- Блогтар
- Сапаров А.C.
Сапаров А.C.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі
Мал азығы жағдайын тұрақтандыруға қатысты ауқымды жұмыс күтіп тұр – Ербол Қарашөкеев
2021 жылғы 10 тамызда Ауыл шаруашылығыны министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен министрлік жанындағы жем-шөппен қамтамасыз ету жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысы өтті.
Штаб жұмысына оның мүшелері, өңір басшыларының орынбасарлары және БАҚ өкілдері қатысты.
Отырыс барысында жем-шөп дайындау бойынша өңірлердегі қазіргі жағдай, шешілуі қажет мәселелер, сондай-ақ алдыңғы кездесуде қойылған міндеттердің орындалу барысы талқыланды.
Ведомство басшысы зардап шеккен облыстарға Үкімет резервінен мал азығын арзандату үшін 3,6 млрд теңге бөлінгенін, Маңғыстау облысына мал азығын дайындау үшін республикалық бюджеттен 5,3 млрд теңге пайдалануға рұқсат етілгенін, Азық-түлік корпорациясы 1,7 мың тонна арпаны нарықтағыдан 17%-ға төмен бағамен сатқанын, «ҚТЖ» АҚ тамыз айының соңына дейін жем-шөп тасымалдауға арналған теміржол тарифтерін нарықтағыдан 77%-ға төмен деңгейде сақтайтынын, шөп дайындау үшін 211 мың га табиғи қорықтар пайдаланылатынын, өңірлерге жеңілдікпен 43,2 мың тонна дизель отыны бөлінгенін хабарлады.
«Жем-шөп дайындауға жергілікті бюджеттен 9,1 млрд теңге бөлінді, қосымша 4,5 млрд теңге бөлу мәселесі облыс мәслихаттарында қарастырылып жатыр. Облыстар арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Соның аясында жем-шөп қорын толықтыру жұмыстары жүргізілуде», - деп атап өтті Е.Қарашөкеев.
Өңірлердегі жем-шөп жинаудың қазіргі жағдайы туралы Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Қ.Мұтаев баяндады.
«Бүгінгі таңда шамамен 17,6 млн. тонна шөп дайындалды, бұл жоспардың 74%-ын құрайды. Ең төмен көрсеткіш Маңғыстау облысында-40%, Шығыс Қазақстан облысында-50%, Қызылорда облысында – 54% және Атырау облысында – 57%» - деп хабарлады Қ.Мұтаев.
Атқарылып жатқан жұмыстар туралы Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарының штаб өкілдері хабарлады.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғ.Ниязовтың айтуынша, бүгінгі таңда құрғақшылықтан зардап шеккендерге 70 млн теңге қаржы берілді. Тамыз айының соңына дейін Үкімет резервінен бөлінген барлық қаржы жіберілетін болады.
«Жергілікті жерлердегі жағдай құрғақшылықтан туындаған қиындықтарға қарамастан, бәрі бақылауда. Дегенмен, проблемалық өңірлердегі жағдайды тұрақтандыру бойынша әлі де үлкен жұмыс күтіп тұр», - деді министрдің м.а.
Ведомство басшысы жем-шөп дайындау қарқынының төмендеуіне жол берілмеуі керектігін атап өтті. Бірқатар өңірлерде 100 пайыздық межеге жақындап қалды, азық дайындауды жалғастыру керек және екі жылдық қор жинау қажет. Жеке қосалқы шаруашылықтарға ерекше назар аударылуы керек, әкімдіктерде қажеттіліктері мен жем-шөп тапшылығы бар жеке қосалқы шаруашылықтардың тізімі болуы тиіс. Астық егетін шаруашылықтар сабанды дайындау және қоймаға жинау туралы Үкіметтің тапсырмасын толық орындауы тиіс екенін ерекше атап өтті. Бұл әсіресе арпа мен қара бидайдың сабанына қатысты.
