- Блогтар
- Мұханов М.С.
Мұханов М.С.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі
Түркістан облысында сел мен көшкін қаупін бақылауға арналған жаңа пункт ашылды
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Түркістан облысының Ленгір қаласында «Қазселденқорғау» мекемесінің жаңа диспетчерлік пунктін ашты. Нысан Төлеби ауданының сел, көшкін және қар көшкіні қаупі бар аумақтарын тәулік бойы бақылауға арналған. Ауданда 96 ықтимал қауіпті аймақ анықталған.
Жаңа модульдік пункт жеке «Қазақстан құтқарушылары қорының» қаражаты есебінен үш аптаға жетпейтін уақытта салынды. Мұнда табиғи жағдай туралы жедел ақпаратты тәулік бойы қабылдау және тарату ұйымдастырылған. Мамандар Бадам, Сайрамсу, Ақсу және басқа да тау өзендерінде орналасқан жеті гидрологиялық бекетті бақылауда ұстайды. Гидрометеорологиялық мәліметтер тәулігіне үш рет, ал жағдай күрделенген кезде әр екі сағат сайын беріледі.
«Қазселденқорғау» мекемесінің жауапкершілік аймағында 50 сел қаупі бар, 44 көшкін қаупі бар және екі қар көшкіні қаупі бар учаске орналасқан. Бұл аумақтарда жүздеген тұрғын үй мен басқа да нысандар бар. Мониторинг деректеріне сәйкес, сел қаупі бар аймақтарда 1001 адам, көшкін қаупі бар аумақтарда 634 адам, ал қар көшкіні қаупі бар учаскелерде 102 адам тұрады. Тұрақты бақылау су деңгейінің өзгеруін және табиғи қауіптің өзге де белгілерін дер кезінде анықтауға, ескерту ақпаратын жедел таратуға және халықты қорғау шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.
Жаңа диспетчерлік пункт төтенше жағдай қаупі туындаған кезде «Қазселденқорғау» мамандары мен азаматтық қорғау қызметтерінің жедел өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді. Әсіресе жауын-шашын мол түсетін және қар еритін кезеңдерде оның маңызы зор. Өйткені бұл уақытта сел жүру, көшкін түсу және тау өзендеріндегі су деңгейінің күрт көтерілу қаупі артады.
- 13.11.2026
- 16


