- Блогтар
- Мұханов М.С.
Мұханов М.С.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі
ТМД елдері төтенше жағдайлардың алдын алу және болжау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда
Шымкент қаласында Қазақстанның төрағалығымен ТМД елдерінің Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің XXXVIII отырысы өтті. Сегіз мемлекеттің құтқару ведомстволарының басшылары табиғи және техногендік қауіптердің алдын алу, болжау жүйелерін дамыту, жедел ақпарат алмасу және ауқымды төтенше жағдайларға дайындық мәселелерін талқылады. Қазақстан халықаралық кездесуді 11 жылдан кейін алғаш рет қабылдады. Кеңестің бұған дейінгі отырысы 2015 жылы Астана қаласында өткен болатын.
Халықаралық кездесуге Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов, Ресей ТЖМ басшысы Александр Куренков, Беларусьтің Төтенше жағдайлар министрі Вадим Синявский және Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрі Азизбек Икрамов қатысты. Әзербайжан атынан Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Рафаил Мирзоев, Армениядан Құтқару қызметінің директоры, Ішкі істер министрінің орынбасары Арам Казарян, Қырғызстаннан Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Искендер Сулайманов, Тәжікстаннан Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитетінің төрағасы Раджабали Рахмонали қатысты. ТМД Атқарушы комитетінің атынан қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық департаментінің директоры Евгений Клемезь қатысты.
Жиынның маңызды бағыттарының бірі – төтенше климаттық және техногендік жағдайларды болжау жөніндегі Өңірлік орталық құру бастамасын одан әрі дамыту болды. Бұл ұсынысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 10 қазанда Душанбеде өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында көтерген болатын. Қазіргі уақытта Қазақстан ТЖМ оны іске асыру жұмыстарын жалғастыруда. Орталықты Алматы қаласындағы қолданыстағы Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығының базасында құру ұсынылып отыр. Отырыс барысында қатысушылар бірнеше мемлекеттің аумағына әсер етуі мүмкін қауіптерді болжау және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Шетелдік әріптестер алдында сөз сөйлеген Мұрат Мұханов Қазақстанның төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы тәжірибесін таныстырды. Елде ТЖМ Командалық орталығының ахуалдық залы жаңғыртылып, онда мониторинг пен болжаудың цифрлық құралдары шоғырландырылған. Жасанды интеллект орман өрттерінің белгілерін анықтауға көмектеседі, ұшқышсыз ұшу аппараттары адамдарды іздеу және жағдайды бағалау үшін қолданылады, ал көмір шахталарында жұмысшылардың орналасқан жерін анықтау және газдану деңгейін бақылау жүйелері енгізілуде.
Министр сондай-ақ құтқару авиациясын, Каспий теңізіндегі «Теңіз жасағы» теңіз авариялық-құтқару бөлімшесін және ауқымды төтенше жағдайлар кезінде 100 мыңға дейін зардап шеккен адамды орналастыруға арналған Алматыдағы «Алатау» жедел мақсаттағы оңтүстік базасын дамыту жұмыстары туралы баяндады.
Отырыс басталғанға дейін шетелдік делегациялар Қазақстан ТЖМ өрт сөндіру-құтқару техникасы мен жабдықтарының көрмесімен танысты. Қатысушыларға арнайы автокөліктер, құтқару бөлімшелерінің жарақтандырылуы және отандық өндірушілердің өнімдері таныстырылды. Кездесу барысында мемлекеттер арасында төтенше жағдайлар туралы өзара хабарлау, ғылыми ынтымақтастық, құтқарушыларды бірлесіп даярлау және Кеңестің алдағы қызметі мәселелері де қаралды. Отырыс аяқталғаннан кейін ведомство басшылары журналистерге сұхбат берді.
Кездесу қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде келісілген шешім қабылданып, қорытынды құжаттарға қол қойылды. Қатысушылар ТМД елдерінің төтенше жағдайлардың алдын алу, болжау және олардың салдарын жою саласындағы ынтымақтастығын дамытудың алдағы бағыттарын айқындады. Әсіресе ақпарат алмасуға, мамандар даярлауға және трансшекаралық қауіптер туындаған кезде құтқару қызметтерінің өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды.
- 16.11.2026
- 20


