- Блогтар
- Мұханов М.С.
Мұханов М.С.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі
ТЖМ басшысы Осакаровкадағы аудандық өрт сөндіру бөлімінің жаңғыртылу барысын тексерді
Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Осакаровка кентіндегі №17 өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысты.
Аудандық өрт сөндіру бөлімдерін жаңғырту министрдің ерекше назарында болатын бағыттардың бірі. Бұл ең алдымен ғимараттардың жай-күйіне техникалық жарақтандырылуына және аудандар мен елді мекендер тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлердің қызметтік жағдайына қатысты.
Осакаровкадағы өрт сөндіру бөлімі 1960 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде бөлім 10 мыңнан астам тұрғыны бар кенттің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта мұнда жаңғырту жобасы іске асырылуда. Жұмыстар аяқталғаннан кейін бір нысанда өрт сөндіру бөлімшесі мен ауданның төтенше жағдайлар бөлімі орналасады. Жеке құрам үшін заманауи қызметтік және тұрмыстық бөлмелер қарастырылып, инженерлік коммуникациялар мен қажетті инфрақұрылым жаңартылады.
Өрт сөндіру бөлімінің штаттық саны 30 қызметкер. Бөлімнің жарақтануында 8 техника бар. Оның ішінде 3 негізгі өрт сөндіру автокөлігі, 4 қосалқы және 1 арнайы машина бар.
Мұрат Мұханов нысанды аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты. «Аудандық өрт сөндіру бөлімдерінің жағдайына ерекше назар аудару қажет. Дәл осы бөлімшелер жергілікті жерде адамдарға бірінші болып көмекке келеді. Қызметкерлердің қызмет атқаруына қалыпты жағдай жасалып, техникасы жарамды және қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуі тиіс. Мұндай нысандарды жаңғырту жұмыстарын жалғастырамыз», – деді министр.
№17 өрт сөндіру бөлімін жаңғырту жұмыстарын күздің соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
- 16.09.2026
- 5


