- Блогтар
- Қарағойшин Р. Т.
Қарағойшин Р. Т.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы А. Әріпхановтың әлеуметтік желілердегі Холдингтің аккаунттарына жазылушылармен тікелей эфирде сөйлейтін сөзінің мәтіні (2020 жылғы маусым, Нұр-Сұлтан қ.)
Құрметті достар!
Менің аты-жөнім Айдар Әріпханов. Мен Қазақстан Үкіметінің қаржы операторы - «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің Басқарма төрағасымын. Бүгін сіздермен тікелей эфирде мен біздің Холдингтің қандай қызметпен айналысатынын және оның ел экономикасына қандай үлес қосатынын айтып, сұрақтарыңызға жауап беретін боламын.
«Бәйтерек» холдингі жеті жыл бұрын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылған болатын. Бұрын мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағыныстағы ұйымдары басқарған түрлі даму институттарын біріктіру туралы шешім қабылданды. Бұл осы институттарды тиімді басқару және дамыту, олардың көрсететін қолдаулары клиенттерге тез әрі тиімді жетуі үшін шешім қабылдауды жеңілдету мақсатында жасалды.
Бүгінгі күні Холдингтің құрамында ірі, орта және шағын бизнесті, қазақстандық экспорттаушыларды қолдаумен айналысатын, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ететін, инновациялық компаниялар үшін қолайлы жағдай туғызатын және венчурлік қаржыландырудың экожүйесін дамытатын 11 еншілес ұйым жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта біздің басқаруымыздағы барлық институттар тұрақты қаржылық жағдайға, корпоративтік басқарудың бірыңғай стандарттарына, тәуекелдер мен HR-ге ие. Біз олардың кейбірін әртүрлі мемлекеттік органдардан шығындармен, әлсіз менеджментпен және перспективаға қандай да бір нақты стратегиясынсыз қабылдадық.
«Бәйтерек» холдингі тек басқарумен ғана айналыспайды. Біз өз деңгейімізде «пакеттік» принцип бойынша қолдау шараларын ұсыну үшін экономиканың басым салаларындағы жобаларды құрылымдаймыз. Бұл дегеніміз, бір жоба өзінің қажеттіліктеріне сәйкес біздің бірнеше еншілес ұйымымыздың қолдауын бірден ала алады. Мұндай жобалар химия, тамақ және металлургия, сондай-ақ машина жасау және электр жабдықтары секторларында жүзеге асырылды және жүзеге асырылуда. Мәселен, бұл Әзірбайжанға отандық өндіріс локомотивтерін жеткізу, Макинск құс фабрикасының құрылысы, «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы, цианид натрийін шығаратын зауыттың құрылысы және басқалары.
Менің өзім және ұжымым «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысын қаржыландыруға қатысқанымызды ерекше мақтан тұтамыз, себебі ол біздің қаржылық қолдауымызбен аяқталды және пайдалануға берілді. Жақында үш миллионға жуық қазақстандық оның пайдасын көретін болады. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласында газ тарату желілері қазірдің өзінде тұрғын үйлерге қосылуда.
Холдингтің маңызды басымдықтарының бірі қарыздың жалпы құрылымында мемлекеттік емес қарыз көздерінің үлесін ұлғайту болып табылады, ол 2023 жылға қарай 80%-ға жетуі керек. Жеке қаражаттарды тарта және оларды бюджет қаражатымен араластыра отырып, біз қазақстандық бизнесмендердің одан да көп жобаларын қол жетімді қолдаумен қамтамасыз ете аламыз. Холдингтің 1 теңгесіне инвестицияларды тарту қатынасы 2013 жылдан бастап 1,85 теңгеден 2019 жылы 3,12 теңгеге дейін немесе 1,7 есеге өскенін атап өткім келеді.
Холдингтің көптеген көрсеткіштері өсті. Аудит нәтижелері бойынша Холдинг тобының активтері 2019 жылдың қорытындысы бойынша бір жылда 10,5% артып, 5,2 трлн теңгені құрады (2018 жылдың соңындағы активтер - 4,7 трлн. теңге), 2019 жылға шоғырландырылған таза пайда 51,5 млрд. теңгені құрады (2018 жылы - 34,7 млрд. теңге).
