- Блогтар
- Сапаров А.C.
Сапаров А.C.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі
Азық-түлік келісімшарт корпорациясы майлы дақылдарды өндірушілерді қаржыландыруды арттырады
Астықты форвардтық және тікелей сатып алу бағдарламаларын іске асыру, сондай-ақ агроөнеркәсіп өндірушілерге тауарлық кредиттер беру 2024 жылы астық нарығын тұрақтандыруға және фермерлерді мемлекеттік қолдау көлемін ұлғайтуға ықпал етті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен кеңесте «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы «ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев баяндады.
Өткен жылы көктемгі егіс жұмыстарын форвардтық қаржыландыру негізгі астық егетін өңірлерде 42,3 млрд теңге сомаға 324 шаруашылықты қолдауға мүмкіндік берді. Форвардтық несиелерді қайтару деңгейі орта есеппен үш жыл ішінде 94% құрады.
Көктемгі егіс жұмыстарын форвардтық қаржыландыру бағдарламасының кезекті іске қосылуы 2025 жылдың наурыз айында болады деп күтілуде. Ішкі және сыртқы нарықтарда талап етілетін майлы дақылдар өндірісін кредиттеуге лимиттерді ұлғайту жоспарлануда. Қаржыны бөлу тетігінің ашықтығын арттыру үшін алғаш рет фермерлерден өтінімдерді электрондық режимде қабылдау сынақтан өткізілетін болады.
Үкіметтің тапсырмасы бойынша фермерлерді тұқыммен қамтамасыз ету үшін Азық-түлік келісімшарт корпорациясы төлемді кейінге қалдыра отырып, азық-түлік астығын сатты. Нәтижесінде 2024 жылы Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы құрылымдары тұқым ретінде 39 мың тонна астық алды. Бұл көлем шамамен 400 мың гектар алқапта егіс науқанын қамтамасыз ету үшін жеткілікті болды.
Астықтың экспорттық жеткізілімін дамыту үшін ұлттық оператор шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықты жандандырды. Өткен жылы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы жалпы сомасы 62,6 млрд теңгеге 621 мың тонна астық сатуға арналған шарттарға қол қойды.
2025 жылы компания экспорттық бағыттарды кеңейту бойынша жұмысты жалғастырады. Бұдан басқа, азық-түлік корпорациясы үш жақты экспорттық келісімшарттар жасасу кезінде агент ретінде әрекет ететін шағын және орта фермерлерден астықтың экспорттық партияларын шоғырландыру жобасы масштабталатын болады. Бұл фермерлер үшін өнімді тұрақты өткізуге және халықаралық нарықтарға қол жеткізуге кепілдік бере отырып, неғұрлым қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Корпорация логистика, қажетті құжаттарды рәсімдеу және сапаны бақылау бойынша функцияларды өзіне алады, бұл мәміленің барлық қатысушылары үшін тәуекелдерді азайтады.
Министр Азық-түлік келісімшарт корпорациясы басшылығына барлық бағыттар бойынша жұмысты күшейтуді, форвардтық сатып алу бағдарламасын іске қосуды жеделдетуді, шетелдік әріптестермен астықты терең өңдеу жөніндегі жобаларды іске асыруға қатысуды қамтамасыз етуді тапсырды.
- 04.03.2025
- 34