- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Жақыпова Қазақстан жастарын жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері туралы хабардар етті
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Алматы қаласында өтіп жатқан «Жастар Орталық Азияның тұрақты болашағы үшін» форумы барысында жұмыспен қамту саласындағы цифрлық жүйелерді көрсетті.
Бұл форум Жапония Үкіметінің қолдауымен БҰҰ Даму бағдарламасының «Орталық Азиядағы зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу мақсатында жергілікті қоғамдастықтардың тұрақтылығын нығайту» өңірлік жобасы шеңберінде өткізіледі. Іс-шара аясында Орталық Азия елдерінде жастарды дамыту және оларды жұмыспен қамту мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, діни қызметкерлер мен құрылымдар өкілдерінің сөз сөйлеуі жоспарланған.
«Зорлықпен экстремизмнің алдын алудың тиімді жолы ретінде жастарды жұмыспен қамту саласындағы озық тәжірибелермен және өзекті бастамалармен алмасу» панельдік сессиясында сөз сөйлеген Светлана Жақыпова жастар алдында тұрған проблемалар мен сын-қатерлерді айтты.
«Жастар еңбек нарығында жоғары жұмыссыздық пен тұрақсыздыққа тап болады. Сапалы білімге қол жетімділік шектеулі болуы мүмкін, бұл жеке тұлғаның мансаптық өсуі мен дамуын қиындатады. Жастар қаржылық қиындықтарға әсіресе, тәуелсіз өмірге көшу кезінде кезігуі мүмкін. Денсаулық проблемалары, соның ішінде психикалық денсаулық, жастар үшін үлкен сынақ болуы ықтимал. Әлеуметтік, экономикалық және құрама белгілер бойынша теңсіздік жастарға кедергі келтіру мүмкіндігі жоғарлайды. Сондай-ақ, жастар климаттың өзгеруінің экологиялық дағдарыстар мен экожүйелерге қауіп төндіретін салдарымен бетпе-бет келеді. Технологияның қарқынды дамуы цифрлық сауаттылық пен өзгерістерге бейімделу саласында қиындықтар тудыруы мүмкін», - деді ол.
Бұл ретте Министр Орталық Азияның тұрақты дамуындағы жастардың рөлін атап өтті.
«Жас ұрпақ өңірдің болашағын қалыптастыруда және оның дамуына әсер ететін шешімдер қабылдауда шешуші рөл атқарады. Жастар Орталық Азияның тұрақты дамуына ықпал ететін жаңа идеялар, инновациялар мен тәсілдер әкелуге қабілетті. Жас буынның білімі мен кәсіби дамуына инвестиция салу аймақтың тұрақты дамуы үшін қажетті білім мен дағдылардың деңгейін арттыруға ықпал етуі мүмкін. Жастардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуы демократияның, азаматтық қоғамның дамуына және әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына ықпал етеді.
Осылайша, жас азаматтар Орталық Азияның орнықты дамуында маңызды рөл атқарады, оның қатысуы мен қолдауы өңірдегі орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет», – деді Светлана Жақыпова.
Сонымен бірге ЕХӘҚМ басшысы форум қатысушыларына Қазақстан жастарына жұмыспен қамту саласында кең мүмкіндіктер беретін цифрлық жүйелерді таныстырды.
«Бүгінгі күні Электрондық еңбек биржасы шеңберінде жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтердің «цифрлық супермаркеті» қалыптастырылды. Бір платформада қазақстандықтар қолда бар кәсіби дағдыларын арттыра алады немесе онлайн-оқыту арқылы жаңаларын ала алады, лайықты жұмыс таба алады, кәсіпкерлік негіздерін үйренеді және өз ісін ашу үшін грант алуға өтінім бере алады. Сондай-ақ электрондық еңбек биржасының цифрлық экожүйесі жұмыс берушілерге кадрлық іс жүргізу процестерін жеңілдетуге және еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына өзін-өзі тексеруден өтуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, платформада электрондық форматта еңбек және өңіраралық көші-қон саласында қызметтер көрсетіледі.
Осылайша, Электрондық еңбек биржасы жұмыс берушілерді, жұмысшыларды және мемлекеттік құрылымдарды бірыңғай цифрлық кеңістікте біріктіреді, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты тиімді ұштастырады және азаматтарға мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын жақсартады. Жасанды интеллектті пайдаланудың арқасында платформа жұмыспен қамту қызметтерін ұсыну процесінде адами факторды барынша азайтады, кадрларды іріктеуде жоғары дәлдікке қол жеткізеді және ізденушілер үшін мансап жолдарын оңтайландырады», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.
Тағы бір маңызды жоба – мансап компасы, ол көпшілікке мансапты саналы түрде таңдауға ықпал ететін кәсіби мүмкіндіктер мен білім беру бағдарламалары туралы өзекті ақпаратты ұсынады. Ал mansap.enbek.kz сайты 400 мамандық және 12 бағыт бойынша талдамалық деректерді ұсына алады.
«Студенттердің практикалық дағдыларын игеру үшін біз Электрондық еңбек биржасында өндірістік практиканың функционалын іске қостық. Бұл оларға өндірістік практиканың қажетті орнын тауып қана қоймай, нақты дағдыларды игеруге, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға көмектеседі», – деп толықтырды сөзін Министр.
Сонымен қатар Светлана Жақыпова кадрларға қажеттілікті талдау мен болжауды және барлық іске асырылып жатқан жобалардың тиімділігіне уақтылы мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін жобалардың инновациялық навигаторының мүмкіндіктерін көрсетті. Бүгінгі таңда жүйеде 150 мың жұмыс орнын құру жоспарымен 755 инвестициялық жоба бойынша мониторинг жүргізілуде.
- 28.10.2024
- 36