Жұмысымыздың әр бағыты бойынша жеке тоқталып өтейін.
Ірі бизнесті қолдау. Бұл бағыттағы көшбасшы біздің еншілес ұйымымыз - Қазақстанның Даму Банкі. ҚДБ экономиканы әртараптандыруға айтарлықтай ықпал ететін ірі өндірістік жобаларға қаржылық қолдау көрсетеді. Олар бюджетті толықтырып, жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда банктің портфелінде 55 инвестициялық жоба және 6,3 трлн теңгеге 15 экспорттық операция бар. Өткен жылы ҚДБ қолдауымен құны 1,8 трлн. теңге болатын сегіз жоба пайдалануға берілді, оның шеңберінде 1700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, бұл Шымкенттегі трансформатор шығару зауыты, Түркістан облысындағы фотовольтоитика электр станциясы, «Астана ЭКСПО-2017» жел электр станциясын іске қосу кешені, Қапшағайдағы күн электр станциясы, Қарағандыдағы ферросилиция шығару зауыты, «Сарыарқа» магистралды газ құбыры, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңарту, Атырау облысындағы мұнайды терең өңдеу кешені.
ҚДБ-нің маңызды бағыттарының бірі жеңілдетілген кредит беру болып табылады. Бұл тұрғындарға автомобильді қол жетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берді. Сонымен бірге бұл отандық автомобиль өндірушілерін айтарлықтай қолдау болып табылады, өйткені жеңілдетілген кредит отанымызда құрастырылған автомобильдерді сатып алуға беріледі. Олардың тізімі 42 автомобиль моделін құрайды. Бағдарлама 2015 жылғы 20 сәуірде іске қосылды. Осы уақыт аралығында жалпы сомасы 98,2 млрд. теңгеге 20 629 кредит берілді.
Сонымен қатар, осындай қолдау бағдарламасы ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне де көзделгенін атап өткім келеді. Бұған дейін біз ҚДБ-нің еншілес ұйымы - «ҚДБ-Лизинг» Қазақстан Үкіметі жүргізіп отырған дағдарысқа қарсы саясат шеңберінде отандық ауылшаруашылық техникаларын сатып алу бойынша арнайы ұсынысты бастағаны туралы хабарлаған болатынбыз. Біздің компания фермерлерге отандық ауылшаруашылық техникаларын (комбайндар мен тракторларды) сатып алу үшін өз қызметтерін бастапқы жарнасыз қаржыландыру мүмкіндігімен ұсынады. Ал бұған дейін бастапқы жарна міндетті талап болған.
Сонымен қатар номиналды сыйақы мөлшерлемесі 7-ден 6%-ке дейін төмендетілді. Негізгі қарызды өтеудің кемінде 1 жыл жеңілдікті кезеңі қарастырылған. Бағдарлама фермерлердің 76%-ке ескірген техника паркін жаңарту қабілеттілігін 30%-ке арттырады.
Қазіргі уақытта 62,2 млн. теңге сомасына 9 жоба қаржыландырылды және қаржыландыру кезеңінде. Сонымен бірге құны 2,7 млрд. теңгеден асатын тағы 22 жоба қаралуда.
Шағын және орта бизнесті қолдау. 2019 жылы Үкімет «Қарапайым заттар экономикасының» басым жобаларына кредит беру бағдарламасын іске қосты, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Сонымен қатар, бизнестің дамуын қолдайтын бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жетілдірілді. Біздің «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры - осы бағдарламалар шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларының негізгі қаржы операторларының бірі.
Атап айтқанда, БЖК-2025 бағдарламасы бойынша кредиттің жоғарғы шегі арттырылып, салалық шектеулер алынып тасталды, кәсіпкер үшін 6% деңгейінде мөлшерлеме біріздендірілді, жекелеген салалардағы ірі бизнес субъектілерінің жобалары енгізілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша бағдарламаны жалпы қаржыландыру 1 трлн. теңгеге дейін ұлғайтылды, басым тауарлардың тізбесі кеңейтілді және т.б. Осы өзгерістердің арқасында төтенше жағдай кезінде «Бәйтерек» холдингі дағдарысқа қарсы тиімді құрал рөлін ойдағыдай орындады және оны жалғастыруда.
