- Блогтар
- Аринов Ч.С.
Аринов Ч.С.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі
ТЖМ басшысы Қызылкесік ауылында 169-шы «Ауыл құтқарушылары» пунктін іске қосты
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Абай облысы Ақсуат ауданының Қызылкесік ауылында «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы бекетін ашты. Ведомстволық бағдарлама еліміздің барлық өңірлерінде кезең кезеңімен іске асырылып, ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің маңызды бөлігіне айналуда. Ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли, сондай-ақ жергілікті тұрғындар қатысты.
Ашылу барысында ТЖМ басшысы шалғай ауылдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ведомствоның негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, аталған пункттің ведомстволық эталондарға толық сәйкес келетінін айтты. Ол «Ауыл құтқарушылары» бекеттері желісін кеңейту төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқартуға және ауыл тұрғындарының өртке қарсы қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал ететінін жеткізді.
Бұл бекеттің қызмет көрсету аймағына Қызылкесік, Егіндібұлақ және Үштөбе ауылдары, сондай-ақ 40-тан астам қыстақ кіреді. Жалпы қызмет көрсетілетін аумақта 736 тұрғын үй орналасқан, онда 2072 адам тұрады.
Еріктілер тәулік бойы кезекшілік атқарады. Ведомство бұл бекетті қажетті техникамен және жабдықтармен қамтамасыз етті: өрт сөндіру автоцистернасы, өрт-техникалық құралдар, арнайы нысанды киім және байланыс құралдары. Сондай-ақ жеке құрам үшін тұрмыстық үй-жайлар мен демалыс бөлмелері қарастырылған.
Салтанатты іс-шара барысында Шыңғыс Әрінова азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерін және құрмет грамоталарын азаматтық қорғау саласының дамуына үлес қосқан қызметкерлер мен ұйым өкілдеріне табыс етті.
Сонымен қатар Абай облысының әкімі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және төтенше жағдайларға ден қою жүйесін дамытуға белсенді атсалысқан үздік қызметкерлер мен жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне алғыс хаттар табыстады.
Іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында бекет аумағында дәстүрлі ағаш отырғызу рәсімімен аяқталды.
- 27.04.2026
- 5


