- Блогтар
- Ертаев А. М.
Ертаев А. М.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Еңбек министрлігінде әлеуметтік нысандарды лицензиялау жұмыстарының қорытындылары шығарылды
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ведомство басшысы Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен кеңес өтіп, онда әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарын лицензиялау қорытындылары, еңбек құқықтарын қорғау және заңнаманы жетілдіру мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе арнаулы әлеуметтік қызметтер (ӘАҚ) көрсететін ұйымдарды міндетті лицензиялау нәтижелерін талқылау болды. 2025 жылы басталған бұл реформа халықтың әлеуметтік осал топтарына қауіпсіз орта қалыптастыруға және көрсетілетін қызметтердің сапасына кепілдік беруге бағытталған.
2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша елімізде лицензиялау процесі іс жүзінде аяқталды. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 644 ұйымның 638-і лицензия алып, көрсеткіш 99,5%-ды құрады. Лицензиялау стационарлық, жартылай стационарлық және үй жағдайында қызмет көрсететін мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелер мен үкіметтік емес сектор ұйымдарын қамтыды.
«Лицензиялау – бұл жай ғана формалды тіркеу емес, ең алдымен тамақтану, медициналық күтім және тұру жағдайлары стандарттарының сақталуына қойылатын қатаң бақылау. Жоғары көрсеткіш жүйенің әрбір қызмет алушының мүддесі үшін бірыңғай сапа талаптарымен жұмыс істеуге дайын екенін көрсетеді», – деді министр.
Кеңес барысында еңбек әулеттерін қолдауға және жастар арасында еңбекке деген құрмет құндылығын қалыптастыруға бағытталған «Еңбек жолы» республикалық конкурсына дайындық жұмыстары туралы да айтылды. Сонымен қатар министрлік бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі жыл сайынғы «Парыз» конкурсына өтінім қабылдауды бастауды жоспарлап отыр. Аталған іс-шаралар әлеуметтік әріптестікті дамыту және жауапты жұмыс берушілерді қолдау бағытындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі саналады.
Жиын аясында заң жобаларын әзірлеу жұмыстарының барысы да қаралды. Қазіргі таңда министрлік әлеуметтік және еңбек саласын жетілдіру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.
Кеңес қорытындысында Асқарбек Ертаев өңірлерде еңбек құқықтарының сақталуына мониторингті күшейтуді және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған барлық заңнамалық бастамалардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
- 19.05.2026
- 3


