- Блогтар
- Сапаров А.C.
Сапаров А.C.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі
Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті
Пандемияға байланысты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы онлайн форматында өтті. Отырыс жұмысына бейнебайланыс арқылы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр қатысты.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың төрағалығымен өткен іс-шара барысында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2020 жылы атқарылған жұмыс қорытындысы мен 2021 жылға арналған міндеттері қаралды.
Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларын дамыту қорытындыларын, сондай-ақ 26 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент берген тапсырмаларды ескере отырып, 2021 жылға арналған жоспарлар туралы айтты.
Бірінші вице-министр өткен жылы COVID-19 пандемиясына қарамастан агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау шаралары жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және пандемия саланы дамытудың негізгі көрсеткіштеріне кері әсер ете алмағанын атап өтті.
«Өткен жылы дағдарысқа қарсы шараларды есептегенде мемлекеттік қолдау көлемі 366 млрд теңгеге дейін жетті. Бұл 2019 жылғы деңгейден 13%-ға артық. Нәтижесінде, барлық макрокөрсеткіштер бойынша өсімге қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 5,6%-ға артып, 6,3 трлн. теңгені құрады. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең жоғары өсім көрсеткіші. Мәселен, тамақ өнімдерін өндіру 4%-ға, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар ағыны 15%-ға, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 13,5%-ға ұлғайды. Осының нәтижесінде агроөнеркәсіп кешеніне салынған инвестицияларының жалпы көлемі 677,2 млрд. теңгені құрап, негізгі жоспардан 154,2 млрд. теңгеге артық орындалды», - деп хабарлады А.Сапаров.
Сондай-ақ, ол импортты алмастыру аясында өткен жылы жалпы қуаты 93 мың тонна сүт өндіруге жететін 48 тауарлы сүт фермасы, жылына 63 мың тонна алма жинауға болатын 1800 гектар бақша, 33 мың тонна ет өндіруге мүмкіндігі бар 3 ет комбинаты, 95 мың тонна құс етін өндіре алатын 8 құс фабрикасы, 2,2 мың тонна балық өндіретін 3 нысан іске қосылғанын айтты.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жобасының тұжырымдамасын әзірлеу жөнінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов хабарлады.
Ол Тұжырымдаманы әзірлеп, талқылау үшін салалық жұмыс топтары құрылғанын, оның құрамына «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтар мен фермерлер одақтарының, аграрлық ғылымның, облыс әкімдіктерінің және FAO өкілдері кіргенін айтты. Құжат бірнеше рет осы жұмыс топтарының талқылауынан өтті.
«Тұжырымдама – бұл негізгі құжат емес, біздің алдымызда ұлттық жобаның мәтінін әзірлеп, бекіту міндеті тұр. Бұл кезеңдегі талқылау жалғасады. Ұлттық жобаның мәтінін дайындағанда оған «Атамекен» ҰКП, FAO, салалық қауымдастықтар мен одақтар, фермерлер мен мемлекеттік орган өкілдері қатысады. 26 наурызда бизнес өкілдері Тұжырымдаманы АӨК және тамақ өнеркәсібі комитеттерінің бірлескен отырысында мақұлдады, онда мүдделі тараптардың ұсыныстары барынша ескерілді», - деді вице-министр.
Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта ауыл шаруашылығының дамуына бірқатар факторлар, әсіресе, әлем елдеріне азық-түлік қауіпсіздігі проблемасын тудырған коронавирустық пандемияның кері әсер еткенін айтты. Осыған байланысты импортты алмастыру мәселесі басымдыққа ие болып отыр.
«Бұрын өнімді экспортқа бағыттау мемлекеттік ауыл шаруашығы саясатының басты ұстанымдарының бірі болатын. Бірақ пандемия алдымен ішкі нарықты толық қамтамасыз ету өте маңызды аспект екенін көрсетті. Сондықтан, экспортпен қатар импортты алмастыру мәселелері кешенді түрде шешілетін болады», - деді Р.Құрманов.
Вице-министрдің айтуынша, Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде 5 жылда АӨК-дегі еңбек өнімділігін 2,5 есеге ұлғайту, өнім экспортын және ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің табысын 2 есеге арттыру, сондай-ақ қосымша 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету үшін салаға 4,1 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Алқа отырысында аграрлық ғылымды реформалау, ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік қызметтері тақырыбы да қозғалды.
- 31.03.2021
- 262