- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Жақыпова және Мәжіліс депутаттары балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселелерін талқылады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен кездесу өткізді. Оған ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері қатысты. Кездесу барысында қиын өмірлік жағдайдың деңгейін анықтау және балалы отбасыларға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету мәселелері талқыланды.
Министр мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде әлеуметтік әл-ауқат деңгейін айқындауға және мұқтаж азаматтарға мемлекеттік қолдау шараларын жедел проактивті форматта көрсетуге мүмкіндік беретін Отбасының цифрлық картасының мүмкіндіктерін көрсетті.
«Қазіргі уақытта әлеуметтік саясат, оның ішінде ана мен баланы қолдау жөніндегі саясат еліміздің бірнеше орталық мемлекеттік органдарында қалыптастырылып, жергілікті деңгейде іске асырылуда. Біздің басты міндетіміз – отбасының жағдайын жақсарту және өмір сүру сапасын арттыру», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.
Кездесуге қатысушыларға балалы отбасылар үшін әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың кешенді моделі туралы ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Аймағамбетов баяндады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта балалары бар 2 млн–ға жуық қазақстандық отбасы республикалық бюджеттен берілетін жәрдемақылармен және отбасының табысына қарамастан тағайындалатын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) төленетін әлеуметтік төлемдермен қамтылған. 2024 жылы осы мақсаттарға 1,5 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді (оның ішінде республикалық бюджеттен 750 млрд теңге, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 807 млрд теңге).
«Егер базалық деңгейде мемлекет жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға республикалық бюджет қаражаты есебінен бала тууға арналған біржолғы жәрдемақыға кепілдік берсе, онда жұмыс істемейтін ата-аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы көзделген. Осы жәрдемақы түрлерінің мөлшері туылған баланың кезектілігіне байланысты сараланған түрде белгіленеді.
Бұл мөлшерді анықтау жәрдемақы алушылардың құрылымының өзгеруіне әсер етті. Осылайша, 4 және одан да көп бала тууға жәрдемақы алушылардың үлесі 2013 жылғы 12,7% - дан 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 32,4% - ға дейін өсті.
Сол сияқты, егер 2013 жылы 4 және одан да көп бала күтімі бойынша жәрдемақы алушылардың үлесі 17,6% болса, 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 35% - ға дейінгі мөлшерді құрайды. Осылайша, әрбір үшінші бала көп балалы отбасында өмірге келеді», – деді Асқар Аймағамбетов.
Жұмыс істейтін ата-аналар үшін МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлемдердің екі түрі қарастырылған: жүктілік және босану, сондай-ақ бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін төлем.
Бұдан басқа 1,5 жасқа толғанға дейін бала күтімімен айналысатын әйелдерге орташа айлық табыстың 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау көзделген.
Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау үшін мүгедектігі бар баланы кәмелетке толғанға дейін тәрбиелеушіге жәрдемақы көзделген (жәрдемақы мөлшері 1,61 ең төмен күнкөріс деңгейі – 69 886 теңге). 1 қарашадағы жағдай бойынша 77,3 млрд теңге сомасына 109 мыңнан астам адам жәрдемақы алды. 2024 жылы бұл мақсаттарға барлығы 91 млрд теңге қарастырылған.
Бүгінде 585 мыңнан астам отбасы көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы алады, олардың мөлшері балалар санына қарай анықталады. Жәрдемақы төлеудің қолданыстағы тетігін енгізу алушылар санының 2 еседен астам өсуіне негіз болды, атап айтқанда олардың саны 2019 жылғы 252 мың отбасыдан 2024 жылғы 1 қарашада 585 мың отбасыға дейін өсті.
Әлеуметтік кодекс шеңберінде «Алтын алқамен» марапатталған, яғни 7 және одан да көп баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеген аналарға арналған жәрдемақы мөлшері ұлғайтылды. 2019 жылмен салыстырғанда аталған жәрдемақы алғаш тағайындалғандар саны оң динамикаға ие екенін атап өткен жөн. Мәселен, егер 2019 жылы ол 6 900 адамға тағайындалса, 2023 жылы 11 762 анаға тағайындалған.
Осылайша, біздің елімізде кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған көпбалалы аналар бір мезгілде бірнеше төлем алуға құқылы.
Сонымен бірге жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және халықтың табысын арттыру Еңбек министрлігі жұмысының негізгі бағыттары болып табылады.
«Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау мақсатында мемлекет жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыруда, олар: кәсіптік оқыту, кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу, халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмысқа орналастыру үшін субсидияланатын жұмыс орындарын құруды қамтиды. Биыл бекітілген өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша көпбалалы отбасылардан 31,1 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, халықтың әлеуметтік осал топтары арасынан «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан өткен адамдарға 400 АЕК (1 476 800 теңге) мөлшерінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар беріледі. 1 қарашадағы жағдай бойынша берілген 8 941 гранттың 63,2% - ы көпбалалы отбасыларға берілді», – деді Асқар Аймағамбетов.
- 13.11.2024
- 35