Айта кету керек, «Даму» қорын қолдаудың ең танымал құралдары - сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау және кепілдік беру. Яғни, «Даму» кәсіпкерлерге берілген кредиттер бойынша проценттің бір бөлігін өтеуге міндеттеме алады, сонымен қатар бизнесмендер үшін олар банктен кредит алған кезде кепілгер рөлін атқарады. Осылайша, «Даму» қорының арқасында кәсіпкерлер 100% банктерден арзан кредит ала алады.
Ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде «Даму» қоры сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау арқылы жалпы сомасы 50,4 млрд теңге болатын 822 жобаға қолдау көрсетті. Кепілдік құралы арқылы жалпы сомасы 20,9 млрд теңге болатын 468 жоба бойынша шартқа қол қойылды, кепілдік сомасы 7,2 млрд теңгені құрады.
2019 жылы Қор құны 600 млрд теңгеден асатын 24,3 мың жобаға қолдау көрсетті. Бұл екінші деңгейдегі банктерден кредит алғандардың жалпы санының 22%-ін құрайды.
Келесі бағыт - экспорттық әлеуетті арттыру. Бұл бағытта Холдинг жанында сонымен бірге мамандандырылған институт – «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы жұмыс істейді, оның құрамында отандық экспорттаушыларды қолдаудың 14 құралы бар.
«Бәйтерек» холдингінің құрамында жұмыс істеген кезеңінде KazakhExport шағын компаниядан толыққанды ұлттық компанияға айналды. 90,9 млрд. теңге сомасындағы капиталдандыру арқасында KazakhExport сақтандыру қабілеттілігін арттырды. Сонымен қатар, 2019 жылдың желтоқсанында Үкімет KazakhExport міндеттемелері бойынша 10 жылға 102 млрд теңге көлемінде мемлекеттік кепілдік берді.
Бұған қоса, 2019 жылғы желтоқсанда Үкімет KazakhExport міндеттемелері бойынша 10 жылға 102 млрд теңге көлемінде мемлекеттік кепілдік берді.
Ағымдағы жылдың басынан бері KazakhExport 46 қазақстандық экспорттаушыға қолдау көрсетті, олардың ішінде 20-дан астам компания төтенше жағдай кезінде 7 млрд. теңгеден астам қаражат алды. Компания жыл басынан бері қабылдаған міндеттемелердің көлемі 23 млрд. теңгені құрады, 2020 жылдың 1-тоқсанындағы қолдау келісім-шарттарының сомасы 90,5 млрд. теңгеден асты.
Осы жылы KazakhExport компаниясының қолдау құралдарын алғаш рет құбырлар мен фитингтер шығарумен және сатумен айналысатын «Fidelis Global» ЖШС, және пластиканы сығып құю және құйып тығыздау өндірісі саласындағы ірі компания «Novus Polymer» ЖШС қолданды. Оларға «Қарызды сақтандыру» құралы шеңберінде қаржыландырушы банк үшін сақтандыру ұсынылды.
Қолдау көрсетілетін жобалардың ішінде тамақ өндірушілер де бар. Алғаш рет еншілес ұйымымыздың құралдарын «CG FOOD Central Asia» ЖШС қолданды. Ол құрамына 122 компания кіретін және әр түрлі елдерде 76 өкілдігі бар ірі халықаралық корпорация «CG Corp Global» ЖШС-нің құрамына кіреді.
2017 жылдан бастап, яғни қайта құрылғаннан бері қолдау көрсетілген экспорттаушылардың жалпы саны - 113 отандық компания.
