- Блогтар
- Мұханов М.С.
Мұханов М.С.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі
Төтенше жағдайлар министрі өрт қауіпсіздігі жөніндегі республикалық онкүндікке бастау берді
21 қарашада Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов «Өрт қауіпсіздігінің онкүндігі» республикалық профилактикалық науқанына бастау берді. Алғашқы іс-шара елорданың Көктал тұрғын алабында өтті. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған онкүндік Қазақстанның барлық өңірін қамтиды. Негізгі мақсат – жылыту маусымында өрттің, көміртегі тотығымен уланудың және адам өлімінің алдын алу.
ТЖМ қызметкерлерімен бірге рейдке елорда әкімдігінің, полицияның және 104 авариялық газ қызметінің өкілдері қатысты. Министр зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылардың үйлерін аралады. Олардың қатарында 1 тамызда үйінде өрт шыққан алты балалы отбасы да бар. Мамандар үйдің мұржасын тазалап, автономды өрт хабарлағышын орнатты. Жалпы, аралау барысында төрт мұржа тазартылып, үш өрт датчигі орнатылды. Сондай-ақ жылыту жүйелері мен электр сымдарының жай-күйі тексерілді.
«Алдағы күндері құтқарушылар тұрғын үйлерді, мектептерді, балабақшаларды, ауруханаларды, әлеуметтік мекемелер мен жатақханаларды аралайды. Жалғызбасты зейнеткерлерге, көпбалалы отбасыларға және мүгедектігі бар азаматтарға, соның ішінде көру, есту қабілеті бұзылған және қозғалысы шектеулі адамдарға ерекше назар аударылады. Біздің міндетіміз – қауіпті дер кезінде анықтау, адамдарға көмектесу және қайғылы жағдайлардың алдын алу», – деді министр Мұрат Мұханов.
Жылыту маусымы басталғалы бері Қазақстанның тұрғын үй секторында 787 өрт тіркелген. Салдарынан 33 адам, оның ішінде төрт бала қаза тауып, тағы 27 адам жарақат алған. Өрт шықпай-ақ көміртегі тотығымен улану салдарынан 28 адам зардап шеккен. Астанада 38 өрт тіркеліп, бір адам қаза тапқан, екі адам жарақат алған.
Еліміз бойынша құтқарушылар әлеуметтік осал топтағы азаматтардың 93 579 үйін аралап, 258 мыңнан астам адамға түсіндіру жұмыстарын жүргізген. 15 тамыздан бері 19 787 түтін және газ анықтау датчигі орнатылды. Сонымен қатар 8 223 үйде өрт қауіпсіздігі талаптарының 9 262 бұзушылығы әлі де жойылмаған. Елордада профилактикалық аралау жұмыстары 4 мыңнан астам үйді қамтыды. Оның ішінде Төтенше жағдайлар департаментінің есебінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы 695 отбасының барлығы тексерілді.
Қазақстанда «Ата-анаңның үйін тексер» республикалық акциясы да жалғасуда. ТЖМ азаматтарды пештердің, мұржалардың және электр сымдарының жарамдылығын тексеруге, өрт хабарлағыштарын орнатуға, сондай-ақ қарт ата-аналары мен балаларының қауіпсіздігіне көңіл бөлуге шақырады. Үй қауіпсіздігін уақытылы тексеру қайғылы жағдайдың алдын алып, адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.
- 26.11.2026
- 13


