- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Биыл мүгедектігі бар адамдарға 480 млрд. теңгеден астам сомаға әлеуметтік көмек көрсету қарастырылған
2021 жылы мүгедектігі бар адамдарға берілетін әлеуметтік төлемдерге және оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін ұсынуға 486 млрд. теңге қарастырылған. Бұл туралы халық алдындағы есеп беру кездесуінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлімдеді.
Еңбекминінің басшысы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту министрліктің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
«2020 жылы әлеуметтік төлемдерге, оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуге мемлекеттік бюджеттен 455 млрд теңге бөлінді, ағымдағы жылы бұл мақсаттарға 486 млрд теңге көзделген. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыру шеңберінде өмірдің барлық бағыты бойынша кешенді шаралар қабылдануда», – деді министр.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша мүгедектік кезінде өмірлік маңызы бар оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен 343 мыңнан астам адам немесе мұқтаж жандардың 81%-ы қамтамасыз етілді. Елімізде алғаш рет электр жетегі бар қазақстандық кресло-арбалар өндірісі басталды. «Тыныс» АҚ 2020 жылы 1381 кресло-арба ұсынды.
Алушыларға ыңғайлы болу үшін, оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуді жақсарту үшін Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды (aleumet.egov.kz). Қаңтар айынан бастап порталға оңалтудың техникалық құралдарының барлық 55 түрі көшірілді.
«2020 жылы министрлік мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауды жақсартуға бағытталған нормаларды көздейтін заң жобасын әзірледі. Атап айтқанда, бұл мүгедектік себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектіктің күтімі жөніндегі жәрдемақыны енгізу; 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөле отырып, жәрдемақы мөлшерін қайта қарау; мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру; кәмелетке толған кезде мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін тұрғын үй кезегін сақтау және тағы басқасын қарастыратын нормалар. Аталған заң жобасын осы жылы қабылдау күтілуде, ол Мәжілісте мақұлданып, Сенатқа қарауға берілді», – деді Серік Шәпкенов.
Мүгедектігі бар балаларды оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шағын сипаттағы оңалту орталықтарын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Биыл 12 орталық ашылады, оның 6-ы жұмыс істеп тұр (Павлодар облысы, қамту ауқымы – 150 бала; Қызылорда облысы – 150; БҚО – 100; Ақтөбе облысы – 350; Ақмола облысы – 100; Нұр-Сұлтан қаласы – 150).
«Мүмкіндіктері шектеулі жандарға медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу рәсімі мен мерзімін оңтайландыру мақсатында біз мүгедектікті сырттай белгілеуді енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. 1 шілдеден бастап жоба 6 өңірде, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында іске қосыла бастайды. Жобаны жүзеге асыру келешекте мүгедектігі бар адамдардың құзырлы мекемелерге сабылуын және қызмет көрсетушімен тікелей байланысын болдырмауға мүмкіндік береді», – деп нақтылады Еңбекминінің басшысы.
Министр сондай-ақ, 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға арналған Кәсіптер атласы жасалғанын және оларды жұмысқа орналастыру кезінде, оның ішінде enbek.kz порталында жұмыс іздеуді жақсарту үшін пайдаланылатынын айтты.
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау және жұмысқа орналастыру үшін барлық өңірде «TenQogam» орталықтарын ашу жоспарланған. Нұр-Сұлтан мен Алматыда мұндай орталықтар психологиялық және құқықтық көмек, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсете отырып, табысты жұмыс істеуде.
Әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қазіргі уақытта Әлеуметтік қызметті одан әрі жаңғырту жөніндегі ұлттық жоспар әзірленді және жақын арада қабылданатын болады.
«Осы шаралардың нәтижесінде мүмкіндіктері шектеулі 695 мыңнан астам адамның, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайда қалған адамдардың өмір сүру сапасы мен қызметтердің қолжетімділігі жақсарады, – деп түйіндеді Серік Шәпкенов.
- 10.06.2021
- 212