Жем-шөп қорын құру басты мәселе болып қала береді. Осы бойынша баланс жасап, сатуға арналған көлемдерді айқындау керек және әкімдіктердің сайттарына орналастыру қажет. Әрбір ұн тарту кәсіпорнынан шыққан кебек көлемі анықталу керек.
«Құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлердің қажеттіліктерін есептеп, қажет жем-шөпті олардың операторлары арқылы жеткіземіз», - деп толықтырды сөзін Е.Қарашөкеев.
Жем мен кебек бағасының негізсіз өсуіне байланысты жағдай қиындады. Қолданыстағы заңнама аясында бағаның негізсіз өсу фактілеріне жедел ден қою қажет.
«Жем-шөп пен кебек сататындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын ерекше атап өткім келеді және құрғақшылық салдарынан қиын жағдайға тап болған адамдардың қайғысынан пайда табу адамгершілікке жатпайтынын еске саламын. Сондай-ақ, бұл істе делдалдардың араласпауын қадағалау қажет», - деді министрдің м.а..
Зардап шеккен аймақтарға көмек көрсетудің аймақтық қорлары қаражат, жем жинау жұмыстарын жандандыруы керек. Көмек жеткізу логистикасын ұйымдастыру үшін аймақтық штабтар жиналған ресурстардың нақты көлемін білулері керек.
«Өз бастамасы бойынша зардап шеккен өңірлерге 150 вагон шөп (Арал ауданына 15 вагон және Маңғыстау облысының 135 вагоны) жеткізіп, тасымалдау көлемін 2000 вагонға дейін жеткізуді көздеп отырған волонтерлік ұйымдардың қызметін қолдауды сұраймын», - деп атап өтті ведомство басшысы.
Оларға ұйымдастырушылық-техникалық және өзге де мәселелерді шешуде жан-жақты көмек көрсетіп, осы жұмысқа бизнес қауымдастығын да қосу қажет.
«Мен Маңғыстау облысының әкімдігінен Қазақстанның барлық азаматтары мен ұжымдары қайырымдылық жинайтын арнайы шот ашуды өтіндім. Ауыл шаруашылығы министрлігі зардап шеккен фермерлерге және Маңғыстау облысының жеке шаруа қожалықтарына бір күндік жалақысын аударуға шешім қабылдады. Басқа компаниялар да шетте қалмайды деп ойлаймын», - деді Е.Қарашөкеев.
Дала өрті де тағы бір мәселеге айналды. Қарағанды облысында 39 мың гектар жайылымдық жер өртеніп, Ақтөбе облысының жайылымдарынан да өрт шықты.
«Барлық жерде өртке қарсы ережелерді сақтау басымдыққа ие болуы тиіс. Бұл тек мал өсірушілерге ғана емес, егін орағын дер кезінде жүргізетін диқандарға да қатысты», - деді министрдің міндетін атқарушы.
Штаб мүшелері құрғақшылық салдарын жою және алдағы қыстауға мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз ету мәселелерін шешу бойынша жергілікті жерлерде қабылданып жатқан барлық шаралар кешенін ақпараттық қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Бүгінгі жағдайды қолдана отырып, жеке «сарапшылар» мен «аналитиктер» өздерінің имиджі үшін және белгілі бір пайда табу үшін ақпараттық соғыс жүргізуде. Ал әкімдіктерден толық объективті ақпарат болмаған жағдайда жұрт соларға сенетін болады. Бұдан шаруалар зардап шегеді. Жем-шөп бағасы мұндай «сарапшылар мен аналитиктердің» қара PR акцияларынан кейін одан сайын көтеріледі.
«Болжам бойынша 3 миллион мал өлді деген ақпараттық шабуылдан кейін шөп пен кебек тағы да қымбаттады! Өңір басшыларынан бұл мәселеде жұрт үшін барынша ашық болуды сұраймын. Оларды жем-шөп дайындау барысы, жергілікті атқарушы органдардың қазіргі проблемаларды шешуде қабылдап жатқан шаралары туралы үнемі хабардар етіп отыруды сұраймын», - деді Е.Қарашөкеев.
- 11.08.2021
- 246