- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Жақыпова мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру туралы хабарлады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Үкімет отырысында мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғалуы мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған қабылданып жатқан бірқатар шаралар туралы айтты.
Еңбекминінің басшысы өз сөзінің басында бүгінде елімізде мүгедектігі бар 732 мың адам тұратынын, бұл халықтың жалпы санының 3,6% - ын құрайтынын хабардар етті. Оның ішінде 57% - еңбекке қабілетті жастағы адамдар, 27% – зейнеткерлік жастағы адамдар, 15% - балалар.
Аурулардың нозологиялық формаларының құрылымы бойынша 18 жастан асқан адамдар арасында психикалық бұзылулар (18%), қан айналымы жүйесінің аурулары (17,2%), барлық жарақат түрі (13%) басым. Ал балалар мүгедектігі бойынша жүйке жүйесінің аурулары (26,6%), туа біткен ақаулар (25,1%) және психикалық бұзылулар (22,4%) көбірек кездеседі. Жүргізілген талдау көрсеткендей, соңғы 3 жылда балалар мүгедектігінің 11,4%-ға өсуі байқалады.
«Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығыстар базалық және міндетті деңгейде жүзеге асырылады. Жыл сайын республикалық бюджеттен шығыстар шамамен 22% - ға ұлғаяды. Биыл ол 748,5 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер 46 млрд теңгені құрады», – деді Светлана Жақыпова.
Министр мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік қолдау проактивті форматта көрсетілетінін айтты. Бұл қызметтер қазіргі кезде Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсетіледі, онда техникалық оңалту құралдары бойынша 794 өнім беруші, ымдау тілі қызметін көрсету бойынша 760 өнім беруші, 122 санаторийлік-курорттық ұйым тіркелген.
Осы жылы олар 770,7 мың техникалық оңалту құралын іске асырды, 26,6 мың жеке көмекшінің қызметі көрсетілді, 80 мың санаторийлік-курорттық емдеу қызметі және ымдау тілі бойынша 8,6 мың қызмет ұсынылды.
«Қазіргі уақытта Қолжетімділіктің интерактивті картасында 43 312 объект тіркелген, 19 421 объект немесе 45% толық бейімделген. Өңірлік аспектіде 6 облыс бойынша жоспардан төмен көрсеткіштер байқалады.
Жыл басынан бері әлеуметтік инспекторлар әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына мүгедектігі бар адамдардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәніне 2344 тексеру жүргізді.Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 826 нұсқама берілді, жалпы сомасы 199,2 млн теңгеге 798 әкімшілік айыппұл салынды», – деді Светлана Жақыпова.
Жоспарланған 9 оңалту орталығының үшеуі (Семей, Тараз және Кентау қ.) пайдалануға берілді. Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Ұлытау, Батыс Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында құрылыс жүргізілуде.
Еліміздің 7 өңірінде (Шымкент, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Тараз, Қостанай және Ақтөбе қалалары) аутиcтік спектрі бұзылған және басқа да ментальды ауытқулары бар балаларға арналған күндізгі болу орталықтары ашылды.
«Оңалту шараларының тиімділігін арттыру және бақылауды күшейту мақсатында Цифрлық оңалту күнделігі іске қосылды. Нозология түрлері бойынша әлеуметтік оңалту хаттамалары әзірленді.
2024 жылдың тамыз айынан бастап 4 өңірде (Абай, Қызылорда және Павлодар облыстары, Шымкент қ.) «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды инновациялық оңалту құралдарын қолдана отырып, үй жағдайында оңалтуға арналған пилоттық жоба жүзеге асырылуда.
Тағы бір сәтті мысал ретінде Алматы облысы Талғар қаласындағы «Ақ жол-М» балаларды оңалту орталығының қызметін атауға болады. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен аталған орталық заманауи инновациялық жабдықтармен жабдықталған.
Жалпы, Республика бойынша осы жылдың 9 айында жүргізілген оңалту шараларының қорытындысы бойынша денсаулық жағдайының жақсаруына байланысты толық оңалтудан өткендердің саны 8,9 мың адам болды, мүгедектіктің жеңіл тобына шамамен 8,2 мың адам ауыстырылды», – деді Светлана Жақыпова.
