- Блогтар
- Әбілқасымова М.Е.
Әбілқасымова М.Е.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы
Өмірді сақтандыру компаниялары жаңа қаржы құралына ие болады
Құрметті қазақстандықтар!
Әлемдегі инвесторлар мен тұтынушылар үшін аса тартымды болып табылатын сақтандырудың жинақтаушы өнімдері туралы айтып бергім келеді. Жинақтаушы сақтандыру өнімдері әлемде үлкен сұранысқа ие, олар ұзақ мерзімді мақсаттарға: балаларды оқыту, біліктілігін арттыру, жылжымайтын мүлік сатып алу және тағы басқа көптеген жағдайларға қаражат жинауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі тек екінші деңгейдегі банктер арқылы жұмыс істейді, олар салымшыларға осы жүйеге қатысу мүмкіндігі бар арнайы білім алуға арналған салымдарды ашуды ұсынады. Алайда, жинақтаушы сақтандыру шеңберінде өмірді сақтандыру компаниялары да осыған ұқсас өнімдерді ұсына алады.
Өмірді сақтандыру компанияларының Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысуы азаматтарға қаражат жинау мүмкіндігі мен оларға кепілдік қана беріп қоймай, сонымен қатар асыраушысынан айырылған немесе төлем қабілеттілігін жоғалтқан жағдайда сақтандыруды қорғауды ұсына отырып, банктік салымға балама болатын жаңа қаржы құралын жасайды.
Қазақстанның сақтандыру нарығының жинақтаушы сақтандыру өнімдерін енгізу мен дамытуға қатысты үлкен әлеуеті бар. Өмірді жинақтаушы сақтандыру – бұл банк депозиттеріне балама құрал. Алайда ақша жинақтау мүмкіндігі жинақтаушы сақтандырудың артықшылығы болып табылады, бұл ретте ол сақтандыру қорғауында болады.
Сақтандырылған адам жинақтау кезеңінде еңбекке қабілетін жоғалтқан немесе қайтыс болған жағдайда сақтандыру бөлігі іске қосылады және мұрагер 5 немесе 7% мөлшерінде жыл сайын есептелетін мемлекеттің сыйлықақысын ескере отырып, сақтандыру төлемін толық көлемде алады. Бұл ретте егер сақтанушымен ештеңе болмаса – жинақтаушы бөлік іске асырылады және клиент оның қаражатын инвестициялаудан түскен кірісті және мемлекеттен алған сыйлықақыны ескере отырып, өзінің жинағын алады.
Депозит нарығында ең тиімді қаржы құралы мемлекет тарапынан жыл сайын ақшалай ынталандыру есебінен білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде іске асырылатын Aqyl білім беру депозиті болып табылады. Бұл – айрықша білім беру депозиті, ол Қазақстанның азаматтарына меншікті білім алуына және өз балаларының білім алуына ақша қаражатын жинақтауға мүмкіндік береді.
Aqyl білім беру депозитіне банктің сыйақысынан басқа жинақтаған сомада 5% немесе 7% мөлшерде мемлекеттік сыйлықақы есептеледі. Бұл ретте мемлекеттің сыйлықақысы (5% немесе 7%) және банк сыйақысы капиталдандырылады, демек негізгі салымға қосылады.
Біраз цифрлар келтірейік: 2015 жылдан бастап 2020 жылға дейін Aqyl салымдары бойынша статистика мемлекет сыйлықақыларының айтарлықтай өсуін көрсетеді. Мысалы, 2015 жылы – 4 млн теңге, 2016 жылы - 325,5 млн теңге, 2017 жылы - 566,9 млн теңге, 2018 жылы - 757,4 млн теңге, 2019 жылы - 918,6 млн теңге және 2020 жылы - 1 млрд 68 млн теңге. Бес жыл ішінде барлығы 3,6 млрд теңге.
Жинақтаушы сақтандыру шарттарының банктік салымдар алдындағы негізгі артықшылықтары сақтандыру кезінде қорғаудың және сақтандыру төлеміне кепілдің болуы болып табылады. Мысалы, ата-ана болашақта баласының оқуына қаражат жинау үшін баланың пайдасына банкте салым ашады. Бұл ретте ата-анасы қайтыс болған немесе ол I, II топтағы мүгедектік алған жағдайда, депозитте жинақталған ақша баланың оқуына ақы төлеу үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Алайда, ата-ана сақтандыру шартын жасасқан болса, балаға кез келген жағдайда сақтандыру шартында жазылған оқудың толық сомасы төленетін болады.
- 06.05.2021
- 262