- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Астанада әлеуметтік сала ардагерлері мен үздік әлеуметтік қызметкерлер марапатталды
«Әлеуметтік вектор: кәсібилік, құрмет, цифрлық болашақ» халықаралық форумы аясында әлеуметтік сала ардагерлері мен қызметкерлерін, сондай-ақ «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» республикалық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімдері өтті.
Форум барысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов елдің әлеуметтік саласының дамуына елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлері мен сала қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыстады. Барлығы 15 адам марапатталды.
«Парасат» орденімен – Кеңесбек Махамбетов марапатталды.
«Құрмет» орденімен – Майгүл Жақанова, Алмакул Даутова мен Марат Жаныбеков марапатталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен – Мұратбек Ищанов, Күлпәш Темірбекова, Нұргүл Дүкенова, Болат Үсембаев, Гүлназ Тлеуберлинова, Рафиса Ризванова, Ирина Колибер, Амангүл Нұрлаева мен Захира Бегалиева марапатталды.
«Шапағат» медалімен – Альмира Дисюпова мен Зауреш Айтжанова марапатталды.
Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған республикалық «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Марапаттарды министр Светлана Жақыпова табыстады.
Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында өткен байқау әлеуметтік қызметкерлердің беделін арттыруға және қазақстандықтарға көмек көрсетуді өз өмірінің басты ісіне айналдырған үздік мамандарды атап өтуге бағытталды.
Байқауға республика өңірлерінің барлығынан мыңнан астам өтінім түсті. Жеңімпаздарды анықтау бірнеше кезеңнен тұрды және финалға 129 қатысушы өтті. Республикалық комиссия әр финалистің кәсіби жетістіктері мен бейнематериалдарын 10 балдық шкала бойынша бағалады. Бағалау кезінде жұмыс өтілі, марапаттардың болуы, инновациялық тәсілдерді қолдануы, бейнеролик сапасы мен тақырыпты ашу деңгейі сияқты өлшемшарттар ескерілді. Комиссия ұпайларына 1–5 қазан аралығында өткен онлайн-халықтық дауыс беру нәтижелері де қосылды: әрбір дауыс 0,1 балл ретінде есептелді. Осылайша, қорытынды нәтиже комиссия және онлайн-дауыс беру ұпайларының жиынтығынан шығарылды.
Кешенді бағалау нәтижесінде келесі жеті номинация бойынша жеңімпаздар анықталды:
- «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының үздік әлеуметтік қызметкері» – Ермек Қалымбетов (Түркістан облысы, 136 балл);
- «Үйде қызмет көрсету ұйымының үздік әлеуметтік қызметкері» – Екатерина Китаева (Астана қ., 137 балл);
- «Үздік мемлекеттік әлеуметтік инспектор» – Дәулет Сенгербаев (Алматы облысы, 125 балл);
- «Медикциналық-әлеуметтік сараптама саласының үздік қызметкері» – Хазима Есетова (Батыс Қазақстан облысы, 127 балл);
- «Үздік әлеуметтік педагог» – Айгерім Қарыбаева (Қызылорда облысы, 139 балл);
- «Еңбек ұтқырлығы орталығының (мансап орталығының) үздік әлеуметтік қызметкері» – Айгерім Бейсенбаева (Ақмола облысы, 125 балл);
- «Үздік әлеуметтік жоба» – мүгедектер арбасын жөндеу бойынша «Нақты көмек» жобасымен қатысқан Шолпан Ахметова (Жамбыл облысы, 76 балл).
Байқау жеңімпаздарына естелік мүсіндер мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған марапаттау рәсімдері аталған мамандардың азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, әділ әрі инклюзивті Қазақстанды қалыптастыруға қосқан баға жетпес үлесін мемлекет пен қоғам тарапынан жоғары мойындаудың жарқын көрінісі болды.
- 24.10.2025
- 18


