- Блогтар
- Әбілқасымова М.Е.
Әбілқасымова М.Е.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы
Тұтынушылық кредиттеу тәуекелдерін азайту туралы
Құрметті қазақстандықтар!
Өткен жылдың басынан бастап Агенттік тұтынушылық кредиттеу тәуекелдерін азайту жұмысын жүргізуде.
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кепілсіз тұтынушылық қарыздар мен микрокредиттер бойынша тұрақсыздық айыпақысын және комиссиялар есептеуге тыйым салу түрінде реттеушілік шаралар қабылданды. Бұл 90 күннен астам ақы төлеу мерзімін кешіктірген азаматтарға қатысты. Сонымен қатар тұтынушылық кредиттеудің шамадан тыс өсуіне жол бермеу және халықты кепілсіз қарыздар бойынша кредиттік тәуекелдерден қорғау үшін күнкөріс деңгейінен төмен кірісі бар азаматтарға қарыз беруге тыйым салу белгіленді.
Сонымен бірге реттеуші былтырдан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдарының кредиттер бойынша төлемдері қарыз алушының ай сайынғы кірісінің 50%-ынан асса, оларға қарыз алушыларға тұтынушылық қарыздар беруге тыйым салатын борыш жүктемесінің коэффициентін белгіледі. Бұл ретте, банктер және микроқаржы ұйымдары кірістер мен мүлік туралы шынайы деректер негізінде қарыз алушылардың төлем жасау қабілетіне бағалау жүргізуге міндетті болады. Бұдан басқа, банктер мен микроқаржы ұйымдарын тұтынушылық кредиттерді агрессивті беруден ынталандырмау үшін капиталды резервтеуді 150%-дан 300%-ға дейін екі есе ұлғайту түрінде банктердің тұтынушылық кредиттер бойынша меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициенттері көтерілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде банктердің тәуекел дәрежесі төмендеді, ал тұтынушылық қарыздар бойынша меншікті капиталға жүктеме орта есеппен 140%-дан 150%-ға дейін өсті, атаулы әлеуметтік көмек алатын қарыз алушылар саны 112 мың адамға дейін 53%-ға азайды, тұтынушылық қарыздардың жалпы өсу қарқыны 4,3%-ға дейін төмендеді.
Бұл ретте тұтынушылық қарыздар бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешек деңгейі өткен жылы 6,9%-ға дейін төмендеді, мәлімет үшін, 2019 жылы бұл көрсеткіш 8,6%-ды құрады. Халыққа кредит берудің негізгі өсуі ипотекалық қарыздар есебінен болды, оны беру көлемі 2020 жылы 34,3%-ға өсті.
Агенттік оңалтудың жаңа тетігін әзірледі, онда кредит мерзімі 90 күннен асып кеткен жағдайда, қарыз алушыға «оңалтылған» мәртебесін беру көзделеді. Банк жүйелері мұндай азаматтарға жаңа қарыздар беруден бас тартып, оларды тәуекел деңгейі жоғары қарыз алушылар деп танитын жағдайлар кездеседі. Кредиттік бюро жүйесінде қарыз алушыға «оңалтылған» мәртебесін беру көзделеді. Бұл мәртебе азаматтың банктер мен басқа кредит берушілер алдындағы міндеттемелерін адал орындағанының растауы болады. Мұндай мәртебе алу үшін ешқандай құжат талап етілмейді, рәсімді кредиттік бюро мерзімі өткен қарызды өтегеннен кейін 12 ай өткен соң және осы мерзімде басқа мерзімі өткен берешек болмаған жағдайда жүргізеді.
Мерзімі өткен берешегі толық емес, ішінара өтелген қарыз алушылардың басқа санаты саласында да тетік енгізілуде. Банктер әрбір осындай қарыз алушымен кейіннен өтеудің неғұрлым ыңғайлы кестесімен оңалту жоспарын жасау үшін оның төлем қабілеттілігін бағалау бойынша жеке жұмыс жүргізетін болады. Тиісінше, мұндай қарыз алушылардың «оңалтылған» мәртебесін алуы оңалту жоспарын орындаған жағдайда және соңғы 12 айда өзге мерзімі өткен берешек болмаған кезде мүмкін болады.
Кредиттерін алған сәттен бастап өтемеген қарыз алушылар санатымен де жұмыс жүргізілуде. Оларға проблемалық берешекті реттеудің сотқа дейінгі жаңа тәртібі қолданылатын болады. Соттарға жүктемені жедел шешу және азайту үшін Агенттік сотқа дейінгі реттеудің бірыңғай құқықтық режимін енгізуді көздейтін заңнамалық нормаларды әзірледі. Жаңа тәртіп шеңберінде банктер осындай қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалау жөнінде жеке жұмыс жүргізуге және оңтайландырылған борыш жүктемесі мен борышты өтеудің жаңа кестесін қамтитын кредитор мен қарыз алушы үшін өзара қолайлы оңалту жоспарын жасауға міндетті болады. Заңнамалық түзетулерді қабылдау қарыз алушылардың өтініштерін қарау және олардың проблемалық берешектерін реттеу мерзімдерін екі есеге - 180 күннен 90 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
- 05.04.2021
- 253