- Блогтар
- Мұханов М.С.
Мұханов М.С.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі
ТЖМ 66 жылдық тарихы бар өрт сөндіру бөлімін жаңартты
Қарағанды облысында Осакаровка кентіндегі №17 өрт сөндіру бөлімінде ауқымды жаңғырту жұмыстары аяқталды. 10 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңартылған нысанды Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов ашты.
1960 жылы пайдалануға берілген ғимаратта бүгінде өрт сөндіру бөлімі мен Осакаров ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі орналасқан. Бөлімшелердің бір ғимаратта орналасуы профилактикалық жұмыстарды үйлестіруге және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Жаңғырту аясында әкімшілік ғимарат қайта жаңартылып, алты бірлік өрт сөндіру-құтқару техникасына арналған ангар салынды. Қызметтік кабинеттер, жатын бөлмелер, асхана, гараж боксы және ғимараттың қасбеті жаңартылды.
Жеке құрамның қызмет атқаруына және тынығуына қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінді. Психологиялық жеңілдеу бөлмесі жабдықталып, өрт сөндіруші-құтқарушылардың дене дайындығын шыңдауға арналған «Batyr Team» спорт залы ашылды.
Іргелес аумақ та абаттандырылды. Ағаштар отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді, қызметкерлерге арналған демалыс орны жасақталды. Аумақтың сәулеттік келбетін мүсіндік композиция толықтырды.
Ашылу рәсімінде ТЖМ басшысы бөлімшенің автопаркіне қосылатын жаңа арнайы автокөліктің кілтін табыстады. Нысанды жаңартуға үлес қосқан қызметкерлер мен ұйым өкілдері ведомстволық наградалармен марапатталды.
Нысанды жаңғырту ТЖМ-нің елдегі өрт сөндіру-құтқару инфрақұрылымын жаңғырту, аумақтық бөлімшелерді техникалық жарақтандыру және құтқарушыларға заманауи қызмет жағдайларын жасау бағытындағы жұмысының бір бөлігі болды.
- 26.11.2026
- 30


