- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Шәпкенов халықты жұмыспен қамту шаралары туралы хабарлады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов ҚР Үкіметінің отырысында халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу үшін 2021 жылы қабылданатын шаралар туралы айтты.
Өз сөзінің басында министр соңғы онжылдықтағы COVID-19 пандемиясынан туындаған әлемдік әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстанда еңбек нарығының негізгі индикаторлары тұрақты екенін хабарлады.
«Соңғы үш жылда жұмыс күшінің саны 43 мың адамға көбейді. Бұл жалдамалы жұмысшылар санының 75 мың адамға артуы және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санының 37 мың адамға қысқаруы аясында орын алды. Бұл ретте еңбек нарығын сипаттайтын негізгі индикатор – жұмыссыздық деңгейі 4,9% болып сақталды», – деді Серік Шәпкенов.
Министр «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында қойылған міндеттерді ескере отырып, биыл жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен шамамен 1,2 млн адамды, оның ішінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 700 мың адамды, Жұмыспен қамтудың жол картасы (бұдан әрі – ЖҚЖК) бойынша – 32 мың адамды, басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде – 440 мың адамды қамту жоспарланғанын атап өтті.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 700 мың адамның 473 мыңы жұмыс орындарына орналастырылады, ал 227 мыңы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің түрлі шараларымен қамтылады, ол шаралар 3 бағытты қамтиды.
Бірінші бағыт бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарына және ТжКБ ұйымдарына оқуға 36 мың адам жіберіледі.
Кәсіпкерлікті қолдауды көздейтін екінші бағыт бойынша 30 мың адамды бизнес-дағдыларға оқытумен қамтуды жоспарлап отырмыз (10,5 мың адамды оқыту басталды), 5 мың адам микрокредиттер алады, тағы 21 мың адамға бизнес-жобаларға гранттар берілетін болады.
Үшінші бағыт шеңберінде субсидияланатын жұмыс орындары есебінен еңбек нарығына бейімделу қиынға түсетін адамдар қатарынан 128 мың адамға қолдау көрсетілетін болады және 7 мың адамға олардың жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге өз еркімен көшуін қолдау бойынша шаралар көрсетілетін болады», – деп хабарлады министр.
Еңбекмині басшысының айтуынша, ағымдағы жылдың 3 айында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 158 мың адам қамтылды, оның 53,5% - ы жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары және қоғамдық жұмыстар сияқты субсидияланатын жұмыс орындарына, 32,4% - ы тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұрақты жұмыс орындарын құруға баса назар аудара отырып, ЖҚЖК іске асыру жалғасуда. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар 32 мың жұмыс орнын, оның ішінде 12,1 мың тұрақты жұмыс орнын құра отырып, 378 инфрақұрылымдық жобаны іріктеп алды. Жұмыспен қамту жол картасы 6%-дан аспайтын мөлшерлемемен жеңілдетілген микрокредит беру бойынша жаңа бағытпен толықтырылды. ЖҚЖК аясында микрокредит алушылар қосымша 11 мың жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр.
«Ағымдағы жылдың 3 айында басқа мемлекеттік бағдарламалар аясында жоспарланған 440 мың жұмыс орнының 147 мыңы құрылды, олардың 39%-ы – тұрақты.
Жалпы, жұмыс орындарын құру бойынша міндетті индикаторлар салалық мемлекеттік органдардың ұлттық жобаларында белгіленетін болады, ал әкімдіктер жергілікті жерлерде жұмыспен қамтудың өңірлік карталарын қабылдауды қамтамасыз етуге тиіс», – деді Серік Шәпкенов.
Ол сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы ұлттық жоба ретінде қайта өзгертілетінін хабарлады. Бұл ретте құралдар мен міндеттер жаңа әдіснамаға сәйкес өзектендіріліп қана қоймай, мүлдем жаңа тетіктер мен бизнес-процестер енгізілетін болады.
«Атап айтқанда, еңбек ресурстарының дағдыларын дамытуды көздейтін бірінші бағыт шеңберінде Электрондық еңбек биржасы базасында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн-оқытудың жалпыұлттық платформасын іске қосу новаторлық жоба болады. кәсіпкерлік бастамаларды қолдау арқылы халықтың табысын арттыру деген екінші бағытты елеулі «апгрейд» күтіп тұр. Бұл жерде біз Электрондық еңбек биржасы базасында кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың «бірыңғай терезесін» енгізуді және өтінімдерді беру мен қарау процестерін барынша автоматтандыруды жоспарлап отырмыз.
Ауылдық жерлерде кәсіпкерлікпен айналысудағы кедергілерді еңсеру үшін әлеуетті өнім өндірушілер мен сатып алушыларды тоғыстыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Келесі жылы кредиттеу және гранттық қолдау үшін бизнес-жобаларды іріктеу өңірлердің қажеттілігіне қарай жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП мамандары азаматтарды «оқудан кәсіпкерлікке дейін» қолдайтын болады», – деді министр.
Үшінші міндет – халықтың нысаналы топтарын атаулы қолдау. Бұл бағытта олардың қажеттіліктеріне қарай жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі жекелеген жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.
Мысалы, жастар үшін бұл «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны», ал зейнеталды жастағы адамдар үшін – «Күміс жас» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары. Жұмыс іздеуде қиындықтарға тап болған адамдар үшін (мүгедектігі бар адамдар немесе бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар) – «Әлеуметтік жұмыс орындары».
«Ұлттық жоба аясында қабылданып жатқан шаралар болашақта халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және нақты ақшалай табыстың өсуіне ықпал ететін болады. Сондай-ақ, жалдамалы жұмыскерлердің саны артып, ағымдағы жылдың соңына қарай жұмыссыздық деңгейі 4,9% шегінде сақталады деп күтілуде», – деп түйіндеді Серік Шәпкенов.
- 28.04.2021
- 281