- Блогтар
- Ертаев А. М.
Ертаев А. М.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Еңбек министрлігінің Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесі құрамын жаңартып, практикалық жұмысты күшейтеді
Бүгін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің қазіргі құрамдағы қорытынды отырысы өтті. Кеңестің жаңа құрамын қыркүйек айының соңына дейін қалыптастыру жоспарланып отыр. Бұл ретте практикалық жұмысқа, өзекті мәселелерді жедел қарауға және нақты шешімдерді бірлесіп әзірлеуге басымдық беріледі.
Үйлестіру кеңесі мемлекет, азаматтық қоғам және сарапшылар қауымдастығы арасындағы ашық өзара іс-қимылдың маңызды алаңы болып табылады. Оның жұмысы мемлекеттік саясатты жетілдіру барысында мүгедектігі бар адамдардың, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың, үкіметтік емес ұйымдар мен әлеуметтік сала мамандарының нақты қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді.
Кеңестің қазіргі құрамы 2023 жылы бекітілген. Осы уақыт ішінде Министрлікпен бірлесіп мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын арттыруға қатысты ауқымды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін дамыту, үкіметтік емес ұйымдардың қызметі, білім беру және денсаулық сақтау, жоғары білімнің қолжетімділігі, кедергісіз орта қалыптастыру, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарды қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстанның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция және оған Факультативтік хаттама шеңберіндегі міндеттемелерін іске асыру аясында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау мен әлеуметтік қорғау тетіктерін, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілді.
2026 жылы Кеңес жұмысы ерекше қарқынды болды. Тоғыз айдың ішінде 25 отырыс өткізіліп, онда әлеуметтік қызметтер порталы мен арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жетілдіру, әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.
«Үйлестіру кеңесінің әрбір мүшесіне белсенді жұмысы, кәсібилігі, азаматтық ұстанымы және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін шынайы алғысымды білдіремін. Осы уақыт ішінде жинақталған тәжірибе мен бірлескен жұмыстарымыз алдағы қызметіміз үшін жақсы негіз болады деп сенемін. Біз өзара іс-қимылды одан әрі нығайтып, қоғам өкілдерінің ұсыныстарын тыңдап, тиімді шешімдерді бірлесіп іздеуді жалғастырамыз. Кеңестің жаңартылған құрамы осы жұмысты одан әрі күшейтіп, оны мүгедектігі бар адамдардың мүддесі үшін барынша практикалық әрі нәтижелі етуге мүмкіндік береді деп сенемін», – деді Аскарбек Ертаев.
Кеңестің жаңа құрамына практикалық тәжірибесі бар, мүгедектігі бар адамдар тап болатын мәселелерді тікелей білетін белсенді қоғам өкілдері мен сарапшыларды енгізу жоспарланып отыр. Бұл ретте жүйелі мәселелерді, оның ішінде өңірлерден келіп түсетін проблемаларды анықтауға, нақты ұсыныстар әзірлеуге және шешім қабылдауға қатысуға ерекше мән беріледі.
Жұмыс форматының жаңартылуы қатысушылар қатарын қысқартуды білдірмейді. Қаралатын мәселелердің сипатына қарай Кеңес жұмысына мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қауымдастығы және бейінді мамандар тартылатын болады. Мұндай тәсіл тиімді жұмыс жүйесін қалыптастырып, қажет болған жағдайда нақты мәселелерді талқылауға тиісті құзыреті мен практикалық тәжірибесі бар сарапшыларды жедел тартуға мүмкіндік береді.
Үйлестіру кеңесінің құрамын жаңарту мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға және бірлескен жұмыстың практикалық нәтижесін арттыруға бағытталған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қорғау саласындағы шешімдердің азаматтардың нақты қажеттіліктеріне барынша сай болуын және өңірлерде тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында қоғам және сарапшылармен ашық диалогты жалғастырады.
Кеңестің жаңа құрамы туралы ақпарат оны қалыптастыру жұмыстары аяқталғаннан кейін Министрліктің ресми интернет-ресурсында орналастырылады.
- 11.09.2026
- 3


