- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Жақыпова қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады
2014 жылдан бастап Қазақстанда қыркүйек айының соңғы жексенбісінде жыл сайын Еңбек күні аталып өтеді. Бұл мереке – ел экономикасының қалыптасуы мен дамуына адал еңбегі, еңбекқорлығымен үлес қосқан еңбек адамдарына алғыс білдіру күні. Сонымен қатар, ол «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын» дамыту мен «Еңбек адамының» мәртебесін арттыру мақсатында белгіленген. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтап, әр отбасының және тұтас мемлекеттің әл-ауқаты мен тұрақтылығының кепілі – жемісті еңбек екенін атап өтті.
«Еңбек күні әлемнің 100-ден астам елінде аталып өтеді, ал кейбір мемлекеттерде бұл – ресми мемлекеттік мереке мәртебесіне ие. Биыл Қазақстанда бұл күн 28 қыркүйекке сәйкес келіп отыр.
Еңбек күні – бұл күнтізбедегі мерекелік күн ғана емес, ең алдымен еңбек өмірінің сапасының көрсеткіші. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024–2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында сапалы жұмыс орындарын көбейту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бұл – тұрақты жұмыспен қамту, қауіпсіз еңбек жағдайлары, лайықты жалақы деңгейі мен әлеуметтік кепілдіктер.
2025 жыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Осыған байланысты, жұмыс берушілердің талаптарына сай білікті мамандарды дайындау мақсатында Ұлттық біліктілік жүйесін дамытуға ерекше назар аударылып отыр.
Еңбек саласындағы барлық процестер цифрландырылып жатыр – кәсіби дағдыларды меңгеруден бастап, жұмыс іздеу, кадрлық іс жүргізу, азаматтардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету және өндірістегі қауіпсіз еңбек жағдайларын құруға дейінгі кезеңдер толық қамтылуда.
Мемлекет, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасындағы әлеуметтік әріптестік қарқынды дамуда. Бұл ынтымақтастық аясында негізгі мәселелер шешімін табуда: жалақыны арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және корпоративтік оқыту жүйесін дамыту.
Еңбек күні қарсаңында барша еңбекке қабілетті қазақстандықтарға мықты денсаулық, отбасы мен мемлекеттің тұрақтылығы мен гүлденуінің кепілі болатын жемісті еңбек тілеймін», – делінген Светлана Жақыпованың құттықтауында.
- 29.09.2025
- 32


