- Блогтар
- Сапаров А.C.
Сапаров А.C.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі
Қостанай облысында қайта өңдеу және мал шаруашылығы салаларында инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қостанай облысына жұмысы барысында аграрлық сектордың бірқатар ірі кәсіпорындарын аралап, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу саласында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалармен және заманауи технологияларды енгізу барысымен танысты.
Министр ең алдымен «Джаркөл элеваторы» ЖШС-на барды.
Кәсіпорын дәнді дақылдарды қабылдау, кептіру, тазалау, сақтау және қоймаға орналастыру жұмыстарымен айналысады. Жалпы сақтау қуаттылығы – 142,6 мың тонна, оның ішінде 133 мың тоннасы – элеваторлық, 9,6 мың тоннасы – қоймалық орындар. Өндірістік кешен құрамында 10 қабылдау бункері мен 4 жерүсті қоймасы бар, бұл астықтың сапалы сақталуын және өңірдің астық нарығының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.
Кәсіпорында екі заманауи астық кептіргіш орнатылған, олардың көмегімен келіп түскен өнімді жедел өңдеу мүмкіндігі бар. Негізгі экспорт бағыттары – Өзбекстан, Ауғанстан, Қытай, Бельгия, Италия, Алжир және Иран. 2025 жылы кәсіпорын астық қабылдау көлемін 200 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
«Олжа Алтын-Инвест» ЖШС 1 200 сауын сиырға арналған сүт-тауар фермасын салу жобасын жүзеге асыруда. Ферма қуаттылығы жылына 14 мың тонна сүт өндіруге есептелген. Жобаның бірінші кезеңі – 600 бас ірі қараға арналған нысан – іске қосылды, ал екінші кезең 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Жоба аясында жоғары өнімді тұқымды 240 тана әкелінген.
Бұдан бөлек Айдарбек Сапаров науқан қызу жалғасып жатқан «Олжа Алтын-Инвест» егіс алқабын аралап көрді.
Заманауи технологияларды қолдану және агротехникалық талаптарды сақтау нәтижесінде өнімділік гектарына 33 центнерді құрап отыр. Бұл мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігінің нақты көрсеткіші.
Айдарбек Сапаров сондай-ақ майлы дақылдарды қайта өңдеумен және өсімдік майын өндірумен айналысатын «Промбаза-7» ЖШС май экстракциялық зауытына барды. Кәсіпорынның тәуліктік өңдеу қуаттылығы – 150 тонна, жылдық көлемі – 6 361 тонна. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айлары аралығында зауыт 2,1 мың тонна май өндірді. Өнім Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қытай нарықтарына экспортталуда. Министрдің айтуынша, майлы дақылдарды қайта өңдеуді дамыту – ауыл шаруашылығында қосылған құнды арттырудың және саланы әртараптандырудың маңызды тетігі болып табылады.
Сапар барысындағы маңызды нысандарының бірі – «Баян Сұлу» АҚ болды. Кәсіпорынның тәуліктік өндірістік қуаттылығы – 320 тонна, ал жылдық қуаттылығы – 85 мың тонна. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында 26,2 мың тонна өнім өндірілді. Фабриканың өнім алуандығы 300 түрлі кондитерлік тағамдарды қамтиды. Өнімдер ішкі нарыққа және ТМД елдеріне экспортталады.
Сапар соңында министр «Тэрра» шаруа қожалығына барды. Шаруашылық картоп пен көкөніс өсірумен айналысады. Картоп егісінің жалпы ауданы – 175 гектар, орташа өнімділігі – гектарына 355 центнер, жалпы жиналым – 3 869 тонна. Көкөніс егістігі – 51 гектар, өнімділігі – гектарына 612 центнер. Өнім екі картоп сақтау (7,8 мың тонна) және екі көкөніс сақтау қоймаларында (4 мың тонна) сақталады. Бұл инфрақұрылым өнім сапасын сақтап, маусымаралық кезеңде нарықты үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Қостанай облысы экономикасын әртараптандыру мен агроөнеркәсіптік кешенді жан-жақты дамытудың жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Мұнда заманауи өндірістер құрылып, инновациялық шешімдер енгізілуде, бұл өз кезегінде өнімділіктің, жұмыспен қамтудың және ауыл тұрғындарының әл-ауқатының артуына тікелей әсер етеді», — деді Айдарбек Сапаров.
- 23.10.2025
- 24


