- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Шәпкенов Қазақстанда қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау туралы хабарлады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ҚР Үкіметінің отырысында Қазақстанның кәсіпорындары мен ұйымдарында қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Өз сөзінің басында Еңбекминінің басшысы республикада жыл сайын 400-ден астам кәсіптік аурулар жағдайы тіркелетінін атап өтті. Бұл ретте соңғы 3 жылда олардың саны 21%-ға азайды.
Ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша жазатайым оқиғалардың нәтижесінде 564 адам зардап шекті, оның ішінде 19,5%-ы (60 адам) тау-кен-металлургия кешенінің кәсіпорындарында, 4,5%-ы (14 адам) коммуналдық шаруашылық ұйымдарында және 10% (31 адам) құрылыс саласында.
«Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда (2016-2020 жж.) өндірісте зардап шеккендердің саны 10%-ға (1683 адамнан 1503 адамға дейін) азайды, оның ішінде қаза тапқандар саны 16% - ға (248 адамнан 208 адамға дейін), ал 1000 жұмысшыға шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициенті 0,32-ден 0,23-ке дейін төмендеді», – деп хабарлады Серік Шәпкенов.
Министр сондай-ақ 2020 жылы кәсіпорындарда зерттелген 1,6 млн жұмыскердің 367 мыңы (22%) зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегенін, оның ішінде Қарағанды облысында 74 мың адам, Павлодар облысында 46 мың адам, Шығыс Қазақстан облысында 37 мың адам, Маңғыстау облысында 32 мың адам жұмыспен қамтылғанын атап өтті.
Экономика салалары бөлінісінде зиянды еңбек жағдайларында жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны тау-кен өндіру (120,8 мың адам) және өңдеу (112,9 мың адам) салаларында.
«2020 жылдың нәтижесі бойынша өндірісте мүгедек болған 14,7 мың азаматқа 15,5 млрд теңге көлемінде әлеуметтік қолдау көрсетілді. Олардың 10 мыңға жуығы республикалық бюджеттен және сақтандыру компанияларынан, ал 6 мыңы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленді. Соңғы 3 жылда бірінші рет кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылған қызметкерлер саны 19%-ға төмендеді», – деді Еңбекминінің басшысы.
2020-2021 жылдары мемлекеттік еңбек инспекторлары 11 мыңнан астам заң бұзушылықты анықтады, олардың 34%-ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласына тиесілі, атап айтқанда: қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етпеу және жұмыскерлерді еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту мен нұсқама жүргізбеу бойынша бұзушылықтар.
«Жұмыс берушілерге 4,3 мыңнан астам нұсқама беріліп, 278 млн теңге сомасына 1,6 мыңнан астам айыппұл салынды. Жол берілген бұзушылықтарға кінәлі лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау мақсатында құқық қорғау органдарына 1,4 мыңнан астам материал жіберіліп, олар бойынша 193 қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта мемлекеттік бақылау құралдарын жетілдіру мақсатында профилактикалық бақылауды күшейту үшін ақпарат көздері мен тәуекелдерді автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде», – деп хабарлады Шәпкенов.
Ол сондай-ақ кәсіби тәуекелдерді басқарудың заманауи жүйесін енгізу мақсатында еліміздің 2,8 мыңнан астам кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізгенін айтты. Бұдан басқа, республика кәсіпорындарында 15 мың өндірістік кеңес құрылды және жұмыс істейді, олардың міндеттеріне еңбекті қорғау жөніндегі 17 мыңнан астам техникалық инспекторлардың қатысуымен жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын тексеруді ұйымдастыру кіреді. Еліміздің 216 кәсіпорны Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы әзірлеген «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын енгізді.
«Еңбек жарақатын алған азаматтарға жыл сайын жұмыс берушілер еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша 1,5 млрд теңге сомасында төлемдер жүргізеді. Қызметкерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру үшін жұмыс берушілер жыл сайын сақтандыру компанияларына 30 млрд теңгеден астам қаржы аударады. 2020 жылы олар зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін әртүрлі өтемақыларға 141,5 млрд теңге жұмсады, бұл 2019 жылдан 10% - ға артық. Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарға қатысты 2014 жылдан бастап 13 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. жұмыс берушілер жыл сайын 40 млрд.теңгеден астам сомаға міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады. Осы жарналар пайдасына 5 жыл ішінде аударылған қызметкерлер 2019 жылдан бастап төлемдерді ала бастады», – деп атап өтті министр.
Сөзінің соңында ол Мемлекет басшысының қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты күшейту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Еңбекмині 2025 жылға дейінгі қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеп, Үкіметке енгізгенін атап өтті, онда:
- тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде Еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғырту;
- жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелді төмендету бойынша жұмыс берушілерді экономикалық ынталандыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
- еңбекті қорғау саласындағы кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту;
- әлеуметтік әріптестікті дамыту көзделген.
Осы іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай өндірістік жарақаттануды 10%-ға, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер санын 20% - ға дейін төмендету күтілуде.
- 15.06.2021
- 366