- Блогтар
- Аринов Ч.С.
Аринов Ч.С.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі
Тәуелсіздік тарихында алғаш рет Жәйрем кентінде әмбебап құтқару бөлімшесі ашылды
Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Ұлытау облысының Жәйрем кентінде алғашқы әмбебап құтқару бөлімшесін ашты. Бұл оқиға өңір үшін тарихи маңызды. Тәуелсіздік жылдары ішінде Жәйрем кентінде алғаш рет
азаматтық қорғау бөлімшесі құрылды, бұған дейін мұнда өрт сөндіру бөлімі болмаған.
Ашылу рәсіміне облыс әкімі Дастан Рыспеков, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, ардагерлер және азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Жаңа нысанның басты ерекшелігі оның әмбебап форматында. Мұнда өрт сөндіру бөлімшелерімен қатар жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының мамандары қызмет атқаратын болады. Өрт сөндірушілерді, құтқарушылар мен медицина қызметкерлерін бір базада біріктіру төтенше жағдайларға әрекет ету тиімділігін едәуір арттырады.
«Азаматтық қорғау жүйесін дамытудағы мемлекеттің жан-жақты қолдауы материалдық-техникалық базаны нығайтуға және халықты қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Кентте әмбебап құтқару бөлімшесінің ашылуы өңірдің қауіпсіздік жүйесін дамытудағы маңызды қадам болып табылады», — деп ТЖМ басшысы атап өтті.
Ғимарат жеке құрамның тиімді жұмысын қамтамасыз ететін заманауи инфрақұрылыммен жарақталған. Тәулік бойы қызмет атқаруға барлық жағдай жасалған. Техникаға арналған кең бокстар, кезекші-диспетчерлік қызмет, газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті, оқу сыныптары, демалыс бөлмелері, тұрмыстық үй-жайлар, «Batyr Team» спорт залы, әмбебап спорт алаңы, сондай-ақ құтқарушылар мен медицина қызметкерлеріне арналған мамандандырылған аймақтар қарастырылған.
Салтанатты іс-шара барысында ведомство басшысы құтқарушыларға жаңа өрт сөндіру автоцистернасы мен жедел-құтқару автокөлігінің кілттерін табыс етті. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, құтқарушылар және азаматтық қорғау жүйесін дамытуға үлес қосқан азаматтар ТЖМ және облыс әкімінің ведомстволық наградаларымен
наградталды.
Жәйрем инфрақұрылымы дамыған, тау-кен өндіру саласының кәсіпорындары жұмыс істейтін өнеркәсіптік кент. Мұндай жағдайда заманауи әрекет ету жүйесінің болуы ерекше маңызға ие. Жаңа нысан халқы 10 мыңнан асатын кент пен жақын маңдағы елді мекендерде қауіпсіздік деңгейін едәуір арттыруға, сондай-ақ бөлімшелердің оқиға орындарына жету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Дәстүр бойынша іс-шара қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған экологиялық акция аясында бөлімше аумағында ағаш отырғызумен аяқталды.
- 13.04.2026
- 5


