- Блогтар
- Сыздықбеков Ғ.Ә.
Сыздықбеков Ғ.Ә.
Шымкент қаласының әкімі
ШЫМКЕНТТЕ «БІРЛІК ДАСТАРҚАНЫ» ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ
Шымкент қаласының Орталық саябағында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бірлік дастарқаны» ауқымды фестивалі өтті. Мерекелік іс-шара түрлі этнос өкілдерін, қоғамдық ұйымдарды және қала тұрғындарын бір арнаға тоғыстырып, татулық, өзара құрмет пен мәдени әралуандықтың жарқын көрінісіне айналды.
Фестивальде бірнеше тақырыптық алаң ұйымдастырылды. Қонақтар отандық өндірушілердің ұлттық нақышта безендірілген өнімдер көрмесімен танысып, қолданбалы өнер шеберлері мен кәсіби суретшілердің мозаикалық туындыларын тамашалады.
Ұлттық спорт сайыстары көпшіліктің ерекше қызығушылығын туғызып, жас қатысушыларға халықтар достығы мен бірлігі тақырыбында сурет байқауы өткізілді.
Сондай-ақ, фестиваль аясында дәстүрлі тағамдарды әзірлеу үрдісі көрсетіліп, келушілерге ұлттық ас мәзірінің дайындалу ерекшеліктері таныстырылды.
Бұдан бөлек, этномәдени бірлестіктер өкілдері үлкен қазанда бірлесіп тағам дайындап, бірлік пен ынтымақтың мәнін іс жүзінде көрсетті. Іс-шараның басты нышаны – қазақтың дәстүрлі тағамдары ұсынылған «Бірлік дастарқаны» болды. Қонақтарға ұлттық тағамдардың маңызы мен ерекшеліктері түсіндіріліп, олардың мәдени құндылығы мен тарихи мұраны сақтаудағы рөлі атап өтілді.
- 08.05.2026
- 4


