- Блогтар
- Мұханов М.С.
Мұханов М.С.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі
Мұрат Мұханов Алматыда сейсмолог ғалымдармен кездесті
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Алматы қаласы мен Алматы облысына жұмыс сапары барысында Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығына, Қазақстан-Қытай бірлескен жер сілкінісін зерттеу орталығына және Орталық сейсмикалық обсерваторияға барды.
Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының директоры Жапсарбай Сұлтанбеков министрге ғылыми бөлімшелердің жұмысы мен зерттеулердің соңғы нәтижелері туралы баяндады. Орталық мамандары сейсмикалық белсенділікті зерттеп, Солтүстік Тянь-Шань аумағы бойынша спутниктік және геофизикалық деректерді талдайды. Сонымен қатар сейсмикалық тәуекелдерді бағалау әдістері мен жер сілкінісі туралы ерте ескерту жүйелерін зерттейді.
Орталықтың жетістіктері қатарында геофизикалық көрсеткіштердің өзгерістерін зерттеу, сейсмикалық оқиғалар туралы деректерді жүйелеу және сейсмологиялық бақылауларды өңдеу әдістерін дамыту бар. Ғылыми кадрларды даярлауға да ерекше көңіл бөлінеді. Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының 50 жылдан астам тарихында алғаш рет бірден 16 қызметкер Қазақстанның жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Олардың 12-сі докторантураға, төртеуі магистратураға қабылданды. Үш зертхананың мамандары жер сілкіністерінің алдын алу және олардың салдарын азайтуда жасанды интеллектіні қолдану мәселелері бойынша халықаралық оқудан өтті.
Министр екі елдің ынтымақтастығы аясында Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының базасында құрылған Қазақстан-Қытай бірлескен жер сілкінісін зерттеу орталығына барды. Ол жаңғыртудан кейінгі үй-жайларды аралап, мамандармен кездесті. Орталық бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, тәжірибе алмасу, кадрлар даярлау, сейсмикалық мониторинг және жер сілкінісі туралы ерте ескерту технологияларын дамыту бағытында жұмыс істейді.
Орталық сейсмикалық обсерваторияда Мұрат Мұханов сейсмикалық белсенділікті бақылау, келіп түсетін деректерді өңдеу және жер сілкіністері туралы жедел ақпарат дайындау үдерісімен танысты.
Сапар барысында ғылыми зерттеулерді одан әрі дамыту, мамандар даярлау және сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша шетелдік ғалымдармен ынтымақтастық орнату жайы талқыланды.
- 15.10.2026
- 5


