- Блогтар
- Сапаров А.C.
Сапаров А.C.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі
Айдарбек Сапаров Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Жамбыл облысының тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті.
Кездесу барысында өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту және саланы өркендетуге арналған мемлекеттік қолдау шаралары әңгіме өзегіне айналды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстың жалпы өңірлік өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесі 9 пайызды құрады. Дегенмен, өңірдің әлеуеті бұл көрсеткішті айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешен бағытында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру міндетін қойды. Бұл тапсырманы орындау үшін заманауи агротехнологияларды кеңінен енгізу қажет. Атап айтқанда, тыңайтқыш қолдану, сапалы тұқым пайдалану, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, сондай-ақ асыл тұқымды мал шаруашылығын қоса алғанда, мал шаруашылығын қарқынды дамыту қажет», - деді министр.
Соңғы он жылда көктемгі дала жұмыстары мен егін жинауға бөлінген қаржы 70 млрдтан 700 млрд теңгеге дейін, яғни он есеге артты. Биылғы жылы еліміз бойынша шамамен 8 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 502 млрд теңге қаржы бөлінді, тек Жамбыл облысында осы саланың 211 өкілі 5 млрд теңге көлемінде қолдауға ие болды.
Қаржыландыру Аграрлық несие корпорациясы», екінші деңгейлі банктер, өңірлік инвестициялық орталықтар, несие серіктестіктері, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, микроқаржы ұйымдарын қосқанда алты бағыттан жүзеге асырылады.
Кепілзаты жеткіліксіз шаруалар үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қарыз сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беру тетігі қолданылуда.
Биыл жеңілдетілген лизинг бағдарламасына 250 млрд теңге бөлінді (жылдық 5%), бұл 7 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға мүмкіндік береді. Жамбыл облысында 285 бірлік техника алуға қаржы бөлінді.
Ағымдағы жылы еліміздегі жалпы егіс алқабы 23,6 млн гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 322,8 мың гектарға артты. Жамбыл облысында 640 мың гектар жерге егін егілді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 10,5 млн гектар дәнді дақыл орылып, орташа өнімділік гектарына 15,2 ц. құрап, 5,9 млн тонна астық бастырылды. Ал Жамбыл облысында 330,1 мың тонна астық жиналды.
Жинау науқанына 139 мыңнан астам трактор, 31 мың комбайн және 130 мыңнан астам өзге де ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. 422 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны литріне 254 теңгеден бөлінді.
Тамыз айының алғашқы күніне бастап, көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген несиелеу бағдарламасының оң тәжірибесін негізге ала отырып, айналым қаражатының тапшылығын шешу үшін мал шаруашылығына 50 млрд теңге көлемінде жылдық 5%-дан аспайтын мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру іске қосылды.
Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын орындау мақсатында мал шаруашылығын дамытудың нақты, қаржылық тұрғыда қамтамасыз етілген шаралары бар жеке кешенді жоспар әзірленуде.
Онда асыл тұқымды мал сатып алуға несиелер, «Даму» қоры арқылы қарыздарға кепілдік беру, жас фермерлерге жер алу рәсімдерін жеңілдету, сала қызметкерлеріне әлеуметтік жеңілдіктер сияқты жаңа қолдау түрлері көзделетін болады,-деп атап өтті Министр.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бағдарламасы жалғасын табатын болады. Бұл бағдарлама басталғалы еліміз көлемінде жалпы қуаттылығы жылына 316 мың тонна болатын 50 сүт-тауарлы ферма іске қосылды.
Айдарбек Сапаров қабылданып жатқан мемлекеттік шаралар Жамбыл облысының ғана емес, республиканың аграрлық секторын тұрақты әрі бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік беретінін айтты.
Кездесу барысында қатысушылар қайта өңдеу кәсіпорындарын жеңілдетілген несиелеу, жеңілдетілген лизинг, тұқым шаруашылықтарын дамыту және басқа да өзекті мәселелерді талқылады.
Одан кейін министр азаматтарды жеке қабылдап, әрі қарай «Талап» шаруа қожалығындағы егін жинау жұмыстарының барысымен танысты.
- 07.10.2025
- 4