- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
26 қазан – Қазақстанның Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні
Дәстүр бойынша қазан айының соңғы жексенбісінде Қазақстанда Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Биылғы жылы мереке 26 қазанға келеді. Бұл өмірде қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдаумен, қорғаумен айналысатын адамдарға арналған, олардың рөлінің маңыздылығын, әділ және гуманитарлық қоғам құруға қосқан үлестерін атап өтетін күн.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудағы әлеуметтік қызметкерлердің ерекше үлесін атап өтіп, оларды келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Бүгінде халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызмет (бұдан әрі – АӘҚ) көрсететін 40 мың маман жұмыс істейді. Олардың ішінде медицина қызметкерлері, арнайы педагогтар және әлеуметтік қызметкерлер бар. Республика бойынша әлеуметтік қызметкерлер саны
12 598 адамды құрайды, оның 1 259-і үкіметтік емес секторда жұмыс істейді.
Қазақстанда 433-ке жуық мемлекеттік ұйым АӘҚ көрсетеді. Олардың қатарында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары, күндізгі болу орталықтары, оңалту орталықтары және үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері бар. Сондай-ақ, еліміз бойынша 145 ҮЕҰ арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді.
Әлеуметтік қызметкерлер 8 қызмет түрін көрсетеді, атап айтқанда: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбек және әлеуметтік-медициналық.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер алушылардың жасын және денсаулық жағдайын, сондай-ақ тұрмыс жағдайларын ескере отырып, оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес тағайындалады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында арнайы әлеуметтік қызметтер (АӘҚ) көрсету жүйесін келесі бағыттар бойынша жаңғырту жұмыстарын жүргізуде: АӘҚ және тариф белгілеу стандарттарын жетілдіру; арнайы әлеуметтік қызметтер жүйесін демонополизациялау және деинституализациялау; әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін арттыру.
АӘҚ сапасын арттыру және қызмет алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізілді. Сонымен қатар, жан басына шаққан қаржыландыру жүйесіне көшу және бизнес-процестерді цифрландыру қолға алынды. Бүгінгі таңда 578 ұйымға лицензия берілді, бұл мекемелерде 93 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіледі.
Бұдан басқа, 2025 жылдың басынан бастап АӘҚ көрсететін мамандардың Реестрі енгізілді. Бұл – әлеуметтік қызметтер порталына тіркелген мамандар туралы барлық ақпаратты қамтитын электрондық тізілім. Онда әлеуметтік қызметкердің жеке деректері, білімі, біліктілігін арттыру туралы мәліметтері, аттестаттаудан өтуі, еңбек өтілі және т.б. деректер қамтылған. Бұл реестр мүгедектігі бар адамдарға өздеріне қажетті маманды еркін таңдауға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік кодексте әлеуметтік қызметкерлерге жеке тарау арналғанын атап өткен жөн, онда олардың кәсіби қызметті жүзеге асырудағы құқықтары мен міндеттері, жұмыстың мәртебесі мен ерекшеліктері, Кәсіби құпия мен мінез-құлық әдебі туралы ұғымдар, кәсіби қызметті орындауға байланысты шектеулер және әлеуметтік кепілдіктер көрсетілген.
Әлеуметтік кодексті іске асыру шеңберінде орындалатын жұмыстардың кәсіби деңгейі мен күрделілігін ескере отырып, оқыту, сертификаттау және санаттар беру, сондай-ақ еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу арқылы әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін арттыру көзделеді.
Бүгінгі таңда 12 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер арнайы оқытудан өтті, олардың ішінде 2 мыңнан астам маманға біліктілік санаттары берілді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы мен мәртебесін арттыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде.
Мәселен, 2021-2024 жылдар аралығында АӘҚ көрсету орталықтарында жұмыс істейтін әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру жүргізілді. Нәтижесінде әрбір қызметкердің жалақысы 2 есеге өсті. Сонымен қатар әкімшілік және көмекші персонал қызметкерлерінің, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерде, үйде қызмет көрсету, уақытша болу ұйымдарында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы қолданыстағы қосымша ақының мөлшерін базалық лауазымдық жалақыдан 30%-дан лауазымдық жалақыдан 40%-ға ұлғайту жолымен арттырылды.
«Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні – бұл әлеуметтік жұмыстың маңыздылығы мен құндылығын атап өтуге, әлеуметтік қызметкерлерге ерекше еңбектері үшін ризашылық пен құрмет көрсетуге мүмкіндік беретін күн. Бұл мереке бізге өмірдің қиын жағдайына тап болған жандарға қамқорлық пен қолдау көрсету қажеттілігін және әлеуметтік әділеттілік пен теңдіктің маңыздылығын еске салады.
Сіздерге ерекше күтім мен қамқорлықты қажет ететін адамдардың мәселелері жүктеледі. Сіздердің жұмыстарыңыз тек еңбекқорлық пен өз істеріңізге деген адалдықты ғана емес, сонымен бірге қайырымдылық пен үлкен шыдамдылықты, жанашырлықты қажет етеді. Қарттар мен мүгедектігі бар адамдардың, көпбалалы және табысы аз отбасылардың, жұмыссыздардың және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарының жағдайын жақсарту жолында қосып жатқан үлестеріңіз айрықша.
Ерекше назар мен жанашырлықты қажет ететін адамдардың тағдыры сіздердің мойындарыңызға жүктелген. Сіздердің еңбектеріңіз – тек табандылық пен адалдықты ғана емес, сонымен қатар жүрек жылуын, шексіз төзімділікті, жанашырлық пен адамға деген ерекше сезімді талап етеді. Қарттар мен мүгедектігі бар жандардың, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, жұмыссыздар мен өзге де әлеуметтік осал топтардың жағдайын жақсартуға қосып жатқан үлестеріңіз – ерекше әрі өлшеусіз.
Құрметті әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері! Сіздерді келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, бақыт, береке, тыныштық пен жақсылық тілеймін! Сіздердің өлшеусіз еңбектеріңіз Қазақстанның тұрақты дамуына өз үлесін қоса берсін. Барлық бастамаларыңыз әрдайым табысты, жемісті болсын!» – делінген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың құттықтауында.
Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні қарсаңында бүгін Астанада «Әлеуметтік вектор: кәсібилік, құрмет, цифрлық болашақ» атты халықаралық форум өтеді. Форум аясында «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау бойынша салтанатты рәсім ұйымдастырылады. Аталған байқау — әлеуметтік саладағы белсенді мамандар мен жаңашыл бастамаларды анықтауға және ынталандыруға, сондай-ақ әлеуметтік қызметкерлер кәсібінің беделін арттыруға бағытталған.
- 24.10.2025
- 13


