- Блогтар
- Сапаров А.C.
Сапаров А.C.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі
Ербол Қарашөкеев: биылғы өнімнің сапасы өте жоғары
Бүгін Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысы өтті. Үкімет мүшелері егін жинау барысы туралы ақпаратпен танысып, Павлодар облысы Екібастұз қаласының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын бекітті. Биылғы егін жинау науқанының барысы туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндама жасады.
Министр Үкімет мүшелеріне биыл АҚШ-тың Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Астық жөніндегі халықаралық кеңестің хабарламасы бойынша барлық негізгі астық өндіруші елдерде бидай өндірісінің төмендегенін хабарлады. Халықаралық кеңестің бағалауы бойынша әлемде бидай өндірісі 781,7 млн тоннаны құрайды.
«Биыл Қазақстанда жиналатын дәнді және майлы дақылдар алаңы 18,9 млн гектар. Бұл өнімдердің жалпы түсімінің болжамды көлемі нақтыланған деректер бойынша шамамен 18 млн тоннаға жетеді. Орташа өнімділік гектарына 9,5 центнерден айналады», - деді ведомства басшысы.
21 қыркүйектегі жағдай бойынша, шамамен 14,3 млн тонна дәнді және 200 мың тонна майлы дақыл жиналды. Қазір мақсары жинау жұмыстары жүріп жатыр. Аймақтар жаппай барлық майлы дақылдарды жинауға осы айдың соңында кіріседі.
Министр дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарға жеке тоқталды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша биыл дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 15,9 млн гектар егіс алқабынан жиналады. Бұл дақылдардың жалпы түсімінің болжамды көлемі шамамен 16 млн тонна. Орташа өнімділік гектарына 10,1 центнерден айналады.
«Өткен жылдан қалған астықты қоса есептегенде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өндірісінің биылғы болжамды көлемі елдің ішкі қажеттіліктерін толық қамтамасыз ететінін атап өткім келеді», - деді Е.Қарашөкеев.
Бидай мен ұн экспорты Орта Азия елдеріне, дәстүрлі түрде Иран мен Ауғанстан нарығына бағытталатын болады. Астық сапасы жоғары болғандықтан Қытайға жөнелтілетін бидай көлемі артуы мүмкін.
Жалпы, биыл егін жинау жұмыстары уақтылы басталды. Науқан қарқыны былтырғыдан жоғары. Бүгінгі күні 15,1 млн гектар (95%) егіс алқабындағы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. Өткен жылдың дәл осы күні 14,5 млн гектар алқап (91,5%) жиналған болатын. Бүгінгі таңда орташа өнімділік гектарына 9,4 центнерден айналып отыр.
Қазіргі уақытта көкөніс, картоп, бақша дақылдары мен мақта жинау жұмыстары да жүріп жатыр.
Өнімнің саны мен сапасын түсірмей сақтауды қамтамасыз ету мәселелері ведомствоның бақылауында. Өткен жылдардан қалған астық пен биылғы өнімді сақтауға мүмкіндік жеткілікті.
Республикада сыйымдылығы 29,3 млн тонна болатын астық сақтау қоймалары бар. Оның ішінде астық қабылдайтын кәсіпорындарда 12,4 млн тонна, фермерлерде 16,9 млн тонна астық сақтайтын орын бар.
Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына 1,9 млн тонна астық түсті, оның ішінде 1,67 млн тонна бидай, 163,9 мың тонна арпа және 56,4 мың тонна өзге де дақылдар (сұлы, тары, қарақұмық, күріш).
«Сонымен қатар, әкімдіктер биылғы астықты элеваторлардың уақтылы қабылдауына үнемі мониторинг жүргізіп, астықтың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстауы қажет», - деді министр.
Министр биылғы егіннің астығы жоғары сапалы көрсеткіштермен сипатталатынын айтты. Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған жұмсақ бидайдың жалпы көлемінің 91%-ы 1-3 кластарға жатқызылған. 2020 жылы бұл көрсеткіш 83,8%-ды құраған болатын. 4-5 класты және класқа жатпайтын бидайдың үлесі 2020 жылы 16,2% болған. Оған қарағанда биыл бұл көрсеткіш 9%-ға дейін төмендеді.
Құрамында клейковинасы жоғары бидай үлесінің өскені байқалады. Әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие клейковинасы 28% және одан жоғары сапалы Hi-Pro бидайының үлесі өткен жылы 59,7% болса, биыл 71,3%-ға жетті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды. Азық-түлік корпорациясының ресурсына 769,4 мың тонна (бидай, арпа, сұлы, қарақұмық, күнбағыс, зығыр, рапс, соя) көлемінде астық жеткізу жөнінде келісімшарт жасалды.
3-класты бидайды сатып алу бағасы сапасына байланысты бір тоннасы 103-107 мың теңге көлемінде, 4-класты бидай 98 мың теңге, 2-класты арпаның тоннасы 87 мың теңге болып белгіленді.
Сатып алу бағалары қазіргі ішкі нарықтың бағаларына сәйкес келеді. Бұл –фермерлердің шығындарын жабуға және табыстарын арттыруларына мүмкіндік береді.
«Әдеттегідей, Азық-түлік корпорациясының сатып алатын бағасы келісімшарттар жасасқанда бағдар болады. Бағаны әділ белгілеу астық бағасының күрт ауытқуын болдырмайды», - деді министр.
21 қыркүйектегі жағдай бойынша Азық-түлік корпорациясының ресурсына биылғы өнімнен 119 мың тонна астық жеткізілді. Бұдан бөлек, 426,3 мың тонна көлемінде астықтың резервтік қоры бар. Қажет болған жағдайда ол тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарыққа жіберілетін болады. Егін жинау науқаны мен астық қабылдау жұмыстары министрліктің тұрақты бақылауында.
- 21.09.2021
- 233