- Блогтар
- Нысанбаев Е.Н.
Нысанбаев Е.Н.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте жасаған баяндамасы
Құрметті журналистер!
Бүгінгі күні қазақстандықтардың, соның ішінде журналистердің қоршаған ортаны қорғауға белсене қатысуы қуантады. Бұл жағдайды біз әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында кейбір санасыз азаматтардың табиғатқа деген мәдениетсіз қарым-қатынасына айтылып жатқан наразылықтардан байқаймыз.
Барлық қазақстандықтарға және БАҚ өкілдеріне осындай белсенді азаматтық ұстанымы үшін Министрліктің атынан үлкен алғысымды білдіргім келеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та экология мәселелеріне ерекше назар аударатынын баршамыз білеміз. Жақында ол біздің Министрлікке екі маңызды міндет қойды: «Waste to Energy» технологиясын енгізу үшін заңнамалық база мен қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуді, сондай-ақ елді мекендердің маңында заңсыз қоқыстарды тастауға жол бермеу және оны жою бойынша жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды.
Мемлекет басшысының «Waste to energy» технологиясын заңнамалық енгізу жөніндегі тапсырмасына қатысты Министрлік бірқатар жұмыс атқарды.
Мен бірнеше рет атап өткенімдей, біздің еліміз бойынша қалдықтарды қайта өңдеу үлесі өте төмен. Барлығы он бес (15%) пайыз. Ал еуропалық елдерде бұл көрсеткіш 2 есе көп – орта есеппен отыз (30%) пайыз. Жасыл экономика тұжырымдамасына сәйкес біз бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай қырық (40%) пайызға дейін жеткізуіміз керек.
Алайда, бүгін Қазақстанда қоқыс шығару тарифтері төмен және ол жерде қатты-тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, кәдеге жарату шығындары ескерілмеген. Сондықтан бұл саланың инвестициалық тартымдылығы төмен.
Негізі «Waste to energy» технологиясы жеке инвесторларды қызықтыра алады. Өйткені қоқыстарды жағу нәтижесінде электр энергиясы өндіріліп, жалпы электр желісіне сатылады. Келесі жылы осындай зауыт құрылысына инвесторлар арасында алғашқы аукциондар өткізуді жоспарлап отырмыз. Электр энергиясының ең аз құнын кім ұсынса, сол аукционның жеңімпазы болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті заң жобасы әзірленді және Мәжіліс оны мақұлдады. Күзде Парламент Сенатында қаралатын болады.
Бұдан басқа, осы заң жобасында келесідей маңызды жәйт қарастырылған – жоғарыда аталған қоқыс өртейтін зауыттар «Өнеркәсіптік қалдықтар туралы» Еуропалық директиваға сәйкес талаптар бойынша жұмыс істейтін болады. Бүгінгі күні, Еуропада мұндай зауыттардың шығарындылары төмен көрсеткішке ие. Мәселен, Венада Шпиттелау қоқыс жағатын зауытында диоксин шығарындылары жылына бар жоғы 1 грамға дейін болады.
Экранға қараңыздар - мұнда еуропалық қалалардың қақ ортасында орналасқан қоқыс жағатын зауыттардың суреттері көрсетілген. Байқасаңыздар, түтін немесе шығарындылар мүлде жоқ. Еуропалықтар бұл мәселеге өте ұқыпты қарайды.
Біз мұндай зауыттарды республиканың 6 қаласында пилоттық түрде іске қосуды жоспарлап отырмыз. Олар: Ақтөбе, Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан, Тараз және Шымкент қалалары.
Потенциалды инвесторлармен жұмыс басталды. Сондай-ақ, біздің Министрлік қазір әкімдіктермен бұл мәселені белсенді түрде пысықтауда. Жер учаскелерінің, инфрақұрылымдардың болуы және қалдықтармен тиеу жұмысындағы кепілдік бойынша келіссөздер жүргізудеміз.
Заңсыз қоқыстарды тастауға жол бермеу және оны жою бойынша келесідей жұмыс атқарылуда.
Біріншіден. Біз әкімдіктермен бірлесіп ғарыштық мониторинг барысында анықталған Қазақстан бойынша барлық заңсыз қоқыс тастайтын жерлерді жоюды бастадық.
Біздің тапсырыс бойынша «Қазақстан Ғарыш Сапары» мониторинг жүргізді. Ол елу (50) км радиустағы ірі қалалардың маңындағы аумақты қамтиды. Бүгінгі күні еліміздің барлық өңірлерінде жеті жарым (7,5) мыңнан астам қоқыс орындары анықталды. Біз әкімдіктермен бірлесіп оларды жою жөніндегі жоспар жасадық. Тек соңғы он (10) күн ішінде бір мың алты жүз отыз бес (1635) заңсыз қоқыс орындары жойылды. Бұл жалпы санның жиырма (20%) пайызын құрайды.
Қарағанды және Атырау облыстарында белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді. Онда заңсыз қоқыстардың тиісінше алпыс (60%) пайыздан және қырық (40%) пайыздан астамы жойылды.
Екіншіден.
Министрлік өткен аптада әрбір өңірдегі заңсыз қоқыс орындары бойынша тұрғындардан ақпарат жинау үшін «жедел желі» жүйесін қосты. Экранда тиісті ақпаратты жіберуге болатын ватсап телефон нөмірін (8-777-595-24-90) көре аласыздар.
