- Блогтар
- Мұханов М.С.
Мұханов М.С.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі
Алматыда №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімін жаңғырту жұмыстары аяқталды
Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Алматы қаласының Алатау ауданындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне барып, ғимаратты жаңғырту жұмыстарының нәтижесімен танысты. ТЖМ басшысы жүргізілген жұмыстар мен жеке құрамның қызмет атқаруына жасалған жағдайларды қарап шықты.
Жаңғырту жұмыстары тоғыз айға созылып, қызметтік, тұрмыстық және техникалық бөлмелерді қамтыды. Ғимараттағы фойе жаңартылып, күту аймағы жабдықталды, демалыс және тамақтану бөлмелері, спорт зал, гараж боксы, баспалдақ және қасбет жөнделді. Гарнизон оркестріне арналған музыкалық кабинет те жаңартылған. Іргелес аумақ абаттандырылып, кіреберіс алдына субұрқақпен безендірілген композиция орнатылды.
№2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі Алатау ауданының батыс бөлігіндегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Оның жауапкершілік аймағына Ақбұлақ, Нұркент, Дарабоз, Ақкент, Ғажайып және Ақмаржан шағын аудандары кіреді. Бұл аумақта шамамен 32 мың адам тұрады және 1 216 кәсіпкерлік субъектісі орналасқан.
Сапар барысында ерекше көзге түскен қызметкерлерге Төтенше жағдайлар министрінің Алғыс хаттары табысталды. Іс-шара соңында Мұрат Мұханов бөлім қызметкерлерімен бірге өрт сөндіру бөлімінің аумағына ағаш отырғызды.
- 08.10.2026
- 5


