- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Жақыпова Халықаралық көші-қон ұйымының басшысы Э. Поуппен кездесті
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Халықаралық көші-қон ұйымының (бұдан әрі – ХКҚҰ) бас директоры Эми Поуппен кездесіп, көші-қонды басқару, мигранттардың құқықтарын қорғау және осы саладағы цифрлық шешімдерді енгізу мәселелерін талқылады.
Светлана Жақыпова басқосуда сөз бастап, Еңбек министрлігі мен ХКҚҰ-ның өзара ынтымақтастығы 2002 жылы Қазақстан ұйым құрамына кірген сәттен бастап 20 жыл бұрын басталғанын және осы уақыт аралығында көші-қон процестерін реттеу, мигранттардың құқықтарын қорғау, халықаралық бастамаларды ілгерілету, сыртқы және ішкі көші-қон саласында тиімді шешімдерді енгізу мәселелерінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгенін еске салды.
Осылайша, ынтымақтастық туралы Меморандумды жүзеге асыру барысында ғылыми зерттеулер жүргізіліп, еңбек көші-қоны, адам саудасына қарсы іс-қимыл мен техникалық көмек бойынша ақпарат алмасу және жобаларды үйлестіру жүзеге асырылуда.
Министр ХКҚҰ өкілдеріне осы саладағы көші-қон саясаты мен заңнаманы іске асыру сапасын жақсарту мәселелерінде белсенді қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
Светлана Жақыпова Қазақстанның Алматы процесіне төрағалық етуі (халықаралық көші-қон және босқындарды қорғау мәселелері жөніндегі мемлекетаралық консультативтік тетік) шеңберінде өңірлік ынтымақтастықты ілгерілету, әріптестікті нығайту және көші-қон туралы жаһандық шартты іске асыруға белсенді қатысу үшін мүмкіндіктер қаралатынына тоқталды.
Әңгіме барысында ХКҚҰ Бас директоры Эми Поуп Қазақстанның Алматы процесінің іс-шараларын іске асыруға және жалпы көші-қон саласының мәселелерін зерделеуге қатысуына қосқан үлесін атап өтті.
Сонымен қатар, Еңбек министрлігінің басшысы көші-қон процестерін мониторингілеудің migration.enbek.kz бірыңғай платформасын көрсетті. Аталмыш платформа келген шетел азаматтары туралы ақпаратты жинақтайды, көші-қон саласында мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетуге мүмкіндік береді және тағы да басқа функцияларды қамтиды.
Өз кезегінде Эми Поуп бұл басқа елдерде де масштабтауды қажет ететін өте тиімді жүйе екенін атап өтті, өйткені ол мигранттар үшін лайықты жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар мигранттардың құқықтарын қорғау жөніндегі бастамаларды ілгерілету және тереңдету, көші-қон күн тәртібін тұрақты даму процестеріне біріктіру, сондай-ақ ХКҚҰ-мен елдік келісімді ресімдеу бойынша жұмыстарды жалғастыруға уағдаласты.
- 04.06.2025
- 37