Алғашқы 5 күн ішінде «жедел желіге» заңсыз қоқыстар жайлы екі жүз жиырма үш (223) хабарлама келіп түсті.
Үшіншіден. Ішкі істер министрлігімен, қоғаммен, еріктілермен және журналистермен бірлесіп, біз заңсыз қоқыс орындары бойынша ауқымды қоғамдық рейдтер жүргізе бастадық.
Осы дүйсенбі күні, мысалы, елорда маңындағы заңсыз қоқыс орындарына рейд жүргізілді. Осындай рейдтер барлық өңірлерде жүргізілетін болады. Олардың нәтижелері туралы бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде үнемі хабарлайтын боламыз.
Өткен рейд барысында қалдықтардың көп бөлігі құрылыс қоқыстары екені анықталды. Өйткені, көбінесе құрылыс объектілері шартқа отыратын қоқыс шығарушы ұйымдардың полигонмен тиісті шарты жоқ.
Әрине, біз құрылыс және қоқыс шығаратын компанияларды әкімшілік жауапкершілікке тартамыз және олар рұқсатсыз қоқыс тастайтын жерлер үшін айыппұл төлейді. Бірақ, бұл айыппұлдар төмен. Яғни, компанияларға құрылыс қалдықтарын полигонға шығарудың орнына айыппұлды төлеу арзанға түседі. Мәселе осында болып отыр.
Заңсыз қоқыстар мәселесін жүйелі шешу үшін жаңа Экологиялық кодекстің жобасында Министрлік мынадай шараларды қарастырған:
1. Қоқыс шығаратын көліктерге GPS-датчиктерді міндетті түрде орнату;
2. Қалдықтарды қайта өңдеумен және кәдеге жаратумен айналысатын кәсіпорындарды лицензиялауды енгізу;
3. Қоқыс шығарушы ұйымдар үшін хабарлама тәртібіне көшу.
4. Қалдықтарға қатысты заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдату (айыппұлдарды ұлғайту). Яғни келесідей механизм жүзеге асады: қалдық болса, оны міндетті түрде кәдеге жаратып, полигонға тапсыру қажет.
Құрметті журналистер, өкінішке орай, соңғы аптада біз табиғатқа аяусыздық танытқан жәйттердың куәгері болдық.
Бұл баршамызға белгілі Ақтаудағы итбалықтарды ұрып-соғу фактісі, Бурабайдағы үйіліп жатқан қоқыстар, Алматыдағы Ботаникалық саябақтың ... Алматы маңында орналасқан Первомайдағы Қызыл кітапқа енген лотостарды жұлып алып, инстаграммға жария етуі, сондай-ақ бірегей Көбейтұз көлінен тұз шығару және сату фактілері орын алғаны. Бұл тек бізге белгілі болған жәйттер.
Осымен қалай күресу керек? Оның екі тәсілі бар:
Бірінші, бұл экологиялық білім беру
Біз халықтың экологиялық ой-санасын өзгертіп, өзіміз үлгі болып, балаларға табиғатқа ұқыпты қарауды үйретуіміз керек. Мысалы, сол қоқыстарды өзімен бірге алып кету, әсіресе оны өртемеу, балаларды өсімдіктер мен жануарларды күтуге үйрету, яғни өзіміз табиғат қорғау қызметіне белсене қатысуымыз керек. Ағаштар отырғызып, жан-жануарларды барынша қорғауымыз қажет.
Осының бәрі балалық шақтан басталады. Сондықтан да Мемлекет басшысы Білім министрлігіне балаларға экологиялық білім беретін мектептерде жаңа пән енгізуді тапсырды. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгін таңертең өзінің Твиттер-аккаунтында хабарлады.
Екіншіден, айыппұл салу
Соңғы күндері туристердің лебі көбейгенін байқаймыз. Бірақ, олар болған жерлерінде көп қоқыс қалдыруда.
Бізге жиі қоқыс бактарын орнатуға шақырады. Бірақ, тәжірибе көрсеткендей, біз неғұрлым көп бактар қойсақ, соғұрлым азаматтар көп қоқыс шашады.
Осыған орай, біз айыппұл салуға мәжбүрміз. Біз ішкі істер министірлігімен осы сұрақты пысықтады. Осы демалыс күндерінен бастап, жағдайды мониторингілеу және бірден, жергілікті жерлерде шаралар қабылдау үшін ұлттық парктер мен демалыс аймақтары бойынша рейдтер жүргіземіз. Қоқыс тастаушыларға айыппұл саламыз! Рейдтерге бізбен бірге экологтар, қоғам белсенділері мен еріктілер қатысады.
Сонымен қатар, бүгін мен Мемлекет басшысымен сөйлестім. Президент табиғатқа зиян тигізген заң бұзушыларға қатысты жауапкершілікті күшейтуді және айыппұл құнын ұлғайту жағын қарастыруды тапсырды.
Тек біздің бірлескен күш-жігеріміз ғана еліміздің бірегей табиғи байлықтарын сақтауға көмектеседі.
Сондықтан журналистерге, блогерлерге, экологтарға, қоғам қайраткерлеріне, қоршаған ортамыздың жай-күйіне немқұрайлы қарамайтындарға айтарым – барлығымыз бірігіп, өзіміз жол көрсетіп, әрбір қазақстандықты табиғатты құрметтеуге, оған қамқорлық жасауға үйретейік.
Осылай барша қазақстандықтарға ұран тастайық!
- 26.07.2020
- 437