ҚДБ сонымен қатар отандық экспорттаушыларға қолдау көрсетеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ҚДБ қолдау көрсеткен жобалардың экспорттық түсімінің көлемі 1 126 млрд. теңгені немесе 2019 жылғы шикізаттық емес экспорттың 19%-ін құрады. Ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында ҚДБ алты кәсіпорынға 25,4 млрд. теңге сомасына қолдау көрсетті. Олар «Сүт өнімдері», «Баян-Сұлу», «Шымкентмай», «Казцинк», «RG Brands Kazakhstan» және «Қазфосфат».
Тұрғын үйдің қаржылық қол жетімділігін қамтамасыз ету. Бұл біздің жұмысымыздың өте маңызды бағыты. Холдинг Қазақстандағы тұрғын үй құрылысы бағдарламаларының бірыңғай операторы болып табылады. Біз өз жұмысымызды еншілес ұйымдар арқылы жүргіземіз.
Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі - бүгінде оны тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін іске асыратын халық банкі деп атауға болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 806 млрд. теңге сомасындағы халықтың ұзақ мерзімді теңгелік салымдары бойынша бірінші орында. 2019 жылдың қорытындысы бойынша ипотекалық кредиттің шамамен 61% немесе 527 млрд теңгені біздің банк берген. Сондықтан да ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды әлеуметтік бастамасы - «Бақытты отбасы» бағдарламасы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жүзеге асырылуда.
Бұл көп балалы отбасыларға, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, балалары бар толық емес отбасыларға қол жетімді бағамен баспана алуға ерекше мүмкіндік. Өткен жылы аталған бағдарламаны жүзеге асыруға 50 млрд теңге бөлініп, ол сәтті игерілді. Бес мыңға жуық жеңілдетілген қарыз берілді. Биылғы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 23 млрд теңгеге 2 346 өтінім мақұлданды. Жалпы, 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 100 млрд теңгеге кемінде 10 мың қарыз беруді жоспарлап отырмыз.
Қазақстандық ипотекалық компания екінші деңгейдегі банктердің ипотекалық қарыздарын сатып алу арқылы ипотека нарығын дамытуға ынталандырады. Жұмыс істеуді бастағаннан бері ҚИК 244 млрд теңгеге 66 мыңнан астам ипотекалық қарыз алды. Ағымдағы жылдың басынан бастап жеке бағдарламалары бойынша 4,2 млрд. теңге сомасына ипотекалық қарыздар берді.
Бәйтерек девелопмент кредиттік тұрғын үй құрылысын жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алу тетігі арқылы «қайтарымды» принцип бойынша қаржыландырады. Кредитті өтеуден түскен қаражат жаңа тұрғын үй құрылысына бағытталады. 2019 жылы әкімдіктердің 108,8 млрд.теңге сомасына бағалы қағаздары сатып алынды. Ағымдағы жылға жоспар 101,2 млрд. теңгені құрап, оның жартысынан көбі игерілді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың сәуірінде Қазақстан Ұлттық Банкі әкімдіктердің облигацияларын сатып алуға 180 млрд. теңге бөлді. Облигациялар толығымен сатып алынды. Бұл қаражатқа еліміздің барлық өңірлерінде қосымша 15,3 мыңнан астам пәтер салынады. Барлық әкімдіктер бұл қаражатты сәуір айында игере бастады.
Сонымен қатар, біздің құрамымызда үлестік құрылысқа қолдау көрсететін Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры жұмыс істейді. 2019 жылы Қор жеке құрылыс салушылардың 23 жобасына 88,8 млрд. теңге сомасына кепілдемелер берді. Биыл біз 58,8 млрд теңге сомасындағы 15 жобаға кепілдік бердік.
Тұрғын үй құрылысында «Даму» қорының да үлесі бар екенін айта кету керек. Коммерциялық кредиттер құнын төмендету үшін біздің Қор 104,3 млрд теңгеге жеке құрылыс салушылардың жобаларын субсидиялады.
Ағымдағы жылы Холдингтің тұрғын үй блогын қайта құруды аяқтайтынымызды атап өткім келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен біз Сингапурдың Housing and Development Board моделі бойынша үш еншілес ұйымды - Бәйтерек девелопмент, Қазақстандық ипотекалық компаниясын және Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорын біріктіру арқылы тұрғын үй бағдарламалары саласында Бірыңғай оператор құру бойынша жұмыс жүргізудеміз. Тиісті Заңға Президент қол қойды. Холдингтің тұрғын үй блогын оңтайландыру жалпы әкімшілік шығындарды 30%-дан астамға қысқартады.
