
Жаңғыртуға қолдау көрсету үшін министрлік ішкі сауда субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын көрсету құзыретін алып отыр. Жаңа бастама аясында бизнестің тарапынан сұранысқа ие құрал – пайыздық мөлшерлемені субсидиялау іске қосылды, ол соңғы қарыз алушы үшін 9%-дан аспайды. Ішкі сауда субъектілері үшін жетіспейтін кепілдік қамтамасыз ету үшін несиелерге кепілдік беру құралы пайдаланылады.
«Биыл сауда объектілерін жаңғырту үшін несиелерді арзандатуға 4 млрд теңге бөлінді. Қазір жобалар тізімі жасалып жатыр. Сонымен қатар, ішкі сауда субъектілеріне отандық өнім шығаруды ынталандыру бойынша өзара міндеттемелер қойылатын болады», - деп хабарлады Арман Шаққалиев.
Оның айтуынша, отандық азық-түлік өнімдерінің көлемі сауда орындарындағы сөрелерде 50%-ға дейін, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 20%-ға дейін кеңейтіледі.
Кездесу барысында табиғи өнімдер мен басқа ингредиенттерді қамтитын өнімдерді «тауарлық көршілестік» бойынша реттейтін жаңа нормалардың енгізілгені туралы да айтылды. Мысалы, сүт пен сүт өнімдерінен бөлек орналастырылады. Арман Шаққалиевтің айтуынша, бұл өзгерістер күзде күшіне еніп, барлық сауда желілері оларды қатаң сақтауы қажет болады.
Өз кезегінде кәсіпкерлер қауымдастығы министрге өз бизнесін толыққанды дамытуға ықпал ететін ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ кәсіпкерлер мен өндірушілерге қаржылық қолдау көрсету, шикізаттық емес өнімдердің экспортын дамыту және инфляцияны тежеу шаралары туралы бірқатар сұрақтар қойды.
Арман Шаққалиев ШҚО-ға жұмыс сапары аясында өңірдің негізгі нысандарында болды: «ALTAI MAI» ЖШС май өңдеу кешені, «Сүт экспрессі» ЖШС сүт зауыты, «Гостиный двор» сауда орталығы және «Алтай» көтерме-тарату орталықтарын аралап, жұмысымен танысты.
Құрылысы жүріп жатқан «Алтай» көтерме-тарату орталығында 45 мың тонна түрлі өнімді жүктеу мүмкіндігі бар екі көкөніс сақтау қоймасы және фермерлердің тауарларын сату алаңдары қарастырылған.
Арман Шаққалиевтің айтуынша, салынып жатқан көтерме-тарату орталығы жақында енгізілген ұлттық стандарттарға - ҚР СТ 1754-2024 «Сауда объектілерінің классификациясы» талаптарына толық сәйкес келеді, онда сатып алушылардың қауіпсіздігін және қолайлылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ жарықтандыру жағдайларын жақсарту және жақын маңдағы аумақтарды абаттандыру талаптары белгіленген.
Бұған дейін сауда және интеграция министрлігінің басшылығы Шымкент, Алматы қалаларына, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарына барып, жергілікті халықпен және бизнес өкілдерімен кездескен болатын.
- 31.07.2024
- 109