- Блогтар
- Теміржанов М.Б.
Теміржанов М.Б.
ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы
Тәуелсіз Қазақстанның жер заңнамасының қалыптасуы мен дамуы
Жер заңнамасы қалыптасудың ұзақ жолына ие.
Мәселен, тәуелсіздік алған кезде, елде 1991 жылғы 28 маусымдағы «Қазақ КСР-індегі Жер реформасы туралы» Қазақ КСР-інің Заңы қолданылды.
1992 жылғы 26 маусымда осы Заңға өзгерістер енгізіліп, Заңның атауы мен мәтініндегі «Қазақ КСР» деген сөздер «Қазақстан Республикасы» деген сөздермен ауыстырылды.
Бұдан әрі жер қатынастары Қазақстан Республикасы Президентінің «Жер туралы» 1995 жылғы 22 желтоқсандағы № 2717 Заң күші бар Жарлығымен реттелді, оның күші Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 24 қаңтардағы Заңымен жойылды.
Сонымен қатар, 2001 жылғы 24 қаңтарда «Жер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Жер қатынастарын одан әрі дамыту мен жетілдіру жерді пайдалану мен қорғауды құқықтық реттеуде жаңа бет ашқан 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көрініс тапты.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің міндеттері: жер учаскесіне меншік құқығы мен жер пайдалану құқығының туындау, өзгеру және тоқтатылу негіздерін, шарттары мен шектерін, жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру тәртібін белгілеу; жерді ұтымды пайдалану мен қорғауды, топырақ құнарлылығын молықтыруды қамтамасыз ету, табиғи ортаны сақтау мен жақсарту, климаттың өзгеруіне бейімделу мақсатында жер қатынастарын реттеу; шаруашылық жүргізудің барлық нысандарын тең құқылы дамыту; жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттің жерге құқықтарын қорғау; жылжымайтын мүлік нарығын құру және дамыту; жер қатынастары саласында заңдылықты нығайту.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерінің жалпы ауданы 108,6 млн.гектарды құрайды, оның 27,7 млн. гектары егістік жерлерге жатады. Айта кету керек, республикада жыртуға жарамды жерлердің үлкен қоры бар, оларды шебер игерген жағдайда егістік алқаптарын едәуір кеңейтуге болады.
2018 жылғы 4 мамырда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Заң нормалары мыналарды көздейді:
- қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру институтының нормаларын сақтау және жетілдіру, мұндай жерлерді тек ҚР азаматтары мен ҚР заңды тұлғаларына конкурс арқылы берудің жеке тәртібін белгілейді, шетелдік қатысатын бірлескен кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беруге тыйым салуды енгізу (0%);
- ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға тұрақты мониторинг жүргізу: жалдаудың алғашқы 5 жылында-жыл сайын, келесі кезеңдерде суармалы егістікте-әрбір 3 жыл сайын, тәлімді егістікте-әрбір 5 жыл сайын және ауыл шаруашылығы жерлерін жалдау шартының үлгілік нысанын белгілеу;
- жалға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерін белгілеу;
- жер учаскелерін беру жөніндегі жер комиссиясының қызметін регламенттеу, оның мәртебесі мен құрамын мүшелерінің жалпы санының 50% - нан астамы жұртшылық өкілдерінің қатысуымен айқындау;
– Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық белдеуінде орналасқан жерлерді беруге тыйым салуды енгізу, шекаралық аймақтағы шектеулер – шетелдіктердің, шетелдіктермен некеде тұрған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалардың және шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының меншігіне тыйым салу;
– қорғаныс және Ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер беру жөніндегі функцияларды Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретінен жергілікті атқарушы органдарға (бұдан әрі – ЖАО) беру, ауыл шаруашылығы шығындарын өтеуден босату;
- облыстық маңызы бар қалаларды қоспағанда, елді мекендер шегінде объектілер салу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерде конкурстан тыс қоныс аударушыларға (ішкі көшіп-қонушыларға) жер учаскелерін беру;
- бау-бақша шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелерінің мөлшерін айқындау;
- ЖҚШ және ЖТҚ мақсаттары бойынша ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы жерлерін бөлуге тыйым салуды енгізу.
Сондай-ақ, осы Заңмен ЖАО-ға жеке ауладағы малды (аналық мал басын) жаюда жергілікті халықты қамтамасыз ету мақсатында ауылдық елді мекендердің айналасындағы жайылымдық жерлерді мемлекеттік қажеттілік ретінде алып қоюға мүмкіндік беретін норма енгізілді.
Бұл норма ауылдық елді мекендердің айналасындағы жайылымдардың жетіспеушілігі мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
2020 жылғы 29 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ахуалды жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Осы Заңмен жер учаскесін алу мерзімі 2 айдан 15 жұмыс күніне дейін қысқартылды, сондай-ақ белгілі бір дәрежеде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту процесі оңтайландырылды, атап айтқанда, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту үшін төлемақыны енді 10 жыл ішінде бөліп төлеуге болады.
Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге берілген өтініштерді қарау мерзімі күнтізбелік 30 күннен 13 жұмыс күніне дейін қысқартылды.
Бұдан басқа, құрылыс мақсаттары үшін жер учаскесін беру кезінде ең аз жалдау мерзімі 3 жыл болып белгіленді.
Сауда-саттық, аукциондар, конкурстар арқылы іске асырылатын жер учаскесін беру процесінде ЖАО-ның шешім қабылдау қажеттілігі алып тасталды. Осылайша, жер комиссиясының хаттамасынан кейін бірден жерді жалға алу/ сату туралы келісім жасалады.
Сондай-ақ келесі қызметтер бойынша:
- жер учаскесін беруден бас тарту туралы шешім шығару (7 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне дейін);
-жер қатынастары бөлімдерімен жерге орналастыру жобасын бекіту (7-ден 4 жұмыс күніне дейін);
-жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін меншікке беру туралы шешім қабылдауы (өтініш түскен сәттен бастап 15-тен 5 жұмыс күніне дейін).
- жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау (6-дан 4 жұмыс күніне дейін) мерзімдер қысқартылды.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамаға сәйкес құрылыс салушының құқықты уәкілетті компанияға беруі кезінде жалдау құқығын міндетті сатып алу жөніндегі талаптар алып тасталды.
Жер учаскесін пайдалану және заңнаманы бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қолдану қажеттігі туралы нұсқама түріндегі ауыртпалық жер учаскесін сатуға кедергі болмайды. Сонымен қатар, мұндай ауыртпалық «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» ҚР Заңына сәйкес мемлекеттік тіркелуге жатады, ал жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап қою мерзімі өткеннен кейін жаңа құқық иеленушіге беріледі.
Тұтастай алғанда, заң Қазақстанның "Doing Business" рейтингіндегі позициясын арттыруға және отандық кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыруға бағытталған.
2016 жылы Тұңғыш Президенттің Жарлығымен Жер кодексінің жекелеген баптарының қолданысқа мораторий енгізілгені белгілі. Бұл мораторий 2021 жылғы 31 желтоқсанда аяқталады.
Ақпан айында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге мораторий нормаларына қатысты түпкілікті саяси шешім қабылдады.
Мәселен, Президенттің заң шығару бастамасы тәртібімен 2021 жылғы 13 мамырда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Бұл заң шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының, халықаралық ұйымдардың, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтардың, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік құқығымен және уақытша жер пайдалану құқығымен қандастардың иеленуіне тыйым салуды енгізуге бағытталған.
Қазақстандықтарға қатысты мораторий нормалары бойынша, сондай-ақ жер заңнамасын жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында Жер реформасы бойынша комиссия құруды тапсырды.
Мәселен, 2021 жылғы 19 наурызда Премьер-Министрдің өкімімен Жер реформасы жөніндегі Комиссия (бұдан әрі – жер комиссиясы) құрылды.
Комиссия әзірлеген ұсынымдарды іске асыру мақсатында тиісті заң жобасы әзірленді.
Мәселен, 2021 жылғы 30 маусымда жер заңнамасын жетілдіруге, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға алу институтын реттеуге және жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Заңның негізгі өзгерістері мен толықтырулары:
- қазақстандықтарға және қазақстандық заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 49 жылға дейінгі мерзімге ұзақ мерзімді жалға беру;
- мемлекеттен сатып алмай жер пайдаланушылар арасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жер пайдалану құқығын иеліктен шығару. Бұл ретте оларды кемінде 5 жыл пайдалану мерзімі, сондай-ақ жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органды хабардар ету және кейіннен жаңа жер пайдаланушыға жалдау шартын қайта ресімдеу міндетті шарт болып табылады;
- жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау функцияларын орталық уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерін құра отырып, оның ведомствосына қайтару;
- ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің нысаналы мақсатын өзгертуге тыйым салу;
- жергілікті жағдайларға және жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарда оларды белгілей отырып, ерекшеліктеріне қарай жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін халықтың мұқтажын қанағаттандыру үшін қажетті жайылым алқаптарының аумақтарын айқындау;
- берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері туралы мәліметтерді ашық түрде орналастыру;
- ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке беруге мораторийдің қолданылу мерзімін 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту.
Қабылданған заң 2021 жылғы 30 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге жеке меншік беруге мораторийдің қолданылуын ұзарту нормасын қоспағанда, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұл заң жер қатынастарын дамытуға жағымды әсер етеді деп күтілуде.
- 31.08.2021
- 351