- Блогтар
- Элиманов Ж. Қ.
Элиманов Ж. Қ.
ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы
Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы бірлесіп ұйымдастырған «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясындағы республикалық семинарға қатысты
Агенттіктің департамент басшысының орынбасары Андрей Давыдов «Вейптер – жас ұрпақ үшін қауіп факторы» атты баяндама жасап, келесідей атап өтті:
«Вейпинг - никотинге тәуелділіктің жаңа түріне айналып, ұлт саулығына елеулі қауіп төндіріп отыр. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында Агенттік тарапынан вейп өнімдерін таратуға қатысты 53 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелсе, соның 25-і шетелден заңсыз әкелуге байланысты. Заңсыз айналымнан 800 мыңға жуық вейп тәркіленді».
Агенттік атынан сөз алған келесі спикер - жедел уәкіл Гүлзия Қарсыбай дроптар мәселесіне тоқталды.
Еске сала кетейік, дроптар - бұл өздері білмеген күйде банктік карталары немесе жеке деректері арқылы заңсыз қаржы операцияларына қатыстырылатын адамдар.
«Қылмыстық кодекске жаңадан енгізілген 232-1-бапқа сәйкес, банк деректерін үшінші тұлғаларға беруге (иегерінің келісімімен болса да), сондай-ақ өзгелердің пайдасына немесе тапсырысы бойынша төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруға тікелей тыйым салынған. Мұндай құқықбұзушылық үшін енді 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», - деді Гүлзия Қарсыбай.
Дәрістік бөлімнен кейін қатысушылар арасында интерактивті ойын өткізілді. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.
Семинарға еліміздің барлық өңірінен 60 мұғалім қатысты. Шараның басты мақсаты - мектеп оқушыларына қаржылық қауіпсіздік негіздерін үйрететін лекторлар пулын дайындау. Агенттік материалдары оқушыларға арналған оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу барысында қолданылатын болады. Бұл мектеп бағдарламасына заманауи әрі тәжірибеге бағытталған тақырыптарды енгізуге мүмкіндік береді.
- 06.08.2025
- 35