Бірыңғай оператор әкімдік облигацияларын сатып алу, үлестік құрылыстың аяқталуына кепілдік беру, жеке құрылыс салушыларға коммерциялық кредиттерді субсидиялау, инвестициялық жобаларды қаржыландыру және жүзеге асыру және басқа да көптеген құралдар арқылы қол жетімді тұрғын үй салу бойынша тек жеке құрылыс салушылармен және әкімдіктермен жұмыс істейді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен, ағымдағы жылдың соңына дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің негізінде толыққанды дамыту және қолдау институты - «Отбасы банкі» құрылатын болады, ол тұрғын үйді есепке алуды, кезекке қоюды және таратуды орталықтандыра жүзеге асырады.
Алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін кезекте тұру жүйесін әкімдіктерден баспана жоқ отбасылар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін «Отбасы банкіне» беру жоспарлануда.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасына толық қол жетімділігін ұсыну жоспарлануда. Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылып, тұрғын үйге қол жетімділік сатысы белсенді түрде енгізілетін болады. Жоғарыда аталған шараларды іске асыру үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет.
Осылайша, «Бәйтерек» холдингінің негізінде халықты қол жетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін жабық және қарапайым цикл құрылады:
- Бірыңғай оператор құрылысты қаржыландыру арқылы қол жетімді баспана бойынша ұсынысты қамтамасыз етеді;
- «Отбасы Банкі» жеңілдетілген тұрғын үй қарыздары арқылы жұмыс істейтін азаматтардың сұранысын ынталандырады.
Біздің қызметіміздің тағы бір стратегиялық бағыты - елдегі венчурлік қаржыландыруды дамыту. Венчурлық қаржыландыру - бұл шағын, бірақ перспективалы бастаушы компанияларға олардың дамуының бастапқы кезеңіндегі инвестициялар. Бірақ классикалық инвестициялардан айырмашылығы, салымдарды жоғалту қаупі өте үлкен - егер жобалардың 80%-ы нәтиже бермесе де, басқа сәтті инвестициялардан түскен пайда қалған бөлігін өтейді.
2019 жылы біз еншілес ұйымымыз Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігімізді қайта құруды аяқтадық. Енді ол QazTech Ventures деп аталады. Қазір бұл өзін-өзі қамтамасыз ететін ұйым, инновациялық жобаларды қаржыландыру мен басқаруға арналған қорлардың венчурлық қоры. Бұл модель көптеген дамыған елдерде сәтті қолданылуда. Біз штат санын екі есеге қысқартып, компанияның проблемалық портфелін тазарттық.
Өткен жылы QazTech Ventures алғаш рет пайдаға қол жеткізді және соңғы жарты жылда бірлесе инвестициялауға АҚШ-тың «500 Startups» және Сингапурдың «Quest Ventures» жетекші венчурлық қорларын қазақстандық стартаптарға әрі қарай қаржыландырумен тарту мүмкін болды. Біз қазірдің өзінде капитализациясы тиісінше 50 млн және 150 млн АҚШ долларын құрайтын «Quest Ventures Asia Fund II» қорына және V Басты қорына кірдік. QazTech Ventures қолдауымен қазақстандық жас әзірлеушілерге енді стартап жобаларымен сыртқы нарыққа шығуға мүмкіндік туды. Бүгінгі күні біз осындай стартаптарды іздеудеміз.
Жалпы, Холдингтің 2019 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық нәтижесі келесідей. «Бәйтерек» холдингі арқылы жүзеге асырылған шаралардың арқасында сегіз мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды, қолдау алған кәсіпорындар бюджетке 300 млрд теңгеден астам салық төледі, олар 2,5 трлн. теңгенің өнімін өндіріп, экспортқа жарты триллион теңгенің өнімін сатты.
Назарларыңыз үшін рахмет!
- 30.06.2020
- 619