- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Жақыпова Теміртауда регрессші кеншілермен кездесу өткізді
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Теміртау қаласында регрессші кеншілермен кездесу өткізді. Еңбек министрлігінің басшысы қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және зиянды өндірісте жұмыс істейтін қазақстандықтарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру бойынша ведомство қабылдап жатқан шаралар туралы баяндады.
Министр соңғы жылдары өндірістік жарақаттану деңгейінің және кәсіби еңбек ету қабілетінен айырылған жұмыскерлер санының төмендеу серпіні бар екенін атап өтті.
Сонымен бірге зиянды еңбек жағдайларында, әсіресе өнеркәсіпте және өндіруші секторда жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі сақталуда. Бұл профилактикаға да, жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын күшейтуге де бағытталған кешенді шешімдерді қажет етеді.
«Сондықтан біз бақылау ғана емес, алдын алу, төлемдердегі әділеттілік, өтемақылардың қолжетімділігі және жұмыс берушілерді қауіпсіздікке инвестициялауға ынталандыру маңызды болатын жүйені құрудамыз. Проблемаларды айтып қана қоймай, жағдайды шынымен де өзгерту үшін біз жұмыскерлердің денсаулығы мен құқықтарын қорғаудың жаңа тәсілдерін дәйекті түрде енгізіп отырмыз», – деді Светлана Жақыпова.
Біріншісі – 2024 жылдан бастап зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген қазақстандықтар үшін арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді. Бұл төлемдерді 55 жасқа толған және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына кемінде 7 жыл ішінде аударған міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МКЗЖ) бар адамдар алады.
Екіншісі – зиянды жағдайда жұмыс істейтін ерлер мен әйелдер үшін зейнетақы аннуитетінің құны төмендетілді.
«Үшіншіден, зиянды жағдайда жұмыс істеген адамдардың барлығында бірдей МКЗЖ аударымдары үшін қажетті кезеңі бола бермейтінін де көріп-біліп отырмыз. Қазір осындай жұмыскерлерден көптеген өтініштер келіп түсуде және Біз Қаржы министрлігімен бірлесіп әлеуметтік төлем алушылар тобын кеңейту және бұл адамдарды қолдаусыз қалдырмау тетігін пысықтаудамыз», – деп толықтырды министр.
Төртінші – өндірісте зардап шеккендерді қорғау күшейтілді. 2024 жылдан бастап сақтандыру төлемдерін тағайындау кезінде жұмыскердің кінәсін есепке алу алып тасталды. Өмірді сақтандыру компаниялары 2015 жылдың мамырына дейін кәсіби еңбекке қабілеттілігінен айырылғандарға өмір бойы сақтандыру төлемдерін төлеуге міндетті болады, бұл шамамен 1400 адамды құрады.
«Біз сақтандыру компанияларының сақтандыру сыйлықақысының 12% - на дейін оңалту мен профилактикаға жіберу міндеттемесін енгіздік. Сондай-ақ, зардап шеккендер базалық төлемдерден тыс 100 АЕК мөлшерінде сақтандыру есебінен санаторийлік-курорттық емделуге құқылы.
Бірақ біз мұнымен де шектелмейміз. Қазір Мәжіліс депутаттарымен бірге еңбек ету қабілетінен айрылу күніне қарамастан барлық зардап шеккендерге өмір бойы төлем жасау құқығын қалай кеңейту мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», – деді Светлана Жақыпова.
Бесінші – жазатайым оқиғалардан міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне өзгерістер дайындалуда. Екі компонентті сақтандыру тарифін енгізу жоспарлануда, онда қызмет саласы ғана емес, кәсіпорындағы нақты еңбек жағдайлары да ескерілетін болады. Бұдан басқа барлық деректерді Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен біріктіре отырып, жазатайым оқиғалардан міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін ресімдеуден бастап төлемге дейін толық цифрландыру көзделеді.
«Алтыншыдан, кәсіподақтар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету және олардың жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғаудағы рөлін арттыру үшін біз кәсіподақтың автоматтандырылған жұмыс орнын пайдалануға көшуді ұсынамыз. Тиісті ақпараттық жүйе қазірдің өзінде ең ірі кәсіподақ бірлестіктерінің бірі – Кәсіподақтар федерациясымен әзірленіп, таныстырылды. Қазіргі уақытта жүйеде бұл пилоттық режимде жекелеген салалық, жергілікті және бастауыш кәсіподақтар жұмыс істейді. Осы цифрлық құрал құжат айналымын жеңілдетуге, есептілікті арттыруға, ең бастысы – қызметкерлердің кәсіподақтар институтына деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Еңбек министрлігінің басшысы.
Жетінші – барлық қолданыстағы ұжымдық шарттарды цифрландыру аяқталды және электрондық ұжымдық шарттар жасасуға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе іске қосылды.
«Сегізінші, әсіресе өнеркәсіптік кәсіпорындарда кадрлар тапшылығын болдырмау мақсатында біз жұмыспен қамтылғандардың жас құрылымы, оның ішінде 50 жастан асқан қызметкерлер саны туралы деректерді талдаймыз. Оларды уақтылы және қиындықсыз ауыстыру үшін техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі арқылы қажетті кадрларды алдын ала дайындауға, сондай-ақ аға қызметкерлерден жастарға тәжірибе мен кәсіптік білім беруді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы іске асырылуда. Бұл өндірістік мәдениеттің сабақтастығын, сақталуын және кәсіпорындардағы кадрлар құрамының тұрақтылығын қамтамасыз етеді», – деп толықтырды Светлана Жақыпова.
Тоғызыншы – «Еңбек тәуекелдерінің картасы» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді, ол, оның ішінде, қызметкерлердің кредиттелу деңгейін бақылауға және оларды қолдау бойынша одан әрі шараларды пысықтауға мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе министр ұсынылған шараларды дәйекті іске асыру еңбекті қорғау мәдениетін нығайтуға, жарақаттану мен кәсіптік ауруларды қысқартуға, сондай-ақ зардап шеккендерге және жоғары тәуекел жағдайында жұмыс істейтін адамдарға лайықты қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
- 11.04.2025
- 26