Қоғам дамуындағы жаңа трендтерді ескере отырып, әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби даярлық деңгейіне, олардың дағдылары мен құзыреттеріне қойылатын талаптар күшейтіледі. Әлеуметтік қызметкерлердің біліктілік деңгейлері бойынша білім беру модульдері әзірленді. Бейінді білімі жоқ әлеуметтік қызметкерлерді қысқа мерзімді оқыту үшін әлеуметтік жұмыс бойынша кафедралары бар 14 ЖОО-мен меморандумдар жасалды. Сондай-ақ skills.enbek алаңында оқыту жүргізіледі.
«Әлеуметтік қызметкерлер үшін 8 деңгей бойынша кәсіптік стандарттар бекітілді. Ұлттық ғылыми орталық базасында арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұлан әрі – АӘҚ) көрсету саласындағы кәсіби біліктілікті тану орталығы құрылды. Жүйелеу және есепке алу үшін Әлеуметтік қызметкерлердің тізілімі жасалды. Бүгінде 12 704 әлеуметтік қызметкердің 9 568-і оқудан өтіп, 7 537 адам сертификат алды», – деп толықтырды министр.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету сапасын арттыру үшін 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап АӘҚ ұсынатын меншік нысанына қарамастан субъектілерді лицензиялау енгізіледі. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті лицензиар болып анықталды. Лицензиялау процесі толығымен цифрланған. Сондай-ақ лицензия алдындағы дайындық жүргізілуде.
«Бүгінде 110 мыңнан астам адам 1021 ұйымда стационар, жартылай стационар, уақытша болу және үйде болу жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер алады. Оның ішінде бұл қызметтерді мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін 177 үкіметтік емес ұйым да көрсетеді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша қолданыстағы ұзақ мерзімді шарттар олардың мерзімі ресми аяқталғанға дейін заңды күшін сақтайтынын атап өткен жөн.
Сондай-ақ, жаңа жылдан бастап әрбір қызмет алушының жеке қажеттіліктерін ескере отырып, әлеуметтік көмек пен қолдаудың қажетті көлемдерін анықтауға мүмкіндік беретін жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі іске қосылады», – деп толықтырды Светлана Жақыпова.
Министр мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру маңызды мәселе екенін атап өтті. 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 148 мың адам немесе еңбекке қабілетті (381 мың) мүгедектігі бар адамдардың 39% - ы жұмыспен қамтылды.
Жұмыспен қамту бойынша ғылыми қызмет (28%), мемлекеттік басқару (12%), білім беру және сауда (9%), денсаулық сақтау (7%) салалары көш бастап тұр.
Мамандығы бойынша мүгедектігі бар адамдардың 21%-ы кәсіби маман, 19%-ы – біліктілігі жоқ жұмысшы, 13%-ы – техник-мамандар, 11%-дан басшылар мен мемлекеттік қызметшілер; қызмет көрсету, сату саласында жұмыс істейтін қызметкерлер.
«Мүгедектік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшілер институтына жеке тоқталғым келеді, олардың рөлі артып келеді. Министрлер мен барлық деңгейдегі әкімдердің кеңесшілері өмірдің барлық аспектілерінде мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау жөніндегі саясатты іске асыруға тартылды.
Кеңесші жұмысының сәтті үлгісін біз Алматы қаласынан көріп отырмыз. Әкімнің кеңесшісі жобалық кеңсеге енгізілген және мүгедектігі бар адамдардың алға қойған мақсаттары мен қажеттіліктеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін шағын штаты бар. Кеңесші Қасиет Омарова өзекті мәселелерді көтеріп, мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғаммен бірлесіп сындарлы шешім табады. Алматы қаласын дамытудың Жол картасын талдау нәтижесінде Кеңесші офисі инклюзия қағидаттарын ескере отырып, жоспарлау және іске асыру үшін 300 іс-шараға 189 түрлі ұсынымдар енгізді.
Өңірлердің әкімдерінің назарын осы оң тәжірибені енгізу қажеттілігіне аударғым келеді», – деп түйіндеді ЕХӘҚМ басшысы.
- 06.11.2024
- 31