- Блогтар
- Мұханов М.С.
Мұханов М.С.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі
Ақкөлде ТЖМ әскери қызметшілерінің қызмет атқаруы мен тұруы үшін заманауи жағдайлар жасалды
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Ақмола облысының Ақкөл қаласындағы әскери бөлімге барып, инфрақұрылымды жаңғырту нәтижелерімен, әскери қызмет өткеру және жеке құрамның тұру жағдайларымен танысты.
Әскери бөлімде қызметтік және тұрмыстық үй-жайларды жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бақылау-өткізу пункттері, кезекші бөлім, қарауыл үй-жайлары, мәдени-демалыс орталығы, асхана жөндеуден өтті. Заманауи спорт және жаттығу залдары, фитнес аймағы, психологиялық жеңілдеу бөлмесі мен кітапхана жабдықталды. Сонымен қатар аумаққа сыртқы жарықтандыру орнатылып, спорт алаңдары жасақталды және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Тұрғын қалашықта да ауқымды өзгерістер жүзеге асырылды. Пәтерлер, көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберіс топтары мен ортақ пайдаланылатын орындар жөндеуден өтті. Әскери қызметшілердің отбасылары үшін балалар және спорт алаңдары, субұрқақ пен демалыс аймағы абаттандырылды. Тұрғын үйлердің қасбеттері құтқарушыларға арналған тақырыптық муралдармен безендірілді. Қазіргі уақытта тұрғын қалашықты газбен жылыту жүйесіне көшіру жұмыстары жалғасуда.
Мұрат Мұханов мерзімді әскери қызметтегі сарбаздармен де кездесіп, пікірлесті. Министр олардың қызмет өткеру жағдайларына, тамақтануды ұйымдастыруға, демалысы мен күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қызығушылық танытты. Әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына лайықты жағдай жасау, әскери бөлімдердің инфрақұрылымын дамыту және жеке құрамның сапалы даярлығын қамтамасыз ету Қазақстан ТЖМ қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
- 09.11.2026
- 57


