- Блогтар
- Сапаров А.C.
Сапаров А.C.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі
Айдарбек Сапаров «PepsiCo Central Asia» зауытының құрылысы барысымен танысты
Алматы облысына жұмыс сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарын аралап, экспорттық әлеуетті нығайтуға және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған ауқымды инвестициялық жобалардың орындалу барысымен танысты.
Мәселен, Алатау қаласының индустриялық аймағында «PepsiCo Central Asia» ЖШС-не қарасты тұзды жеңіл тағамдар шығаратын зауыт құрылысы жалғасуда. Жоба 2023 жылы басталған, инвестиция көлемі шамамен 160 млрд теңгені құрайды.
Аумағы 50 мың шаршы метр болатын кәсіпорын іске қосылғаннан кейін Орталық Азиядағы ең ірі зауыттардың біріне айналып, компания құрамындағы ең ірі он зауыттың қатарына кірмек.
Қазіргі уақытта жобаның бірінші кезеңі қолға алынған. Өндіріс жұмысы 2026 жылы басталады деп жоспарлануда. Өңдеу қуаттылығы бір жылда 70 мың тонна картоп пен 21 мың тонна дайын өнім өндіруге жетеді.
2028 жылға межеленген жобаның екінші кезеңінде өндірістік қуаттылық 70 мың тонна дайын өнім мен 21 мың тонна шикізатқа дейін ұлғайтылмақ.
Зауыттың негізінен түрлі дәмдік қоспалары бар қытырлақ картоп өнімдерін шығарады және ішкі нарыққа да, ТМД елдеріне де экспортталатын болады.
«PepsiCo зауыты сияқты жобаларды жүзеге асыру Қазақстан үшін стратегиялық маңызды. Өйткені бұл тек жаңа жұмыс орындары мен салық түсімдері ғана емес, сонымен қатар халықаралық нарықта еліміздің оң имиджін қалыптастыратын экспорттық өнім», – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Министр сондай-ақ жеміс-жидек өнімдерін терең өңдеу саласындағы инновациялық жобалардың бірін жүзеге асырып жатқан FRUIT ART экспорттық жеміс-жидек кластерінің қызметімен де танысты.
Жобаға салынған инвестициялар көлемі 44 млрд теңгеден асты.
Кешен құрамына қуаттылығы жылына 5 мың тоннаға дейін неміс технологиясымен өнім шығаратын сублимациялық комбинат, 15 мың тоннаға арналған заманауи жеміс қоймасы, нидерланд технологиясымен жыл бойы құлпынай өсіруге арналған 5,5 га аумақтағы жылыжай кешені кіреді.
FRUIT ART-тың шикізат базасы 2,4 мың гектардан астам интенсивті бақтар мен жидек алқаптарын қамтиды, бұл өндірістің тұрақтылығын және ауқымдылығын қамтамасыз етеді. Компания өнімдері ішкі нарыққа да, алыс және жақын шетелдерге де шығарылады.
- 07.10.2025
- 4