- Блогтар
- Ертаев А. М.
Ертаев А. М.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Астанада аутизм спектрі бұзылған балаларды қолдау мәселелері талқыланды
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Дүниежүзілік аутизм туралы ақпараттандыру күніне орайластырылған «Түсіністік түсі: ерте араласудан әлеуметтендіруге дейін» атты диалог алаңына қатысты. Іс-шараны «Қамқорлық» корпоративтік қоры серіктестерімен бірлесіп ұйымдастырды.
Алаң мамандарды, мемлекеттік органдардың өкілдерін, үкіметтік емес ұйымдарды, ата-аналар қауымдастығын және сарапшыларды біріктірді. Қатысушылар аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларды ерте диагностикалау, кешенді сүйемелдеу, инклюзивті білім беруді дамыту, әлеуметтік бейімдеу және отбасыларды қолдау шараларын талқылады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда аутизм спектрінің бұзылыстары бар 21 мыңнан астам бала тіркелген. Министр өз сөзінде аутизмі бар балаларды қолдау мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
«Аутизмі бар балалар санының артуы мемлекеттен жүйелі және озық әрекет етуді талап етеді. Біздің стратегиялық міндетіміз – аутизмі бар әрбір бала өз әлеуетін барынша іске асыра алатын, ал оның отбасы қажетті әрі уақтылы қолдау алатын жағдай жасау», – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.
Ведомство басшысы жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды: ерте диагностикалауды күшейту, ерте жастан ересек өмірге дейінгі үздіксіз сүйемелдеу моделін қалыптастыру, оңалту орталықтарының инфрақұрылымын дамыту, мамандар даярлау және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту.
Іс-шара аясында министр ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін мамандар мен ұйымдарға алғыс хаттар табыстады.
Кездесу «Балалық шақ кеңістігі» атты көркем жұмыстар көрмесінің ашылуымен аяқталды. Онда еліміздің барлық өңірлерінен келген ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 60-тан астам шығармашылық жұмысы ұсынылған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында бірыңғай үздіксіз сүйемелдеу моделін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.
- 02.04.2026
- 5


